Accessibility links

Астананың ауруханасынан қашып шыққандай болдым


Балалар жұқпалы аурулар ауруханасында ем алып жатқандар. Астана, 16 қаңтар 2011 жыл.

Балалар жұқпалы аурулар ауруханасында ем алып жатқандар. Астана, 16 қаңтар 2011 жыл.

Астанадағы балалар жұқпалы аурулар ауруханасында төрт күн жатып шыққан соң ең алдымен денсаулық сақтау министрлігі мен басқармасының сайтын қарап шықпақ болдым. Ондағы ойым елімізде, оның ішінде Астанада жұқпалы аурулар мәселесі қандай жағдайда екенін білу еді.


Бірақ алдымен ауруханаға апарған барлық заттарымызды кір жуғыш мәшинеге салып, өзім жуынып алу үшін ваннаға ендім (дәрігерлер баланы бес күнге дейін шомылдыруға тиым салған).

«ТҰРАҚТЫ ТҮРДЕ ТӨМЕНДЕУ ҮРДІСІ...»

Бірден айта кетейін: дәрігерлерге де, көрсетілген қызметке де тағар кінәм жоқ. Бұл аурухананың дәрігерлері мен медбикелері өз жұмыстарына асқан жауапкершілікпен қарай ма деген ой қалды менде. Медбикелер уақытында келеді, өз жұмыстарын жақсылап атқарады. Жаңадан түскендерге бірден кезекші дәрігер келеді. Тіпті түн ортасында да медбикелерді өздерінің жұмыс орындарынан көруге болатын.

Бұны мен өзге ауруханалармен салыстыра айтып отырмын. Мәселен, осының алдында ғана перзентханада жатқан кезімде ішімді басып алып,
Балалар жұқпалы аурулар ауруханасындағы нұсқау тақтайша. Астана, 16 қаңтар 2011 жыл.
медбикелерді түн ортасында кабинеттерден, тіпті өзге қабаттардан іздеу жиі болып тұратын.

Балалар жұқпалы аурулар ауруханасына айтар шағымың болса, сенім телефоны жұмыс істейді екен. Тіпті, аурухананың өзінің жеке сайтының болуы да таңдандырмай қоймады. Айтпақшы, кейбір министрліктердің сайттарымен салыстырғанда мұнда ақпараттар жиі жаңаланып отырады екен. Жаңалықтар Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 65 жылдығына байланысты ақпараттармен тоқталып қалмаған.

Аурухана сайтындағы «Медициналық қызмет көрсетуге байланысты сіздің құқыңыз бұзылған жағдайда ұйым басшылығына немесе емделушілердің құқын қорғау жөніндегі қоғамдық ұйым басшылығына арыз-шағымыңызды (жазбаша немесе ауызша түрде) мына телефондар арқылы беруіңізге болады» деген хабарландырудың соңында аурухана басшыларының аты-жөндері мен барлық телефондарының берілуі де ұнады. Дәл осы жерде медициналық және фармацевтік қызметке бақылау жасау жөніндегі комитет пен денсаулық сақтау басқармасының телефондары көрсетіліпті.

Сонымен, денсаулық сақтау министрлігінің сайтында былай депті: «Бүгін ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Кеңес Оспановтың қатысуымен Қазақстан Республикасы санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің қорытынды алқа мәжілісі болды. Денсаулық сақтау министрлігінің сайты 2010 жылы республикада халықтың жұқпалы және паразитарлық аурулармен ауыруының тұрақты түрде төмендеу үрдісі болғанын хабарлайды. Оба, тырысқақ, дифтерия, туляремия, паратифа, сіреспе ауруларымен ауыру оқиғалары тіркелген жоқ. Жұқпалы аурулардың 21 түрі бойынша төмендеу үрдісі байқалған».

Бұл ақпарат мені кәдімгідей қуантып, көңілімді жайландырып тастады. Мұндай аурулардан құдай сақтасын. Бірақ мұндай жұқпалы аурулар жаппай тараса, ең алдымен оған балалардың шалдығатыны анық.

«Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары, сонымен бірге Астана мен Алматы қалаларында сырқаттанғандар саны өсті. Негізінен 14 жасқа дейінгі балалар ауырады. Жалпы, сырқаттанғандардың 69,8% осы жастағылар», – деп жазылған министрліктің сайтында.

Дәл осы жерде біздің медициналық мекемелеріміз осы сырқаттардың барлығын дұрыстап емдей алмайды-ау деген күдік, тіпті қауіп келді ойыма.

ОН АДАМДЫҚ ПАЛАТА

Балалар жұқпалы аурулар ауруханасының қабылдау бөлімі жексенбі күні де адамға толы. Ұзын-сонар кезек. Жылаған бала, жұбатып әлек болған ата-ана. Әр 20-30 минут сайын жедел жәрдем сырқаттанған балаларды алып келеді. Асып-сасқан ата-аналар кезекке қарамастан сырқат балаларды қарап жатқан дәрігердің бөлмесіне ұмтылады. Сол-ақ екен кезекте отырған ата-аналар: «Өңмеңдеп қайда барасыз? Кезекке тұрыңыз!» десе, жаңа келгендер: «Қайдағы кезекті айтып отырсыз? Бізді жедел жәрдеммен әкелді!» дейді қоқиланып. Ал кезекте отырғандар: «Біз де бұл жерге автобуспен келген жоқпыз» дейді кекесінмен.

Екі жарым сағаттан соң біз де қабылдауға іліндік-ау! Міне, енді палатадамыз. Біздің алдымызда бұл палатаны сырқаттардан босатқан. Бұл
Балалар жұқпалы аурулар ауруханасындағы қабылдау бөлмесінің есігі. Астана, 16 қаңтар 2011 жыл.
жаңа түскен балалар мен олардың аналарына арналған палата. Арада екі сағат өткен соң палатадағылардың саны онға жетті. Бес бала, бес ана.

Медициналық қызметкерлер палатадағы балалар мен олардың аналарына көрші палатадағылармен араласуға қатаң тиым салады. Сырқаттар бұл талаптың барлығына түсіністікпен қарап, орындауға тырысты.

Көрші төсектегі әйел келесі палатада өзінің үлкен баласымен бірге жатқан анасымен ұялы телефон арқылы сөйлеседі. Олар үш күн бұрын түскен екен. Бір-бірлерін көруге болмайды. Ұялы телефон арқылы шешесінен телефонды зарядтайтын құралды сұраған көрші келіншек оны дәліздегі бір жерге тастап кету керегін, содан соң өзі барып алып кететінін айтып жатты. Тура бір тыңшылар туралы кинодағы сияқты күлкілі.

Шай сұрағысы келсе де, қорқады. Бір-бірімен тамақтарын бөлісуге болмайды. Ол анасына қарнының ашқанын айтып шағымданады. Бұл жас келіншектің күйеуі де ересектерге арналған жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр. Бауыры үйіндегі оның тағы бір баласына қарап отыр.

Ауруханаға жатқан соң санэпидемстанция қызметкерлері келіп бізді сұраққа алып, арнайы қағаздарды толтырды. Көрші әйелдердің сөздерінен түсінгенім ¬ жұқпалы аурулар ауруханасына негізінен жеке үйлерде тұратын және құбыр суын ішетін адамдар көбірек түсетін көрінеді.

Маған сұрақ қойып отырған медбике тамақ істеу үшін құбыр суын пайдаланбайтындығымызды, ол үшін тазартылған суды сатып алатындығымызды айтқанымда кәдімгідей таңданып қалды. Соғымның етін жеген соң бүкіл отбасымен ауруханаға түскендерге медбике олардың үйлеріне тексеру үшін адамдарды жіберетінін айтты. Қандаланы жоятын ақылы қызметтің телефонын да берді.

АУРУХАНАНЫҢ ТАМАҒЫ

Ендігі әңгіме аштық жайында. Ашыққан тек көрші келіншек қана емес. Бір күннің ішінде барлығымыздың да туыстарымыз алып келген тамақтарды қабылдамай қойды. Палау да, ет те, тауық та болмайды, жеміс-жидекке де жол жоқ. Қайта ішіміздегі біреуіміздің жолымыз болып, батон нан мен майға рұқсат беріпті. Әлгі батонды бесеуміз қылдай бөлісіп жеп алдық.

Бірақ түнгі он екіге қарай қарнымыз шұрылдаған соң әрқайсымыз әдетте үйде қандай тамақ пісіретініміз жайында айта бастадық. Әлдебір жоғары рухани дүниелер жайында, мысалы енді болайын деп жатқан Азиада жайында айтқымыз келген. Бірақ, неге екені белгісіз, әңгімеміз қайта айналып келіп тамақ тақырыбына тіреле берді.

Егер ауруханадағы тамақтандыру жайына келер болсақ, дәл осы төрт күнде шекеміз шылқи қойған жоқ. Сол күні кешкі тамаққа бір табақ ұнтақ ботқасын берді. Бидай ботқа дұрыс піспей, түйдектеліп қалыпты. Онсыз да тамаққа зауқы жоқ балам әлгі ботқаны татып алған жоқ. Бұдан соң сүт көже берді. Мен оның дәмін де көрген жоқпын. Ал жанымдағы тісқаққан әйелдер кеспені бөлек пісіріп алып, үстіне аздаған ғана сүт қосқан деген байламға келді. Палатадағылардың ешқайсысы да алдарындағы көжені орталай алмады.

Екі рет бұршақ көже берді. Әйелдердің барлығы оны жақсылап, терлеп-тепшіп ішіп алды. Менің ойымша, осылары бекер болды. Он адам жатқан палатада онсыз да демалатын ауа жоқ болатын. Біраздан соң әйелдер байқамай жасаған «әдепсіздіктері» үшін кешірім сұрай бастады.

Балықтан жасалған котлет бәрімізге ұнап еді, бірақ «аздау екен» деп қасығымызды жалап қалдық. Тамақ таратушы әйелден «қарақұмық жармасын қашан бересіздер» деп сұраған едік, «бұл қазір қымбат тағамдардың қатарына қосылған» деген жауап алдық.

ТАЗАЛЫҚ ЖАЙЫ

Медициналық қызмет көрсету, медициналық қызметкерлердің біліктілігі және тамақтану мәселесін біраз айттық. Ендігі әңгіме тазалық жайында. Еденді таңертең және кешке жуады екен. Бұл жағынан келгенде біздің жолымыз болмады. Тазалықшы әйел әжетхананы дұрыстап жуған жоқ. Ол тумбочкаларды жылжытып жуғанға ерінетін болса керек. Тамақтың қоқымдары біз ауруханадан шыққанша сол қалпында жатты. Бірақ біз оған
Балалар жұқпалы аурулар ауруханасының маңдайшасы. Астана, 30 қаңтар 2011 жыл.
қалай жуу керектігін айтып, тіпті тумбочкаларды да өзіміз жылжытып, бөлмеден шығып тұрдық.

Сөз реті келген соң айта кетейін, аналарға арналған ұлттық орталықта бұл тұрғыдан келгенде тазалық өте күшті болатын. Ол жерде екі сағат сайын тазалықшы қыз келіп бөлмені тазалап кететін. Палатада бірге жатқан көрші әйел әдебір комиссия тексеруге келе жатыр ма екен деп таң қалған. Бірақ ешқандай да комиссия келген жоқ. Біздің палатамызды жинап жүрген Шымкенттен келген жас қыз оларға осындай талап қойылғанын айтты. Жалақысы 30 мың теңгелік (200 доллар шамасындай) осы жұмысқа әзер орналасқан қыз орнынан айрылып қалмау үшін барын салып жұмыс істейтін.

Ауруханада жатқан әйелдер кейбір бөлімшелерде жуынатын душтың бар екендігін айтқан. Бірақ біз жатқан бөлімшеде душ болған жоқ. Сондықтан да әйелдердің он күннен астам шомылуға мүмкіндіктері болмады. Және осының барлығы жұқпалы аурулар ауруханасында болды. Онда дәрігерлер тазалық сақтаудың қаншалықты маңызды екендігін күн сайын қайталаудан жалықпайтын.

Тазалықшы еденді жуып біткенше біз балаларымызбен дәлізде күтіп тұруымыз керек. Дәлізде балаларымызды құшақтап, жүрелеп отыра қаламыз немесе қабырғаға сүйеніп тұра қаламыз. Енді не істемекпіз ¬- жылаған баланы емізу керек қой. Палатаны жарты сағат жинап шыққан соң тағы 15 минут кварцтау керек. Осындайда кейбір аналар шыдамсызданып, күткісі келмейді. Тағы да қапырық бөлмедеміз. Есікті де, желдеткішті де ашуға болмайды.

Тұмау, вирус, инфекциялардың қалай жұғатынын дәрігерлер айтпаса да, бала күнімізден жақсы білеміз. Вирустың көпшілігі ауа және тамшы арқылы беріледі. Ал енді Қазақстанның жаңа астанасында заманауи ауруханалар салғанде не үшін жұмысты ең алдымен жұқпалы ауруларға арналған аурухана құрылысынан бастамағаны түсініксіз. Мұндай сырқаттар ауруын ешкімге жұқтырмас үшін бөлек палаталарда, бокстерде жатулары керек емес пе?!

Ал мұнда кішкентай ғана палатада он адам жатады. Төсектердің арасы да тым жақын. Төсек демекші, ауруханадан шыққалы бері арқам әлі ауырады. Төрт күн бойы вокзалда түнеп шыққан сияқтымын. Әрі баламды құлатып аламын ба деп қорыққандықтан үнемі бір қырыммен жаттым. Қайта менің жолым болды. Палатаға алғашқылардың бірі болып кіргендіктен қабырғаға тақап қойылған төсекті таңдап алғанмын. Кейбір аналар болса түн ортасында балаларын құлатып алып та жатты. Төсектен құлаған бір баланың мұрнынан қан кеткен соң невропатолог шақыруға да тура келді.

ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР АУРУХАНАСЫНДА МЕДИЦИНАЛЫҚ МАСКА ЖОҚ

Екі күннен соң екі әйелдің баласы жөтеліп, үшіншісінің баласы түшкіріп, төртіншісінің баласының мұрнынан су аға бастады. Бір әйел мұрнын тоқтаусыз тарта береді, ол біресе ыстықтап, біресе тоңып әлекке түсті. Дәрігер оның туыстарына «дәрі алып келіңдер» деді. Туыстары дәрі әкелмесе керек. Әйел осыны дәрігерден жасырып бақты. Әлгі әйел түшкіріп-пысқырып мазаны алған соң, түн ортасында шыдай алмай медбикеге бардым. «Мына әйелге ем болатын бір нәрсе беріңіз немесе маска беріңіз» дедім.

Медбике сырқат әйелге әлдебір тамшыларды беріп жатты. «Ал масканы туыстары әкелуі керек» деді. Сырқат әйел маған кәдімгідей ренжіп қалды. Оның ойынша, мен оны сатып кеткен екенмін. Өзінің айтуынша, «ешкімге тиіспестен тыныш жатқан» көрінеді. Бірақ мен балалардың жайын ойладым. Мен ауруханаға түскен күні, неге екені белгісіз, ішінің өткені тоқтаған баламның ол жерден жөтеліп, тұмау жұқтырып шыққанын қаламадым.

Сондықтан да ертеңінде дәрігерде барып, «бізден қолхат ал да, ауруханадан шығар» деп қатаң талап қойдым. Палатадағы балалардың түшкіріп-пысқырып жатқанын, көрші төсектегі әйелдің жағдайын айтып барып сөзімді дәлелдегендей болдым. «Он адам жатқан палатада вирус жұғу қаупі болғандықтан мұнда жату мүмкін емес және қауіпті» деп қазақша жазып бердім қолхатты.

Медбике менің ауруханадан шығу себебімді еш түсіне алмай таң қалған болуы керек, қағазға ұзақ шұқшиды. «Жөтел» деген сөзді орысшаға аударып берген соң ғана ол: «Отбасы жағдайына байланысты себеппен» деп жазыңыз» деді. Осыдан соң мен «біздің қолхаттарымызды біреулер оқиды екен-ау» деген ойға қалдым.

Бірақ мен ауруханадан шығу себебімді қайта жазбаймын дедім. Ақ желеңді әйел (өзге бөлімшеден болса керек) «жақын арада жұқпалы ауруларға арналған арнайы аурухана салынады, сол кезде емделушілер әр палатада екі адамнан жатады» деді.

Балалар ауруханасының сайтындағы «Сұрақ-жауап» айдарында «Балаларға арналған жаңа инфекциялық аурухана құрылысы шамамен 2011 жылы бітеді» деп жазылған. Аман болсақ, көрерміз.
  • 16x9 Image

    Гүлбану ӘБЕНОВА

    Гүлбану Әбенова - 2008 жылдың тамызына бері Азаттық радиосы сайтының авторларының бірі. Мәскеу гуманитарлық университетінің тарих факультетін тәмамдаған, Ұлттық өнер академиясында театр сыншысы оқуын бітірген, Евразия ұлттық университетінің магистратурасын «Әлеуметтану» мамандығы бойынша аяқтаған. «Экспресс К» газетімен, басқа да қазақстандық басылымдармен әріптес болған. 1999 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG