Accessibility links

Протестант шіркеуі өкілінің соты өтіп жатыр


Астана сотында Ықылас Қабдуақасовтың ісі қарала бастады. «Діни алауыздық тудырды» деп айыпталған ол азаматтың адвокаты «арандату» туралы да айтты.

Қазанның 9-ы күні Астана қаласының Сарыарқа аудандық 2-соты протестанттық Жетінші күн адвентистері шіркеуінің мүшесі Ықылас Қабдуақасовтың ісін қарады. Айыпталушыны сот залына кісендеп әкелді. Залдағы жақтастары онымен амандасып, қолдау сөздер айтып жатты.

Судья Ақмарал Исаева Азаттық тілшісіне «бағдарламаларыңызға видео түсіріп алуыңызға үш минут беремін, одан соң таспаға түсіруге болмайды» деп ескертіп, сот отырысын бастап кетті.

«АЛАУЫЗДЫҚ ТУДЫРАТЫН ПІКІРЛЕР»

Тергеу материалына қарағанда, Ықылас Қабдуақасов 2014 жылдың қарашасы мен 2015 жылдың тамызы аралығында жалға алған пәтерлерде Еуразия университеті студентеріне дәріс оқыған кезде «діни алауыздық тудыратын» пікір айтқан.

Бүгінгі сотта бірнеше куәгер – Ықылас Қабдуақасовтың «АстанаСтройИнвест» компаниясында бірге жұмыс істеген әріптестері, протестант шіркеуінің мүшесі, айыптаушы жақ басты куәгер ретінде шақыртқан студенттер сұралды.

Ықылас Қабдуақасов, Жетінші күн адвентистері шіркеуі мүшесі. Астана, 9 қазан 2015 жыл.

Ықылас Қабдуақасов, Жетінші күн адвентистері шіркеуі мүшесі. Астана, 9 қазан 2015 жыл.

Куәгер студенттердің бірі Ықылас Қабдуақасовтың дәріс кезінде «ислам діні мен Мұхамед пайғамбарды қорлайтын сөздер» айтқанын мәлімдеді. Олар «Жалға алған пәтерлердегі кездесулерді кім ұйымдастырып, кім шақырды?» деген сауалға жауап бере алмады.

Ықылас Қабдуақасовтың адвокаты Гүлмира Шалдақова судьядан студенттердің бірі мен Қабдуақасовтың арасындағы телефон әңгімесін анықтауды, айыпталушы мен студенттер кездесуінің аудио және видео жазбасын қайталап тыңдап, студенттерден тағы жауап алуды сұрады. Судья Ақмарал Исаева бұл екі өтінішті де қабылдады.

Адвокат студенттерден жауап алу барысында бұл істі «құқық қорғау органдарының арандатуы» деп айтып қалды. Бірақ судья адвокатты «ондай мәлімдемелер айтпауға» шақырды.

«ОЛ – ШІРКЕУДІҢ БАСШЫСЫ ЕМЕС, МҮШЕСІ»

Сот отырысында 2007 жылы басылып шыққан «Лайықты жауаптар» кітабы жөнінде де сөз болды. Айыптаушы тарап «Ықылас Қабдуақасов жастарға ұсынған бұл кітаптың ішінде де дін алауыздығын тудыратын пікірлер бар» дейді.

Алайда Жетінші күн адвентистері шіркеуінің пасторы Андрей Тетерюк бұл кітаптың Қазақстанда тыйым салынған әдебиеттер тізімінде жоқ екенін ескертті. Пастор Ықылас Қабдуақасовтың «Жетінші күн адвентистері шіркеуінің жетекшісі емес, мүшесі ғана екенін» баса айтты.

Андрей Тетерюк, Жетінші күн адвентистері шіркеуінің пасторы. Астана, 9 қазан 2015 жыл.

Андрей Тетерюк, Жетінші күн адвентистері шіркеуінің пасторы. Астана, 9 қазан 2015 жыл.

– Ол шіркеудің басшысы да емес, пасторы да емес. Ол – Астанадағы Жетінші күн адвентистері шіркеуінің мүшесі. Шіркеу мүшесі дегеніміз – шоқынған, христиан дінінің протестандық тармағының осы ағымын жақтайтын, осы дінді ұстанатын және оның шарттарын орындайтын адам, – дейді пастор Андрей Тетерюк.

Ықылас Қабдуақасовтың адвокаты Гүлмира Шалдақова Азаттық тілшісінің бұл сот жайлы сауалына «қорғауымдағы адаммен нақтылап алмай пікір білдірмеймін» деп жауап берді.

Айыпталушы Ықылас Қабдуақасовтың ұлы, сотқа қоғамдық қорғаушы ретінде қатысқан Әлібек те пікір білдіруден бас тартты.

Протестанттық Жетінші күн адвентистері шіркеуінің өкілі, биыл тамыздың 14-інде ҰҚК-нің Астана қаласындағы тергеу абақтысына қамалған Ықылас Қабдуақасов өзіне таққан айыптарды мойындамайтынын айтқан.

Соттың келесі отырысы кей куәгерлердің келмеуіне байланысты қазанның 14-іне шегерілді.

XS
SM
MD
LG