Accessibility links

ЕАЭО дағдарыстан шығар жол іздейді


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (солдан оңға қарай), Беларусь президенті Александр Лукашенко және Ресей президенті Владимир Путин. Астана, 20 наурыз 2015 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (солдан оңға қарай), Беларусь президенті Александр Лукашенко және Ресей президенті Владимир Путин. Астана, 20 наурыз 2015 жыл.

Астанадағы үшжақты кездесуде Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) елдерінің басшылары мұнай бағасының арзандауына байланысты дағдарыстан шығу жайын талқылап, Украинадағы жағдайды сөз етті. Мәскеу валюта одағын құруды ұсынса, Минск өзара тауар айналымын ұлғайту үшін әкімшілік кедергілерді жоюға шақырды.

ДАҒДАРЫС АУЫРТПАЛЫҒЫ

Жұма күні Астанада өткен Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) елдері басшыларының кездесуінде Ресей президенті Владимир Путин Беларусь пен Қазақстанға валюта одағын құру туралы ұсыныс білдірді.

«Келешекте валюта одағын қалыптастыру мүмкіндігі туралы сөз қозғайтын мезгіл жетті деп ойлаймын» деген Ресей басшысы сыртқы қаржы-экономикалық қатерлерге қарсы тұрып, бірлескен рынокты қорғау «иық түйістіре жұмыс істегенде» жеңілірек болатынын мәлімдеген.

Қырым аннексиясы мен Украинаның шығысындағы жанжалға араласуына байланысты Батыс елдері тарапынан Ресейге салынған санкциялар және әлемдік нарықтағы мұнай бағасының арзандауымен қатар рубльдің құнсыздануы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге де әсер еткен.

«Еуразиялық одақта да тауар айналымы азайды. Мұндай қауіп болуы ықтимал екенін болжағанбыз» деп мәлімдеген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі дағдарысқа энергия ресурстары мен ЕАЭО елдері өндіретін тауарлар бағасының арзандауы себеп болғанын айтты. Сонымен бірге ол биылғы жыл ЕАЭО үшін үлкен сынақ болады деген ойын білдірді.

Назарбаевтың сөзінше, Ресей мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 20 пайызға кеміген.

Беларусь президенті Александр Лукашенко «сынаққа қарсы бірге тұруға дайын болу» қажеттігін айтты. Ол Ресей президентінің «батыс біздің тарихымызды қайта жазып бергісі келеді» деп жақында айтқан сөздерін қоштай сөйлеп, екінші дүниежүзілік соғыста жеңістің 70 жылдығын тойлауға Мәскеуде өтетін мерекеге қатысуға баратынын мәлімдеген.

«Ал оған дейін, Қазақстан президенті ұсынғандай, үкіметтеріміз кездесіп, барлық мәселелерді (экономикалық – ред.) талқылап, шешім қабылдауы тиіс» деген Лукашенко.

Беларусь басшысы ЕАЭО елдерінде өндірілген өзара тауар айналымын ұлғайту үшін әкімшілік кедергілерді жоюға шақырды.

УКРАИНА МӘСЕЛЕСІ

Үш президенттің Астанадағы кездесуінде Украинадағы жағдай да талқыланды.

«Минскіде жасалған келісімнің арқасында қарулы жанжалды кезең-кезеңімен басу үшін шынайы мүмкіндік туды. Киевтегі билік Минскіде қол жеткен келісімдерді толық орындайды деп үлкен үміт білдіреміз» деп мәлімдеген Владимир Путин.

Қазақстан президенті Украина қалыптасқан жағдайдан тек дипломатиялық жолмен шешуі мүмкін екенін айтқан.

«Қабылданатын кез-келген шешім халықаралық құқықтың іргелі принциптеріне негізделуі маңызды. Біз Украинаның тұрақты, тәуелсіз, территориясы біртұтас мемлекет болғанына мүдделіміз» деген Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесу соңында Беларусь президенті Қазақстан мен Ресей басшыларына бүгінгі келісілген шараларды іске асыру жолын талқылау үшін жеңістің 70 жылдығын тойлау мерекесі алдында, мамырдың 8-і Мәскеуде тағы бас қосу туралы ұсыныс айтты.

Қазақстан, Беларусь және Ресей арасындағы Еуразия экономикалық одағы туралы келісімге үш ел президенттері 2014 жылы мамырдың 29-ы күні Астанада қол қойған. Бұл одақ биыл қаңтардың 1-інен бастап күшіне енген.

Астанадағы кездесуден Азаттықтың видеосюжеті:

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG