Accessibility links

Ақылы автожол көліктен артық ақша сұрайды


Астана - Бурабай автобанындағы жұмысшылар. 25 мамыр 2013 жыл. Көрнекі сурет.

Астана - Бурабай автобанындағы жұмысшылар. 25 мамыр 2013 жыл. Көрнекі сурет.

Мамырдың соңынан бастап ақылы болған Астана-Бурабай автобаны 75 миллион теңге пайда түсіріп үлгерген. Алайда жүргізушілер ақы төлеу жүйесінің кем тұстарын айтып налиды.

Ұзындығы 200 шақырымдық Астана-Бурабай ақылы тас жолын қадағалаушы «ҚазАвтоЖол» мекемесінің өкілі Мейрамбек Темірханның сөзінше, жол бойына орнатылған терминалдарға тәулігіне орташа есеппен 3 миллион теңге табыс түсіп тұр.

АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ АЗ ТӨЛЕЙДІ

Ал төлемақы әр көліктің салмағы мен көлеміне қатысты белгіленеді. Мысалы, Астанадан Щучинск қаласынан дейін жеңіл көлік үшін 200 теңге, ал 2,5 тоннадан 10 тоннаға дейін жүк арта алатын көліктер 1000-4000 теңге арасында ақы төлейді. Көліктердің сол сәтте артқан жүгі емес, олардың жалпы қанша тоннаға дейін жүк тиеп жүре алатыны ескеріледі.

Мейрамбек Темірхан - "ҚазАвтоЖол" АҚ департаментінің директоры. "Астана-Щучинск" автобаны, 25 шілде 2013 жыл.

Мейрамбек Темірхан - "ҚазАвтоЖол" АҚ департаментінің директоры. "Астана-Щучинск" автобаны, 25 шілде 2013 жыл.

– Ауыл тұрғындары үшін де арнайы төлемақы қарастырылған. Жол бойында 5 аудан бар. Төлем осы 5 аудан үшін 5 түрлі болып есептелген. Мысалы, Шортанды ауданында (Астанаға жақын аудан – ред.) тіркелген жеңіл көліктер бір бағытқа 200 емес, 30 теңге төлейді. 10 тоннаға дейінгі жүк көліктері бір жаққа 4000 емес, 1300 теңге төлейді, - деді Мейрамбек Темірхан Азаттыққа.

Ақылы жолдың табысы мезгілге де байланысты. Мәселен, жазғы демалыс күндері Бурабайға баратын жеңіл көліктер көбейеді. Есесіне, сенбі-жексенбі күндері демалатын жүк көліктері азаяды. Демалыс күндері жеңіл көліктер терминалға көп төлегенімен жүк көліктері жүретін жұмыс күндері сияқты айтарлықтай пайда түсірмейді.

– Қыс кезінде бір күнде өтетін көлік саны жаздағы 8 мыңнан 5 мыңға дейін дейін түсуі ықтимал, - деп болжайды Мейрамбек Темірхан.

«60 ТЕҢГЕНІҢ ОРНЫНА 4 МЫҢ СҰРАЙДЫ»

Бірақ төлемақы қабылдау жүйесі ресми түрде нақты көрінсе де, іс жүзінде олай емес болып шықты.

Шортанды ауылының тұрғыны Еркебұлан Жырғауұлы Азаттық тілшісіне ақылы автожол терминалына қатысты өзі байқаған мәселелерді айтып берді. Ақылы жолмен күніне бірнеше мәрте өтетін ол Астанаға барған сайын түрліше ақы төлейтінін айтады. Оның сөзінше, камералар арқылы көліктің жол бойындағы қай ауылдан шыққанын бақылап, оның қанша ақша төлеуі керектігін анықтап беретін компьютер бірде 100, енді бірде 300 теңге сұрайды. Тіпті, терминалдың 60 теңгенің орнына 4 мың теңге төлеуге міндеттеген кезі де болған.

Еркебұлан Жырғауұлы - Шортанды ауылының тұрғыны. Ақмола облысы, 26 шілде 2013 жыл.

Еркебұлан Жырғауұлы - Шортанды ауылының тұрғыны. Ақмола облысы, 26 шілде 2013 жыл.

– Терминал адамдары маған «Камера түсіретін аумаққа дұрыс келмедің. Терминалға жақындап келуің керек. Камера танымай қалады. Оның түсіру аумағы тар» деді. Кейін шегініп, бірнеше рет терминалға жақындадым. Ақыры төлемақыны арзандатты, - дейді ол.

Терминалдың төленуі тиіс қаражаттан артық сома сұрауы болып тұратынын автобан жұмысына жауапты мекеме қызметкері Мейрамбек Темірхан да растайды. Оның сөзіне қарағанда, мұндай қателік автокөліктердің терминалға дейін бақылау камерасына «дұрыс түспеуіне» байланысты.

– Көліктер бір-бірінің соңынан ілесіп, тіркесіп келетін болса немесе үстіне жүк тиеп алса, камера ол көлік жайындағы ақпаратты оқи алмайды. Сөйтіп жүйе қателеседі. Мұндай жағдайда көлік қайта тексеруден өткізіледі. Сол мақсатта мұнда арнайы екі оператор тәулік бойы отырады, - деді ол.

Азаттық тілшісі сөйлескен кейбір жүргізушілер ақы төлеу жүйесінен бөлек кептеліс мәселесі бар екенін де айтты.

Нұрсаит Машанұлы - Шортанды ауылының тұрғыны. Астана, 26 шілде 2013 жыл.

Нұрсаит Машанұлы - Шортанды ауылының тұрғыны. Астана, 26 шілде 2013 жыл.

– Автобан көңілімнен шықпайды. Жұма, сенбі, жексенбі күндері үнемі кептеліс болып жатады. Кем дегенде 2 сағат тұруға тура келеді, - дейді Шортанды ауылының тұрғыны Нұрсаит Машанұлы.

Жүргізушілерді ақылы трассаға балама тегін жолдың салынбағаны да алаңдатады. Макинск кентінің тұрғыны Николай Павликов:

– Бұлар ақылы жол салатын кезде бұрынғы тегін жолды қалдырулары керек еді. Жалпы, терминал жүйесі көп қателеседі. Олай болса, ең әуелі сол жүйені ретке келтіріп алулары керек еді, - дейді.

Астанадан ақылы жолмен Щучинскіге шыққан көлікті трасса басындағы терминалдың бақылау камерасы түсіріп алады. Бұл жерде көлік иесі ақы төлемейді. Ақы жолдың біткен жерінде, мысалы, Щучинскіге кіре берістегі терминалда төленеді.

Астана-Бурабай автобанымен жүргені үшін ақша төленгені туралы түбіртек. 29 шілде 2013 жыл.

Астана-Бурабай автобанымен жүргені үшін ақша төленгені туралы түбіртек. 29 шілде 2013 жыл.

Егер Астанадан шыққан жүргізуші Щучинскіге жетпей жол бойындағы ауылдардың біріне барып кері оралса, оның кейін бұрылған жері сол елдімекеннің тұсына орнатылған камера арқылы тіркеледі де, көлік иесі кейін қарай Астанаға кіре берістегі терминалда тиісті ақысын төлейді.

Азаттық тілшісі сөйлескен жүргізушілер осы камераларға көлік маркасы мен нөмірінің анық түспей қалатынын айтып шағымданды. Одан бөлек үстіне жүксалғыш қойып алған жеңіл көліктерді камерамен бақылау жүйесі жүк көлігі ретінде санап жіберетін кездер де жиі кездесіп жатыр.

Терминалға жауапты «ҚазАвтоЖол» өкілі бұл мәселелерді болашақта реттелетін, уақытша қиындықтар деп санайды. Мамыр айының соңында ресми түрде ашылған ұзындығы 200 шақырым «Астана-Бурабай» автобаны – Қазақстандағы алғашқы ақылы жол.

XS
SM
MD
LG