Accessibility links

10 маусымда Астана күні биыл да өтпеді. Назарбаевқа тарту етілген мереке


Астана күні мерекесіндегі орталық көшелердің біріндегі көрініс. 10 маусым 2004 ж.
Астана күні мерекесіндегі орталық көшелердің біріндегі көрініс. 10 маусым 2004 ж.

Маусымның 10-ы – Астананың бұрынғы туған күні. Тоғыз жыл қатарынан осы күн Астана күні ретінде аталып өтетін. Тек былтыр ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні қарсаңында Қазақстан парламенті бір айдың ішінде «Мерекелер туралы» заңға өзгерістер енгізіп, Астана күнін шілденің 6-сына шегерді. Ал 1994 жылы астананың Алматыдан көшуіне қарсы үндеу жасаған сол кездегі депутат Серік Әбдірахманов бір-ақ істен қателескенін айтады.

ЖАЛАҢАШ ҚЫЗДАРДАН ЖАҒЫМПАЗДЫҚҚА ДЕЙІН

Қазақстанның астанасы 1997 жылы желтоқсанның 10-ы күні Ақмолаға көшкеннен кейін, ресми тұсаукесер тойы 1998 жылдың 10-шы маусымында өтті. Алғашқы той дәл былтырғыдай ұлан-асыр аталып өтпесе де, қазіргі Конгресс-хол жанындағы ескі алаңда шетел қонақтары мен шетел жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылып, ол бүкіл Қазақстанға тікелей телеэфирден көрсетілген болатын. Сол кезде Талғат Мұсабаев та ғарыштан республика халқына гитарамен ән-шашуын арнаған еді.

Содан бері былтырғы жылға дейін 10-шы маусым Астана күні ретінде тойланып келді. Бұл күн астаналықтардың есінде карнавал думаны ретінде қалды. Себебі, «Миллениум паттидан» бастап, елорда күнін атап өтудің бірнеше жылдар бойындағы ауторы болған, сол кездегі қала әкімінің орынбасары, қазіргі сенатор Төлеген Мұхамеджановтың ұйымдастыруымен 10-шы маусым күні Астана көшелерінде әлем-жәлем киінген жартылай жалаңаш қыздардың шеруі басталатын.

Бұл рең Астанаға былтыр сәуір айында Иманғали Тасмағамбетов әкім болып келгеннен кейін бірден басылды. Ол келе салысымен Астана мәслихатының депутаттары қала күнін өзгерту туралы ұсыныстар көтерді. Көп ұзамай парламентке түскен «Мерекелер туралы заңға өзгерістер енгізу жөніндегі» заң жобасын депутаттар бір айға жеткізбестен қабылдап, Астана күнін шілденің 6-сына ауыстырды.

Сондағы депутаттардың айтқан уәжі – 1994 жылдың 6-шы шілдесінде Жоғарғы Кеңестің он үшінші шақырылымында ел астанасын көшіру жөнінде шешім қабылданды дегенге сайды.

Былтыр жазда парламент мінберінен мәжіліс депутаты Сәт Тоқпақбаев Астана атауын Нұрсұлтан деп өзгеру туралы ұсыныс жасады. Бұл мәлімдемеден кейін Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің атына ел астанасына Нұрсұлтан атауын беру жөніндегі хаттар легі ағылды.

Мемлекеттік басылым беттерінде тіпті ауыл мектептерінің мұғалімдері, дәрігерлер, шопандарға дейін жазған хаттар мазмұны жарияланып жатты. Бұны сол кезде тәуелсіз сарапшылар үкіметтің, Астана әкімінің ықпалымен деген пікірлерін білдірген еді.

Бірақ, президент Нұрсұлтан Назарбаев былтыр туған күні қарсаңында Атырауда өткен шетел инвесторларының кеңесінде әзірге қала атауын өзгертуді қаламайтынын ресми мәлімдеп, тойтарғандай болды. Дегенмен, президент Астанаға сіңірген еңбегінің аз емес екенін де тілге тиек етіп, қала атауын өзгерту келешектің ісі дегенді айтқан-тұғын. Ал қала күнін өзгертуге қатысты президент әділетті шешім деп, себебі аталмыш күні Жоғарғы Кеңес астананы өзгерту туралы өзінің ұсынысына дауыс бергендігін еске түсіріп, бағасын беріп еді.

АСТАНА ПРЕЗИДЕНТТІҢ ТУҒАН КҮНІНІҢ КӨЛЕҢКЕСІНДЕ ҚАЛЫП ҚОЙМАУҒА ТИІС

Қазақстан парламентінің екінші және үшінші шақырылымында депутат болып, бүгінде Астананың тұрғынына айналған Амангелді Айталы Астана күніне байланысты Азаттық радиосына пікірін білдірген еді.

– Астананы президенттің туған күнімен бірге тойлау мәселесіне келсек, мемлекет басшысы қандай болған жағдайда да Астананы қазақ халқының елордасы жасауға еңбек сіңірген тұлға. Сондықтан қаланың күні мен президенттің туған күні бір күнде болып жатса, ешқандай оғаштығы жоқ. Бірақ, осы Астананы тойлағанда президенттің туған күнінің көлеңкесінде қалып қоймауы керек. Астананың мәртебесі, оның бүгінгі еліміздің басын қосудағы, қазақ елінің шын мәнісіндегі орталығы ретіндегі ой бірінші кезекте тұрса, – дейді Амангелді Айталы.

Ол сонымен бірге парламент қабырғасында жүріп, он үшінші шақырылымда депутат болған әріптестерінің аузынан талай рет «жарайды, бүгін президенттің туған күні ғой, дауыс бере салайық, бірақ көшіре салады деймісің деп келісе салып, кейін астананың қалайша Целиноградқа ауысып, осындай көрікті қалаға айналатынын білгеміз жоқ» деген әңгімелерін естігенін жеткізеді.

«ЖАҒЫМПАЗДАРДЫҢ ЖАҢА ТОЛҚЫНЫ БИЛІК ҚҰРУДА»

1994 жылы Астананы ауыстыру туралы шешім қабылдар кезде, астананы Алматыдан Ақмолаға көшіруге қарсы болып, үндеу жариялаған депутаттардың бірі Серік Әбдірахманов болатын. Бүгінде сол Серік Әбдірахманов Астана қаласының 1998 жылдан бергі тұрғыны. Ол Азаттық радиосына берген сұхбатында сол кезде бір-ақ нәрседен жаңылғанын айтады.

- Қателеспесем, 1994 жылы ғой деймін, шілде айында президенттің туған күнінде қабылданды. Иә, сол кезде Астананың ауысуына қарсы үндеумен шыққаным бар. Енді қазір басқаша ойлаймын. Бұл менің саяси құбылмалығымнан емес. Бұрын мұнда қазақтың саны әрі кетсе, он-он бес пайыздан аспайтын. Қазір құдайға шүкір, астана көшкеннен кейін солтүстігіміз өзіміздікі болып жатыр. Астананың қазақ жерінің ортасына қоныс тепкені геосаяси жағынан қателік болмады. Ол кезде менің қарсы болғанымның себебі, үлкен шығынға барудың керегі жоқ, халықтың жағдайы мүшкіл деген болатынмын. Содан кейін президенттің айналасындағылардың бәрі өңшең алаяқтар болатын. Міне, солар ақшаны ұрлайды деп қауіптенген едім, - дейді Серік Әбдірахманов.

Ал Астана күнінің араға он жыл салып барып, президенттің туған күнімен теңестірілуін Серік Әбдірахманов жағымпаздардың әрекеті деп түсіндіреді.

- Жағымпаздар сол кезде ол жағын ойлай қоймады. Жағымпаздар кейін ойланды. Одан кейін жағымпаздардың жаңа толқыны келді. Олар бұрынғылардан да асып түсті. Елдің экономикасын қалай көтереміз, ауылды қалай көтереміз деген сұраққа өрелері жете қоймайды. Сондықтан жағымпаздану арқылы ғана көзге түскісі келеді, - дейді Серік Әбдірахманов.

Ал биыл Астананың мәслихат депутаттары қала күні әрі президенттің туған күні қарсаңында тағы бір ерекше тосын сый жасап отыр. Тәуелсіздік монументі алаңында ең алдымен Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсіні бар ескерткіш орын тебетін болды.

1830 жылдан 1961 жылдарға дейін Ақмола аталған қала атауы 1961 жылдан Целиноград болып өзгертіліп, Қазақстан тәуелсіздігін алған соң, 1992 жылы Ақмола деген тарихи атауын қайтадан ие болған еді.

Ал 1998 жылы Қазақстан президенті Нұсұлтан Назарбаевтың жарлығымен қалаға Астана деген жаңа атау берілді.
XS
SM
MD
LG