Accessibility links

«Мысық-кафені» зоопаркпен шатастырмауды сұрайды


Қарағандылық ерлі-зайыпты Астанада «5-округ» аталатын «мысық-кафе» ашты. Ол антикафе форматында жұмыс істейді. Әзірге мұнда екі мысық бар, дәмхана қожайындары мысықтарын көбейтетіндерін айтады.

Антикафе тамыз айының аяғында ашылған. Мұнда келушілер аяқ киімдерін кіре беріске шешіп, қолдарын жуады. Одан соң кішкентай үстелдер қойылған бөлмеге немесе Play Stashion ойын құрылғысы бар залға кіреді. «Мысық-кафе» қожайындарының айтуынша, қонақтардың жайланып отырып шай ішуіне, тақталы ойындар ойнауына, интернет қарауына және Жером және Базилик деген екі мысықтың сүйкімді қылықтарын қызықтап, олармен ойнауына болады.

Дәмхананың жаңа түрі – антикафеге келген жұрт ішкен тамағы емес, мұнда өткізген уақыты үшін ғана ақша төлейді. Мұнда әдеттегі дәмханадағы сияқты ыстық тамақ болмайды, шай, печенье, тәтті тағамдар сияқты жеңіл-желпі ауқат ұсынылады. Бірақ тамақты үйден ала келуге де болады. Әдеттегі дәмханаларға балама орын ретінде жабдықталған антикафеге келушілер жұрттан бөлектенбей, бір-бірімен танысып, араласып отырады.

«Мысық-кафе» қожайындары ерлі-зайыпты Дархан мен Эльмира. Астана, 3 қыркүйек 2014 жыл.

«Мысық-кафе» қожайындары ерлі-зайыпты Дархан мен Эльмира. Астана, 3 қыркүйек 2014 жыл.

- «Кафе» сөзін естіген жұрт әдеттегідей мұнда да салат, бірінші, екінші ыстық тамақ береді деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл - мысықтары бар кафе емес, мысықтары бар антикафе. Мұнда келген адам бос уақытын жайлы жерде өткізіп, көңілі қалаған іспен айналыса алады. «Мысық-кафеде» өткізген алғашқы сағат 700 теңге тұрады, кейін әр минутына 10 теңгеден қосылады. Ал төрт сағаттан кейін лимиттік шектеу алынып тасталады. 2 мың 500 теңге төлеген адам «мысық-кафеде» таңғы сағат 10-нан кешкі 11-ге дейін болады, - дейді кафе қожайыны Дархан Қалиев.

Талай жыл пәтер жалдап тұрып, мысық ұстауға жағдайы болмаған ерлі-зайыптылар ойлана келе жұрт алаңсыз демалып, мысықтарды қызықтап, тамашалайтын орын ашуды ұйғарған.

Ерлі-зайыптылардың «мысық-кафе» ашқанға дейін өз кәсібі болған. Екеуі бұрын Қарағанды қаласында жастар киімін сататын бөлім ашқан екен. Бірақ бизнес ойдағыдай жүрмеген соң, оны сатып, бір жылдан кейін осы антикафені ашқан. Дархан бұрын ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеген, ал Эльмира портрет салумен айналысқан.

Негізгі мақсатымыз – кафеге келген жұртқа ұнатқан мысығын үйіне алып кетуіне мүмкіндік беру. Мұнда адамды жатырқамайтын, тістеп, тырнамайтын мейірімді мысықтарды таңдап аламыз.

Ерлі-зайыпты Қалиевтер алғашқы екі мысықты Астанадағы қаңғыбас жануарларды паналататын «Ковчег» мекемесінен бір көргеннен ұнатып, алған.

- Негізгі мақсатымыз – кафеге келген жұртқа ұнатқан мысығын кейін үйіне алып кетуіне мүмкіндік беру. Біз мұнда адамды жатырқамайтын, тістеп, тырнамайтын мейірімді мысықтарды таңдап аламыз. Бірақ олардың тым жайбасар, еріншек болмай, ойынды жақсы көретін мысықтар болғаны да жақсы, - дейді Дарханның келіншегі Эльмира Қалиева.

«Мысық-кафеге» көбінесе 30 жасқа дейінгі жастар келеді. Бірақ Эльмира Қалиеваның айтуынша, кішкентай балаларымен келетіндер де бар. Бірақ бұл дәмхана жануарларды жақсы көретін жастар мен ересектер үшін ашылған.Бірақ әзірше келушілердің ешқайсысы үйіне антикафеден мысық алуға тілек білдірмеген.

«5-округ» аталатын антикафенің Базилик атты мысығы. Астана, 3 қыркүйек и2014 жыл.

«5-округ» аталатын антикафенің Базилик атты мысығы. Астана, 3 қыркүйек и2014 жыл.

- Өкінішке орай, кейбір адамдар жануарларды ойыншық көреді. Мысықтар қашып кетсе, алып келуімізді талап ететіндер бар. Бірақ мақұлық болса да, жануарларда да мінез бар ғой, оларға бірдеңені күштеп істетуге болмайды, - дейді Эльмира Қалиева.

«Мысық-кафеде» мұндайға жол берілмейді. Қожайындар адамға ғана емес, жануарларға да құрметпен қарауды сұрайды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG