Accessibility links

«Астана» велокомандасындағы допинг дауы


"Астана" велокомандасының спортшысы. Көрнекі сурет

"Астана" велокомандасының спортшысы. Көрнекі сурет

«Астана» велокомандасының мүшесі қазақстандық велоспортшы Максим Иглинскийдің қанынан допинг табылған. Бір жарым ай бұрын оның інісі де «допинг қолданды» деп айыпталған еді.

33 жастағы қазақстандық велоспортшы Максим Иглинскийдің қанынан эритропоэтин препараты табылғаны туралы ақпаратты «Астана» командасы растап, спортшының әзірге жарыстардан шеттетілгенін мәлімдеді.

«ДОПИНГ ҚОЛДАНҒАН СПОРТШЫНЫ АЯМАЙМЫЗ»

«Командадағы барлық спортшылар допинг заңын қатаң сақтауы керек. Тәртіп бұзған спортшыларды аямаймыз. Тәртіп бұзған спортшыға қатты ашулымын. Себебі олар Қазақстан спортшысы болғандықтан елдің және команданың имиджіне кері әсерін тигізеді» деді «Астана» велокомандасының (толық атауы – Astana Pro Team) менеджері, олимпиада чемпионы Александр Винокуров қазанның 3-і күні Алматыда өткізген баспасөз-мәслихатында.

Максим Иглинский енді қайтара қан тапсырады. Егер екінші анализ кезінде қанынан допинг табылса, спорттан төрт жылға шеттетілуі мүмкін. Ал MPCC («Таза велоспорт» қозғалысы) ұйымының ережесі бойынша «Астана» командасы 10-14 қазанда өтетін «Пекин турына» қатысу құқығынан айырылады.

Максим Иглинский былтыр өткен қазақстандық «Алматы турында» жеңіске жеткен еді. Ол ертең қазанның 5-і күні өтетін «Алматы турына» екінші рет қатысады деп жоспарланған.

Спорт шолушысы Мақсат Раджұлы Қазақстан спортшыларының допинг дауына жиі ілінетінін айтады.

Александр Винокуров Лондон-2012 олимпиадасындағы жеңісіне қуанып келеді.

Александр Винокуров Лондон-2012 олимпиадасындағы жеңісіне қуанып келеді.

- Қазақстанда допинг орталығы бар және оның жұмысын нашар дей алмаймыз. Спортшылар жарыс алдында бұл орталықта бір апта бұрын тексеріледі. Ал кейінгі бір аптаның ішінде олардың не ішіп, не жегенін қадағалай алмайды. Сондықтан спортшылардың өз жауапкершілігі жоғары болу керек. Кейде допинг қолдануға бапкерлер де себеп болады. Сол себепті Қазақстан допинг қолданған спортшыларды, допингке қатысы бар бапкер-мамандарды өзі қатаң жазалауы тиіс. Себебі спортшылары допингпен көп ұсталған елдерді кез келген спорт ұйымдары қатаң тексереді, - дейді спорт шолушысы.

Тамыздың 11-і күні Максим Иглинскийдің велоспортшы інісі 30 жастағы Валентин Иглинскийдің де қанынан эритропоэтин препараты табылып, Қазақстан велоспорт федерациясы оны төрт жылға спорттан шектеген еді. Валентин Иглинский де «Астана» командасының мүшесі болған.

2013 жылдың соңында Қазақстанның тоғыз ауыр атлеті допингпен ұсталып, екі жылға спорттан шеттетілген. Ал халықаралық ауыр атлетика федерациясы Қазақстанға 500 мың доллар айыппұл салған.

Ал 1996 жылы жеңіл атлет Ольга Шишигина, 2007 жылы велоспортшы Александр Винокуров допинг қолданды деп айыпталған.

2015 жылдан бастап WADA әлемдік допингке қарсы ұйымының жаңа кодексі күшіне енеді. Жаңа кодекс бойынша допингпен ұсталған спортшыларды спорттан екі емес, төрт жылға шеттету қарастырылған.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG