Accessibility links

Астанадағы айтыс: Балғынбек пен Айнұр


Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева. Қарауыл ауылы, Шығыс Қазақстан облысы, 15 қыркүйек 2011 ж.

Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева. Қарауыл ауылы, Шығыс Қазақстан облысы, 15 қыркүйек 2011 ж.

2011 жылы желтоқсанның 2-і мен 4-і аралығында Астанада Қазақстан тәуелсіздігінің жиырма жылдығына орайластырып «Тәуелсіз елдің таңы жарық» деген атпен өткізілген айтыстағы ақындар Балғынбек Имашев пен Айнұр Тұрсынбаеваның жыр сайысы.


Азаттық радиосы бұл айтыстың алғашқы күнгі бес жұбын 2011 жылдың желтоқсан айында берген болатын.

Үш күнге созылған өнер сайысының алғашқы күні айтысқан Бақыт Жағыпаров пен қырғыз ақыны Жеңішбек Тоқтабектің, қарағандылық Айтбай Жұмағұлов пен Қытайдан келген Гүлсімай Тоқанқызының, астаналық Әлібек пен Мейірбек Сұлтанханның, қарағандылық Дидар Қамиев пен оралдық Бауыржан Халиолланың, сол сияқты Салтанат Өтелбаева мен Сырымбек Сәрсенбаев жұптарының айтысы, өкінішке қарай, техникалық себептерге байланысты үнтаспаға жазылмай қалыпты.

Оқырмандарымыздан кешірім сұрай отырып, «Тәуелсіз елдің таңы жарық» айтысының екінші күні жазылып алынған аудиожазбаларды назарға ұсынып отырмыз.

Айтыстың екінші күні сахнаға белгілі айтыс ақындары Балғынбек Имашев пен Айнұр Тұрсынбаева шықты.

Қос ақын әлеуметтік мәселелерді қозғаудан гөрі бір-бірін жеңіл әзілдермен қағытпалауға көбірек мән берді. Айтыстың жүргізушісі Жүрсін Ерман ақындарға «Бүгінгі жырлайтын тақырыптарыңыз – тәуелсіздік» деп ескерту де жасады.

Жүрсін Ерманның ескертуінен кейін Астана орналасқан Арқа жерін Балғынбек Имашев былайша жырға қосты:

– Есілім арнасынан құт аққан жер,
Көк аспан қара жермен тұтасқан жер.
Иманжүсіп түлкіге бүркіт салып,
Айтыскер ақын Балғынбек Имашев. Алматы, 22 наурыз 2010 жыл.

Айтыскер ақын Балғынбек Имашев. Алматы, 22 наурыз 2010 жыл.

Құлтума Қорғалжыңда құс атқан жер.
Сарыарқаға ордасын тіккен екен,
Тарихта мен білетін үш ақтаңкер.
Абылайдың Көкшені жайлағанын,
Шежірелі тарихтай кітаптан көр.
Қазақтың соңғы ханы Кенесары,
Орыстың ұлықтарын мұқатқан жер.
Орындалмас арманы хан Кененің,
Алауыздық аяғын тұсатқан жер.
Нұр-ағам елорданы көшіргенде,
Есілден ырыс болып сүт аққан жер.
Баянды бостандықтың орнағанын,
Бәйтеректе бүр жарған бұтақтан көр.
Соңғы ханның сөніп қалған ұлы арманын,
Тұңғыш патшам қайтадан тұтатқан жер.

Бірде қарсыласына, енді бірде айтыстың бас қазысы – Мырзатай Жолдасбековке мадақ айтқан Айнұр Тұрсынбаева сөзінің соңын былайша аяқтады:

– Тәуелсіздіктің құны ғой,
Алданған қанша көңілдер.
Тәуелсіздіктің құны ғой,
Митталдар алған көмірлер.
Кімдерге қалған мұра еді,
Кімдерге кеткен темірлер.
Тәуелсіздіктің құны ғой,
Бар мұнайыңды сорып ап,
Жер-Ананың қойнында,
Босап бір қалған желіндер.
Тәуелсіздіктің құны ғой,
Тәуелді болған Ресейге,
Байқоңырдай өңірлер.
Тәуелсіздіктің құны ғой,
Сақ-саққа бөліп сектамен
Сандалтып кеткен сенімдер.

Айтыстың радиолық нұсқасын әр аптаның сейсенбісінде, Астана уақытымен сағат 19.30-20.00 аралығында Азаттық радиосының әуе толқынынан да тыңдай аласыздар.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG