Accessibility links

Ермегияев соты тілшілерге кедергіден басталды


Талғат Ермегияев cотта адвокаттарымен сөйлесіп тұр. Астана, 4 сәуір 2016 жыл.

Талғат Ермегияев cотта адвокаттарымен сөйлесіп тұр. Астана, 4 сәуір 2016 жыл.

Бүгін Астанада Талғат Ермегияев пен оның бұрынғы бірнеше әріптесінің соты басталды. Сотта тілшілер кедергіге ұшырап, шағым түсіруге мәжбүр болды.

Астанада сот ғимаратына тілшілерді ұялы телефонмен кіргізбеді. Журналистер ұялы телефонның дереу ақпарат беруге қажеттігін айтқанымен, күзет қызметіндегілер ондай уәжді түсінбеді. Күзетшілер Азаттық тілшісінің смартфонынан бөлек, қарапайым нүктелі телефонын да алып қалды.

ДАУСЫ НАШАР МОНИТОР

Сот отырысы Астананың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер бойынша сот ғимаратының 150-200 адам сиятын үлкен акт залында өтті. Бірақ, ол залға тек фототілшілер мен видео операторлар ғана кіргізілді. Ақпарат агенттігі тілшілерін де бұл залға жібермеуге тырысқанымен, кейбір журналистерді диктафонсыз ғана өткізіп жатты.

Журналистер отырған бөлмеге қойылған монитордан сот барысын қадағалауда да тілші жұмысына кедергі келтіретін жайлар байқалды. Монитордан дауыс өте нашар естілді. Және шағын бөлмеде тілшілердің бәріне бірдей отыратын орын табылмады. Толымды жұмыс істеуге жағдайдың жоқтығына налыған он бес шақты тілші осы істегі судья және Астананың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер бойынша сот кеңесінің төрағасы Әділхан Шайхисламовтің атына өтініш хат жазып, оны сот кеңсесіне тапсырды. Негізгі залда сот ісін тыңдап отырған келушілер мен қорғаушылар да залда дауыстың нашар естілетінін айтады.

Сот ісі басталып, 23 айыпталушының анкеталық мәліметтері сұралып, олардың құқықтары түсіндіріліп біткеннен кейін судьяға шағым түсіруге кезек берілді.

Талғат Ермегияев сот отырысында отыр. Астана, 4 сәуір 2016 жыл.

Талғат Ермегияев сот отырысында отыр. Астана, 4 сәуір 2016 жыл.

Осы кезде «Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының өкілі Мая Егимбаева сот ісі кезінде тілшілердің фотоаппарат және видео камера пайдалануына шектеу қоюға өтініш жасады. Ол бұл өтінішін «тілшілердің сот ісін жүргізуге кедергі келтіретінімен» түсіндірді. Басты айыпталушы Талғат Ермегияев бұл өтінішті қолдады. Ал қалған айыптаушылар мен олардың қорғаушылары және прокурорлар өтінішті қабылдау, я қабылдамауды соттың еркіне қалдырды. Сотты жүргізіп жатқан судья Әділхан Шайхисламов бұл өтінішке қатысты шешімін кейінірек шығаратынын мәлімдеп, сот ісін одан әрі жалғастырды.

ИЛЬЯ ИЛЬИННІҢ ПІКІРІ

Шағын бөлмедегі монитордан сот ісін қадағалап, одан шыққан нашар дауысқа налып отырған тілшілерді екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильиннің сот отырысына кіріп келуі таңдантып тастады. Айыптау қорытындысын оқып тұрған прокурор Әлібек Айтжановтың монитордан үзіліп, талып жеткен түсініксіз дауысына құлақ түрулерін дереу доғарған журналистер чемпионның бұл келісінің сырын сырттай ашуға тырысып бақты. «Сот ісіндегі айыпталушының бірі Сергей Ильинді Ильия Ильиннің туысы шығар» деген болжам да айтылды. Ақыры айыптау қорытындысын бір сағаттан артық тоқтаусыз оқыған прокурор судьядан он минуттық үзіліс сұрады. Тілшілер осы сәтте Ильия Ильиннен пікір алуға тырысты.

Оның сөзінше, «Ермегияев ісі» бойынша айыпталып жатқан Сергей Ильинге "ешқандай туыстық, бауырлық, таныстық қатынасы жоқ». Чемпион сот отырысына айыпталушы Талғат Ермегиявқа адами тұрғыда қолдау білдіруге ғана келгенін, спорт және дене шынықтыру агенттігін басқарып тұрған кезінде онымен жақсы араласқанын айтып өтті. Үзіліске дейінгі сот отырысын қатысқан Илья Ильин айыпталушы Талғат Ермегияевпен қол алып қысқа ғана амандаса алды. Ал сөйлесіп, пікірлесуіне сот қызметкері мүмкіндік бермеді. Илья Ильин тілшілерге "Талғат Ермегияевқа қатысты тағылған айыптар бойынша ештеңе айта алмаймын" деді.

Талғат Ермегияевтің спорт және дене шынықтыру агенттік басшысы кезінде олимпиадаға баратын спортшыларға олимпиада куәлігін табыстап тұрған сәті. Астана, 3 шілде 2012 жыл.

Талғат Ермегияевтің спорт және дене шынықтыру агенттік басшысы кезінде олимпиадаға баратын спортшыларға олимпиада куәлігін табыстап тұрған сәті. Астана, 3 шілде 2012 жыл.

Үзіліс кезінде тілшілерге де айыпталушылардан пікір алуға рұқсат етілмеді. Ал олардың қорғаушылары сот ісі жаңа басталғандықтан әзірге баспасөзге пікір беруден бас тартатындарын жеткізді. Соңынан ақпарат агенттіктері Талғат Ермегияевтің тағылған айыптар бойынша кінасын мойындамағанын хабарлап жатты.

Ермегияев ісіне қатысты соттың алдын ала тыңдауы 18 наурызда өткен болатын. Сол күні айыпталушылардың жақын-туыстары, таныстары көп келген болса, бүгінгі бірінші сот отырысында кең залдағы орындықтардың көбі бос тұрды.

Түстен кейін прокурорлар «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев және де басқа 22 адамның үстінен қозғалған 540 томдық қылмыстық істің айыптау қорытындысын оқуды жалғастырды.

Ермегияев «Астана ЭКСПО-2017» компаниясындағы қаржы жымқыру ісі аясында ұсталған. 2015 жылы маусымда компания басшысы қызметінен босатылған соң бірнеше күннен кейін қылмысқа күдікті ретінде ұсталып, сот шешімімен үйқамаққа алынған Талғат Ермегияевке тергеушілер «4 миллиард 200 миллион теңге көлеміндегі қаржыны заңсыз иеленді» деген айып таққан.

Қылмыстық іс бойынша «аса ірі көлемдегі бюджет қаржысын талан-таражға салған» деген айып тағылғандар арасында «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басқарушы директоры Суламбек Бархинхоев, бұрынғы құрылыс департаменті жетекшісі Қажымұрат Үсенов те бар.

XS
SM
MD
LG