Accessibility links

Бақыт пен Фархаттың айтысы


Бақыт Жағыпарұлы. Астана, 8 шілде 2013 жыл.

Бақыт Жағыпарұлы. Астана, 8 шілде 2013 жыл.

Шілденің 8-9-ы күндері Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Ел, Елбасы, Астана» деген атпен ақындар айтысы өтті.

Айтыстың алғашқы күні 10 жұп (20 ақын) сөз сайыстырды. Алматы атынан айтысқа қатысқан Бақыт Жағыпарұлы мен Фархат Маратұлы қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерді айтты.

«Халыққа бағытталған кейбір істер елбасын алдауға жасалатынын» сөз еткен Бақыт Жағыпарұлы елдегі көзбояушылық туралы былай деді:

– Президент бір облысқа бара қалса,
Керемет дайын жерге апарады.
Екі күнде шұрқ тесік жолды жасап,
Таусылмайды қошамет шапалағы.
Көбі сылап, билерді мақтап сөйлеп,
Бітпейді-ау шалдардың да шапалағы.
Фархат Маратұлы. Астана, 8 шілде 2013 жыл.

Фархат Маратұлы. Астана, 8 шілде 2013 жыл.

«Нұреке, тапсырмаңыз тас-түйін» деп,
Айта алмайды шынайы сапаны әлі.
Содан кейін су жаңа үйлер құлап,
Сайтанның боп шығады-ау сапалағы.

Ал Фархат Маратұлы Қазақстандағы «жетпей жүрген нәрселерді» түгендеп шықты:

– Ол рас, талайларға үй жетпей жүр,
Ал енді біреулерге сый жетпей жүр.
Елбасының жарлығын орындауға
Қайран біздің үкіметке «күй» жетпей жүр.
Жақында премьер көкем «Бізде мұнай
аз боп тұр» деп мұрнына су жетпей жүр.
«Тағы 5 миллион тонна көп өндірсек,
Жеткілікті, толады бюджет» деп жүр.
Ағайын, анығына келер болсақ,
Біздерге мұнай емес, ми жетпей жүр.

Бұл жұптың айтысында Бақыт Жағыпарұлы жеңді.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG