Accessibility links

«Ұмыт қалған батырлар» туралы кітап туыстарының көмегімен жазылды


«Ұмыт қалған қаһармандар. Совет Одағының батырлары» кітабының авторы Берік Әбдіғалиұлы (оң жақта). Астана, 4 мамыр 2015 жыл.

«Ұмыт қалған қаһармандар. Совет Одағының батырлары» кітабының авторы Берік Әбдіғалиұлы (оң жақта). Астана, 4 мамыр 2015 жыл.

Астанада екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандықтардың беймәлім ерліктері туралы «Ұмыт қалған қаһармандар. Совет Одағының батырлары» кітабының тұсаукесері өтті. Кітап материалын жинау үшін автор халықтың көмегіне жүгінген.

«Ұмыт қалған қаһармандар. Совет Одағының батырлары» кітабының авторы – саясат ғылымы кандидаты, Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Берік Әбдіғалиұлы. Оның айтуынша, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан әрі кезінде Совет Одағы батыры атағына ұсынылып, бірақ түрлі себептермен награданы алмаған 10 қазақстандық туралы 64 беттен тұратын жинақтың материалын бес жыл бойы жинаған. Берік Әбдіғалиұлы басылымға «Халық қаһарманы» акциясы аясында жиналған құжаттар мен нақты айғақтар енгенін айтады.

«Туыстарыңыздың арасында ерлігі танылмаған жандар бар болса немесе мұндай фактілерді білсеңіздер, хабарласыңыздар» деген өтінішпен халықтың көмегіне жүгіндік. Ақыры 10 адам туралы дерек жиналды. Олардың есімдері жуырда ғана анықталды, туыстары бізді өздері тапты. Соғысқа қатысқан жанның бәрі батыр ғой, бірақ олардың арасында Совет Одағы батыры атағына ұсынылғанымен, наградасын алмай, ұмыт қалғандары бар, - дейді Берік Әбдіғалиұлы.

«Ұмыт қалған қаһармандар. Совет Одағының батырлары» кітабының алғашқы беті. Астана, 4 мамыр 2015 жыл.

«Ұмыт қалған қаһармандар. Совет Одағының батырлары» кітабының алғашқы беті. Астана, 4 мамыр 2015 жыл.

Кітапта екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 10 адамның беймәлім ерлігі жайлы баяндалады. Мысалы, Семей облысының тумасы Төлеуғали Әбдібеков, автордың пікірінше, ең үздік совет мергендерінің бірі болған, бірақ Совет Одағының жоғарғы атағын ала алмай қалған. Кітапқа енген құжаттарда оның «397 жаудың көзін жойғаны» айтылады. Оған батыр атағын репрессияланған туысы кесірінен бермеген.

Кітапта 1941 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Сайқын ауылынан қызыл армияға – 316-атқыштар дивизиясының 1077-полкіне шақырылған Аманша Меңдіғалиевтің ерлігі туралы да дерек бар. Дивизия Алматыда генерал-майор Иван Панфиловтың басқаруымен жасақталған. Аманша Меңдіғалиев Мәскеу түбіндегі шайқаста көрсеткен ерлігі мен табандылығы үшін «Мәскеуді қорғаудағы ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Кітап презентациясына оның туысы да қатысты. Бірақ ол кісі «Азаттық радиосы сияқты БАҚ-қа сенбеймін» деген уәжбен Азаттық тілшісімен сөйлесуден бас тартты.

Презентацияға жиналғандардың арасында кітапты шығаруға көмек көрсеткен президенттік «Нұр Отан» партиясы өкілдері, парламент депутаттары, қорғаныс министрлігі мен «Қазақстан азаматтық альянсы» ұйымы өкілдері көп болды.

Презентация Қазақстан ұлттық мұражайында өтті. Мұражайдың келесі қабатында «Жеңіске тағзым» көрмесі ашылды. Көрменің ашылу рәсіміне екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері қатысты. Олардың арасында болған тыл ардагері Виктор Шепелев кітапты оқымаған, бірақ жинақ авторлары «ұмыт қалған қаһармандардың» еңбегінің лайықты бағалануына қол жеткізуі тиіс деп санайды. Сегіз жасынан Көкшетау облысындағы ауылда жұмыс істегенін айтқан ол «әуелі масақ тердім, кейін мал айдадым, ал шешем соқамен жер жыртты» дейді.

Тыл ардагері Виктор Шепелев. Астана, 4 мамыр 2015 жыл.

Тыл ардагері Виктор Шепелев. Астана, 4 мамыр 2015 жыл.

- Үйде үш баламыз, шешемнің інісі де кәмелетке толмаған, кәрі әжем болды. Жалғыз шешем ғана жұмыс істеді. Маған жазатын аз-маз еңбеккүндері дәтке қуат қана болатын. «Бәрі жеңіс үшін» ұраны сегіз жасымнан құлағыма сіңген, - дейді Виктор Шепелев.

«Ұмыт қалған қаһармандар. Совет одағы батырлары» кітабында «фашизмге қарсы күреске 1 миллион 366 мың 164 қазақстандық қатысты, оның жартысына жуығы - 602 мың 928-і шайқас алаңынан оралмады. Ал 700 мың адам еңбек армиясында тер төкті» деп жазылған.

Кітап биыл сәуірде 500 дана тиражбен шыққан. Берік Әбдіғалиұлы қазақстандық белгісіз батырлар туралы жоба әлі жалғасатынын айтты.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG