Accessibility links

Экстремизммен көпшілік болып күресу айтылды


"Сириядағы соғысқа Қазақстаннан барып қаза тапқан Әбу Әниса" деп сипатталған адам. («ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жарияланған видеодан скриншот).

"Сириядағы соғысқа Қазақстаннан барып қаза тапқан Әбу Әниса" деп сипатталған адам. («ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жарияланған видеодан скриншот).

Астанадағы конференцияда "Ислам мемлекеті" деген атауды қолданудан бас тарту жайына қоса экстремизммен күрестің өзге мәселелері де сөз болды.

Астанада 29-30 маусым аралығында Орталық Азия елдерінің зорлық экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік конференциясы өтіп жатыр. Конференцияға 24 елдің делегаттары, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЕО, ШЫҰ секілді халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып отыр.

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМДЫ БЕЛСЕНДІЛІККЕ ШАҚЫРУ

Конференцияда Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов, ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасы Нұртай Әбіқаев, антитеррорлық орталық басшысының орынбасары Қанат Қожахметов сөз сөйледі. Жиында ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев өздерін «Ислам мемлекеті» деп атайтын террористік ұйымның атауын журналистер мен саясатшылардың «дұрыс қолданбай жүргенін» айтты.

- «Мемлекет» терминін пайдалану ерікті немесе еріксіз түрде бұл ұйымға сәл де болса легитимдік береді. Біздің ойымызша, бұл дұрыс емес. Біз арнаулы қызметте DAESH аббревиатурасын пайдаланамыз. Олар өздерін қалай атаса да, «мемлекет» сөзінен қашып, осы аббревиатурамен атаған дұрыс. Бүгінде DAESH солтүстік Африкадан Қытайға дейін, оның ішінде Орталық Азияны қосып, халифат құруды жоспарлайды. Бұл бізді алаңдатады, - деді Нұртай Әбіқаев.

ҰҚК төрағасы келтірген мәлімет бойынша, қазір Ирак пен Сириядағы қарулы қақтығысқа 150-ден астам қазақстандық қатысып жүр. Олармен бірге 200-ден астам әйел мен бала да бар.

Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов конференцияда тұр. Астана, 29 маусым 2015 жыл.

Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов конференцияда тұр. Астана, 29 маусым 2015 жыл.

Содырлардың азаматтарды қатарларына тарту үшін интернетті белсенді пайдаланып отырғанын айтқан премьер-министр Кәрім Мәсімов терроризм мен экстремизм үгіт-насихатына азаматтық қоғам қарсы тұруы керек деп мәлімдеді.

- Адамдарды өздеріне тартудың бір амалы ретінде радикалдар интернетті белсенді түрде пайдаланып отыр. Террористердің қарулы жиһадқа шақырған бір ғана мақаласын бір тәулікте Facebook-тен WhatsApp-қа дейін 2 миллионнан астам адам қараған. Қазақстан мұндай материалдарды іздеп тауып, бұғаттап отыр. Алайда біздің бұл бағыттағы әрекетіміз уақытылы әрі жүйелі болуы тиіс. Бұған қоса содырлардың экстремизм мен терроризмге үгіт-насихатын тосқауыл қою үшін азаматтық қоғам да белсенділік таныту керек, - деді Кәрім Мәсімов.

«3 МЫҢ 378 АДАМ ІЗДЕУДЕ ТҰР»

ТМД елдері антитеррорлық орталығы жетекшісінің орынбасары Қанат Қожахметов достастықтағы елдердің мемлекетаралық іздеу механизмі жайлы айтты.

​- Соңғы жылдары антитеррорлық орталық террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін іздеуде жүрген азаматтардың арнайы мәліметтер базасын құрып, үнемі жаңартып отыр. 2015 жылдың мамырындағы есеп бойынша, антитеррорлық орталық тізімінде іздеуде жүрген 3 мың 378 адам тұр. Орталықта іздеуде жүргендердің ықтимал мекен-жайы туралы деректер бар, - деді Қанат Қожахметов.​

2014 жылы қарашада ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев «Сирияда 300-ге жуық адам жүргенін, оның жартысы әйелдер» екенін айтқан. Наурыз айында ҰҚК төрағасы орынбасары Нұрғали Білісбеков 2014 жылы 80-нен аса Қазақстан азаматын үгіт-насихатпен соғысқа тартпақ болған содырлардың жолы кесілгенін хабарлаған.

2013 жылдың соңында өздерін "Сирияға жиһад жасауға қоныс аудардық" деген қазақстандықтар туралы видео тараған соң елде экстремизмнен қауіптену ұлғая бастаған. Қазақстан билігі содан кейін Сириядағы соғыс жайлы видеоларды ғана емес, тіпті ол туралы жазған мақалаларды да бұғаттауды жиілеткен.

  • 16x9 Image

    Айбек БЕЙСЕБАЕВ

    Айбек – Азаттықтың қазақша вебсайтындағы ньюсрайтері. 1986 жылы туған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ді тәмамдаған. Азаттықта 2010 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG