Accessibility links

Крандағы қарсылық екінші күнге созылды


Сандуғаш Серікбаева мен Ұйым Жолдасбаева шыққан кран. Астана, 11 қараша 2013 жыл.

Сандуғаш Серікбаева мен Ұйым Жолдасбаева шыққан кран. Астана, 11 қараша 2013 жыл.

Сандуғаш Серікбаева мен Ұйым Жолдасбаеваның наразылық білдіріп, Астанадағы құрылыс кранына шыққанына екінші тәулікке айналды. Олардың айтуынша, екеуіне ас-су алуға рұқсат бермеген.

Астанадағы кезекті «кран-қарсылыққа» жылжымайтын мүлік дауы себеп болды. Астана шетіндегі үйден «мемлекет қажетіне» деген уәжбен 13 адам тұратын екі отбасын шығарып жатыр. Тұрмысқа жайсыз екі қабатты үйдің иесі Сандуғаш Серікбаеваның есеп-шотына жатақханадан бөлме сатып алуға ғана жететін ақша аударған. Билік «саяжай аумағында тұрған үйге бұдан артық ақша төленбейді» дейді. Бірақ Астанада кез келген жер телімі қыруар ақша тұрады. Ал үйдің жанынан Назарбаев Университет қалашығы бой көтеріп келеді.

Екі әйелдің наразылық акциясына билік селт етпей отыр. Шенеуніктер «крандағы қанағатсыз әйелдердің көздегені болмайды» деп мәлімдеді. Ал екі әйелдің Астананың ерте түскен аязында, ас-сусыз кран кабинасында отырғанына екі тәулікке айналып барады.

«ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯ БЕРГЕН ЖЫЛЫ КӨРПЕ»

Кран басында үскірік жел өтінде отырған екі әйелдің төзімі, ұялы телефонның аккумуляторының қуаты әлі бар. Қарашаның 11-інде Астанада қар жауып, түнде күн суытып кетті. Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен төрт баланың анасы Сандуғаш Серікбаева «Төменде кезекшілікте тұрған шұғыл қызмет өкілдерінен кеше көрпені өзім сұрадым. Бірақ олар екі жыл бұрын туберкулезбен ауырғанымды ескертсем де, көрпе беруден бас тартты» дейді.

Екі әйел құрылыс кранының иесі – шетелдік құрылыс компаниясының өкілдері тыйымға қарамастан жеткізіп берген көрпе мен шай құйылған термостан басқа ештеңе алмаған.

Олардың Қазақстанның жаңа астанасына алғаш келген кездері бақытты еді. 35 Сандуғаш Серікбаеваның үйі. Астана, 11 қараша 2013 жыл.

Сандуғаш Серікбаеваның үйі. Астана, 11 қараша 2013 жыл.

жастағы Сандуғаш Серікбаева Астанаға осыдан 13 жыл бұрын Тараздан көшіп келіп, екі жылдан кейін тұрмысқа шыққан. 2006 жылы сатып алған жерге кейін екі отбасы тұруға лайықтап екі қабатты үй тұрғызған. Үй – тұрмысқа жайсыз, әжетханасы сыртта. Азаттық тілшісі су толтырылған ыдыстар мен қысқа әзірленген көмірді көрді.

Бірнеше бөлмесі бар екі пәтерге бөлінген үйде екі отбасы – төрт баласы бар Сандуғаш Серікбаева мен күйеуі, оның бес балалы ағасы тұрады. Екі шаңырақта барлығы 13 жан бар. Оның үстіне күнкөріс қамымен Астанаға келген туыстары да осы үйді жағалайды. Ал Сандуғаш Серікбаеваның әпкесі Ұйым Жолдасбаеваның даулы үйге қатысы жоқ, ол кранға туысын қолдау мақсатында шыққан.

ОТБАСЫНЫҢ ҚОРҚЫНЫШЫ

Сандуғаш Серікбаеваның екінші әпкесі Орынкүл Серікбаева «Қарашаның 12-сінде үйдегі балалардың ешқайсысы мектепке барған жоқ. Қазақстан президентіне арыздану үшін бес баланы ертіп Ақордаға бардым. Бірақ неге екені белгісіз, президент резиденциясына жетпей, адасып кеттік» дейді. Жалпы, Үйінің ақысын даулаған отбасының балалары. Астана, 11 қараша 2013 жыл.

Үйінің ақысын даулаған отбасының балалары. Астана, 11 қараша 2013 жыл.

Қазақстан президенті резиденциясына петиция немесе наразылық білдіріп баруға болмайды. Қазақстанның жаңа астанасында қауіпсіздік талаптары осындай.

Үйі мен жерін қорғап жүрген Сандуғаш Серікбаеваның айтуынша, күйеуі қазір жұмыста.

– Жүргізуші болып істейтін күйеуімнің жалақысы – 50 мың теңге. Бала-шағаны асырау керек, жұмысын тастай алмады. Өзім балалармен үйде отырмын. Бәрі жақсы оқиды, кішісі үш жаста, – дейді ол.

Назарбаев Университет пен Назарбаев интеллектуалдық мектебінің ортасындағы құрылыс алаңында тұрған кранға апалы-сіңлілі әйелдер қарашаның 11-іне қараған түні шықты. Сандуғаш Серікбаеваның қала билігі «мемлекет қажетіне» деп бұзғысы келген үйі құрылыс кранынан бірнеше метр жерде тұр. Әйелдер бұл қаулының күшін жойып, баспанасын өздеріне қалдыруды талап етеді.

Екі отбасы сот шешімімен «мемлекет қажетіне» жер телімін алғаны үшін төленген 4 миллион 988 мың теңге (32 мың доллар) өтемақымен келіспейді. 13 жаннан тұратын екі отбасыға жатақхана бөлмесі болмаса, Астанадан бұл ақшаға жөні түзу баспана сатып алу мүмкін емес.

БАС ПРОКУРАТУРАНЫҢ TWITTER-ДЕГІ ПІКІРІ

Үй тұрған жер теліміне байланысты сот дауы екі жылға созылып, жоғарғы сотқа дейін жеткен. Жер телімін «мемлекет қажетіне» алу заңдылығы мен өтемақы көлеміне келіспеген Сандуғаш Серікбаева сотта жеңілді.

Астана қаласы әкімдігінің өкілі, «Қалалық жылжымайтын мүлік» компаниясы директоры Мирас Шәкеновтің Азаттық тілшісіне айтуынша, наразы әйел үйінің Екі әйел отырған кран. Астана, 11 қараша 2013 жыл.

Екі әйел отырған кран. Астана, 11 қараша 2013 жыл.

орнына қаладан үш бөлмелі үй немесе 90 мың доллар сұраған. «Бірақ саяжайдағы үй 32 мың доллардан қымбат бағаланбайды» дейді ол.

Астана қаласы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі «шұғыл қызмет орындары 11 қарашадан бері құрылыс кранының түбінде кезекшілікте тұр» деп хабарлады. Билік «қарашаның 12-сі күні құрылыс алаңында бірнеше автокөлік болды. Өрт сөндіру көліктері, орталық аэромобиль құтқару жасағы, медицина орталығы мен апаттық қызмет орындары кезекшілікте тұр» деп мәлімдеді.

Бірақ Сандуғаш Серікбаева Азаттық тілшісіне «төбеден қарағанда басқасы түгілі, өрт сөндіру машинасы да көрінбейді» дейді.

Ал Қазақстанның бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков пікірін Twitter әлеуметтік желісі арқылы білдірді. Ол «Құрылыс крандарындағы мұндай қарсылық акциялары проблеманы шешпейді. Керісінше әкімшілік айыппұл төлеу, кранның жұмыссыз бос тұрған уақыты мен құрылыс жұмыстарының еріксіз тоқтатылуынан келген зиянды өтеу, денсаулығын әлсірету сияқты жаңа проблемаларды тудырады» дейді.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG