Accessibility links

Үкімет отырысында санкция әсері де сөз болды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министрмен және президент әкімшілігі жетекшісімен бірге отыр. Астана, 30 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министрмен және президент әкімшілігі жетекшісімен бірге отыр. Астана, 30 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан Ресейге қарсы санкцияларға байланысты жеке жоспарын жасағанын хабарлады. Үкіметтің кеңейтілген жиынында мәлім болған бұл жоспар "ел президенті Назарбаевтың тапсырмасы" екені айтылды.

Тамыздың 6-сы күні Астанада үкіметтің кеңейтілген жиынында сөйлеген экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев "әлемдік экономикадағы артып келе жатқан қауіпті ескеріп, министрлік қазір ішкі және сыртқы экономикалық көрсеткіштердің динамикасына жүйелі түрде мониторинг жасап отырғанын" айтты.

Оның сөзінше, мемлекеттік органдармен бірлесіп экономикалық түрлі сценарийлерге арналған дағдарысқа қарсы жоспарлар жасалған.

Министр Досаев АҚШ пен Еуропа Одағының Ресейге салған санкциялары күшейе түссе, Қазақстанның сол жағдайға қатысты жоспары "президент тапсырмасы бойынша" жасалғанын және ол алдағы күзде "өзекті" болатынын айтты.

"КОРРУПЦИЯМЕН КҮРЕС" ЖӘНЕ ҮКІМЕТТЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзі төрағалық еткен үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысында "көлеңкелі экономиканы қысқартуға және коррупциямен күреске жұмсауға" шақырды. Ол "барлық ұйымдастырылмаған базарларды жауып, дұрыс сауда орындарын салу керек" деді.

Президент Назарбаев Қазақстан экономикасының 20-30 пайызға жуығы "көлеңкеде" деген дерек айтты. Оның сөзінше, "коррупциялық мәселелердің негізгі көзі - тендерлерде". Бірақ президент "бірқатар шараларды атқарды және тапсырмамның біразын орындады" деп, үкіметтің жалпы жұмысына "қанағаттанарлық" деген баға берген.

Бұған қоса Қазақстан президенті әр саланың басшыларына "әлемдік экономикадағы, ТМД мен аймақта болып жатқан қазіргі жағдайды назарда ұстап, қазіргі экономикалық саясатқа мұқият талдау жасауға" кеңес берді.

Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы жиынында Нұрсұлтан Назарбаев "12 министрлік пен 30 комитеттен тұратын үкіметтің жаңа құрылымын жасақтауға шешім қабылдағанын" айтты.

Ақорданың Twitter-дегі парақшасында хабарлауынша, құрамына экономика, өңірлік даму министрліктері, статистика және бәсекелестікті қорғау агенттігі кіретін ұлттық экономика министрлігі құрылмақ.

Денсаулық сақтау мен әлеуметтік қорғау министрліктері бірігіп, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету министрлігі болып қайта құрылмақ. Оны Тамара Дүйсенова басқарады. Мәдениет және спорт саласы бір министрлікке бірігіп, оны Арыстанбек Мұхамедиұлы басқарады.

Энергетика министрі Владимир Школьник болмақ.

Қазақстан президенті Назарбаевтың айтуынша, төтенше жағдайлар министрлігінің өкілеті ішкі істер министрлігіне беріледі.

Қаржы полициясы жойылып, оның міндеті жаңа құрылатын мемлекеттік қызмет істері және коррупциямен күрес жөніндегі агенттікке берілмек.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG