Accessibility links

Бюджет сапасы үшін жауапқа тартуды ұсынады


Көпірден өтіп бара жатқан адам. Астана, 24 наурыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Көпірден өтіп бара жатқан адам. Астана, 24 наурыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Есеп комитеті республикалық бюджетті жоспарлау сапасы үшін заң жүзінде жауапкершілік қарастыруды ұсынады. Республикалық бюджеттің орындалуын қадағалайтын есеп комитеті төрағасы Қозыкөрпеш Жаңбыршин «бюджетті жоспарлау сапасы нашар» деп мәлімдейді.

Есеп комитеті төрағасының айтуынша, бюджетті сапасыз жоспарлау салдарынан «ондаған, жүздеген миллиард теңге игерілмей қалады». Былтыр республикалық бюджет екі мәрте нақтыланып, параметрлері 24 рет түзетілген. Қозыкөрпеш Жаңбыршиннің пікірінше, бұл «бюджетті қалыптастыру мен орындау кезінде жоспарланған тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуге кедергі болған».

Оның дерегінше, бюджет заңын бұзғаны үшін 2014 жылы 262 шенеунік тәртіптік және әкімшілік жауапқа тартылған, жалпы сомасы 642 миллиард теңгенің (3 миллиард 400 миллион доллар) қаржылық заң бұзушылығы анықталған.

– Жалпы заң бұзушылықтар ішінде 541 миллиард 700 миллион теңгенің қаржылық, 101 миллиард 100 миллион теңгенің процедуралық сипаттағы заң бұзушылығы мен бюджеттің 162 миллиард 900 миллион теңгесі мен мемлекеттік активі тиімсіз пайдаланылғаны анықталды, – дейді Қозыкөрпеш Жаңбыршин.

«СОЗЫЛМАЛЫ ДЕРТ»

Қозыкөрпеш Жаңбыршиннің дерегінше, қаржылық заң бұзушылықтарға көбінесе бюджет қаржысын жұмсау, мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізу, мемлекет активтері мен кірісін пайдалану кезінде жол берілген.

– «Дұрыс жоспарламапты» деп ақталады. Бюджеттің орындалуына жауапты бюджеттік бағдарлама администраторлары сияқты, орталық және жергілікті жоспарлау өкілетті органына да жоспарлау сапасы үшін заң жүзінде жауапкершілік қарастыру қажет, – дейді Қозы Көрпеш Жаңбыршин.

Қазақстан қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, «жоспарлау сапасы – бюджетті жоспарлаудың нәтижені көздейтін элементтерінің бірі».

Білім және ғылым министрлігі кейін мемлекеттік сараптама төмен бағалап, жабылып қалған 250 ғылыми жобаны 2 миллиардтан аса теңгеге қаржыландырған.

Биыл сәуірде «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында Қозыкөрпеш Жаңбыршин бюджет заңын бұзу фактілерінен мысалдар келтірген. Оның дерегінше, «кейін мемлекеттік сараптама төмен бағалап, жабылып қалған» 250 ғылыми жобаны білім және ғылым министрлігі 2 миллиардтан аса теңгеге қаржыландырған. Оның ақпаратына сәйкес, Қостанай облысында «республикалық бюджет есебінен 1 миллиард 300 миллион теңгеге салынған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың үш объектісі пайдаланылмай тұр».

Экономика ғылымы докторы, профессор Бейсенбек Зиябеков бұл заң бұзушылықтар қазір Қазақстанда «созылмалы дертке» айналған республикалық бюджетті әу бастан дұрыс жоспарламауға байланысты туындайды деп есептейді. Оның пікірінше, бюджеттік жоспарлау Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму жоспарымен тығыз байланысты.

– Ал экономиканы ақшасыз қалай дамытуға болады? Меніңше, шенеуніктер бұл мәселенің маңыздылығын әлі жете түсінбеген тәрізді. Бюджетті қалаған кездерінде өзгерте салады, ұлғайтып не кеміте салады. Бұл іспен айналысатын адамдардыңбіліксіздігі мен жауапсыздығы – республикалық бюджеттің осылай жиі өзгеріске ұшырауының жалғыз себебі, – дейді Бейсенбек Зиябеков.

Экономистің пікірінше, Қазақстанда бюджеттік жоспарлаудың мәнін дұрыс түсінбейді. Оның айтуынша, әуелі ақша-несие саясатын жоспарын құрып алып қана бюджеттік саясатқа кірісу керек.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG