Accessibility links

Астана күнін тойлау әдеттегідей Назарбаевтың туған күніне сыйлық жасау жарысына айналды


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті. Астана, 6 қазан 2009 жыл

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті. Астана, 6 қазан 2009 жыл

2008 жылдан бастап президенттің туған күнімен (6 шілде) бір датаға орайластырылған Астана қаласының күні биыл ерекше ұзақ тойланып отыр.


Бұл күнге орай, Қазақстан тұрғындары бір күн демалса, ал Астана тұрғындарына үш күн демалыс берілген.

«ЖҰЛДЫЗДАН» ЖҰЛДЫЗ ҚАШҚАН КҮН

Үш күн деген аты болмаса, қала күнін тойлау өткен аптада-ақ басталып кеткен. Шілденің бірінде мұнда «Бәйтерек» мультфильмінің тұсаукесері өтті. Сценарий авторының идеясы соқырға таяқ ұстатқандай ұғынықты – Нұр есімді ұл бала Самұрық құсының алтын жұмыртқасын жат планетадан келген жаудан қорғап қалады.

Ал шілденің екісінде Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған «Терең тамырлар» спектаклінің премьерасы болды. Мұнда да бас кейіпкердің «даналық қасиетін» ашып көрсетуге барынша күш салынған. Дәл осы күні Астанада экшн-фильмдердің екінші фестивалі де ашыла қалып, оған әлемнің түкпір түкпірінен келген кино әлемінің жұлдыздары қатысты.
Ұлыбританиялық әнші Стинг Татарстандағы гастролінде. 2011 жыл.

Бірақ, жұлдыздардың ішінде Астана мен оның авторының туған күніне арналған мерекелік іс-шараға қатысудан бас тартқаны да болды. Әйгілі британдық әнші Стинг шілденің 4-і күні арнайы концерт беруі тиіс болатын. Шілденің 3-і күні әншінің вебсайтында арнайы мәлімдеме жарияланды.

Онда әнші Қазақстанның мұнай-газ саласындағы «құқықтары тапталып жатқан» жұмысшылар ереуіліне қолдау көрсету белгісі ретінде Астанада жоспарланған концертінен бас тартатынын айтады. Оның бұл шешімін Amnesty International халықаралық адам құқығын қорғау ұйымы құптап үлгірген.

Мамыр айынан бері еңбекақыға байланысты талаппен ереуілдеп жатқан Маңғыстаудағы «Өзенмұнайгаз» кәсіпорнының 250 жұмысшысын кәсіпорын басшылығы өткен аптада жұмыстан шығарғаны туралы Азаттық радиосы хабарлаған болатын.

Дегенмен Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты мен мемлекеттік ақпарат құралдары әнші «ұйымдастыру-техникалық себептерге байланысты» келе алмайды деген ақпарат таратып жатыр.

ӘМБЕБАП АДАМНЫҢ МІНСІЗ ҚАЛАСЫ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Ара-жігін ажырату қиынға соғатын Астана күні мен президент Назарбаевтың туған күнінің қарсаңында шілденің 4-і тағы бір тұсаукесер рәсімі өтті. Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Назарбаевтың «ХХІ ғасырдағы орнықты дамудың жаһандық энергоэкологиялық стратегиясы» атты тағы бір жаңа кітабы көптің назарына ұсынылды.

«Кітап мазмұны жағынан академиялық сипатта жазылған.... Өзіне ғана тән президенттік стильдің қайталанбас шеберлігімен өрнектеледі... Бұл кітапты университеттерде, оның ішінде экономикалық, экологиялық факультеттерде ғана емес, әртүрлі бағыттарда да оқытуға болатын құрал ретінде пайдалануға болады. Өйткені, кітап жаһандық проблеманы қозғап отыр» деп сипаттапты президенттің кезекті туындысын сенат депутаты Анатолий Башмаков «ҚазАқпарат» агенттігіне.
Сенат депутаты Анатолий Башмаков (сол жақтан бірінші) президент Назарбаевтың өкілетін референдум арқылы ұзартуды ұсынған бастамашы топ мүшесі ретінде баспасөз мәслихатын беріп отыр. Алматы, 12 қаңтар 2011 жыл

Астана қаласында бір жылға уақыт тұрып келе жатқан журналист Өркен Кенжебек бұл іс-шаралардың Астана күнін тойлауға арналғанына шүбә келтірмейді.

- Қазір Астанадан мынадай бір қызықты байқап отырмын. Қазақтың бүкіл лексиконын, батысты да, шығысты да қай аймақтың өкілін байқауға да болады. Оқып жатыр, жұмыс істеп жатыр деген сияқты. Әу баста ақ ойлаған мақсатына кішкене болса да жақындаған сияқты...

Дәл қазір мерекенің темпін, ырғағын, қарқынын алып қарасаңыз, Назарбаевтың туған күнін ұмыттырып жіберген сияқты. Әнеугүнгі «Балалық шағымның аспаны» деген сияқты нәрселерді орайластырғаны болмаса, дәл сол президенттің туған күнін ескертетіндей айтулы бір шаралар жоқ. Назарбаевтың туған күнімен Астананың мерейтойын екеуін салыстыратын болсақ, бәрібір Астана басым тұр, - дейді журналист Азаттыққа.

ЕШКІМДІ ТАҢ ҚАЛДЫРМАЙТЫН АТАУ

«Той болса да, өз орнымен болу керек» деген тәуелсіз журналист Рысбек Сәрсенбайұлы «Астана мерекесін» барған сайын ас та төк ақша шығарып, тойлауды «малшашпақтың бос әуресі» деп атайды. Халықтың жүдеу тіршілігін осы сияқты тойлардың көлеңкесінде қалдырып, бізде бәрі керемет деп жаһанға жар салу ойсыздықтың белгісі дейді.

- Халықтың жағдайын қараңызшы қазір! Мына Ақтөбеде атыс болып жатыр. Сол атысып, қолына қару алған жастар кімдер? Қазақтың, ауылдың жастары. Жұмыс жоқ. Күнкөріс жоқ. Сонан кейін амалсыздан басқа діни ағымдарға ілесіп кетіп, өздері оққа ұшып, басқаларға қан құстырып жатыр. Осындай жағдайға жеткен елде Астананың дүрілдетіп тойын жасау дегеннің өзі барып тұрған күнә! Оған жол беруге болмайды. Ана жақта қантөгіс, мына жақта ереуіл. Ал Астанада той өткізіп отырмыз. Кез келген Қазақстан азаматы «осы қалай?» деген сұраққа жауап іздеп көрсінші! Бізде сондай ой жоқ, - деді Рысбек Сәрсенбайұлы Азаттықтың тілшісіне.
«Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай марқұм Қажығұмар Шабданұлына берілген аста сөйлеп тұр. Алматы, 22 ақпан 2011 жыл.

Астананың байырғы атауының өзгеруінен саяси астар көретін сұхбаттасымыз қаланың ендігі аты «Нұрсұлтанға» айналса, таң қалмайтынын жеткізді.

- Ақмоланы аяқ астынан Астана жасады. Не үшін? Оның бәрі ертеңгі күні «Нұрсұлтан» қала бола ма, «Назарбаев» бола ма, әйтеуір сол үшін жасалған дүние. Бұл - жұртқа белгілі нәрсе. Былайша айтқанда, «Астана дегеніміз – Нұрсұлтан, Нұрсұлтан дегеніміз – Астана» қылмақшы. Сондай ұғымды сіңіру, - дейді ол.

Ал шілденің 2-і «Айқын» газетіне жариялаған пікірінде мәжіліс депутаты Сәт Тоқпақбаев бірнеше жыл бойы айтып келген ұсынысын тағы бір мәрте қайталады. «...Санаулы күндерден кейін Астананың туған күні. Бұл қаланың кіндік әкесі де - Нұрсұлтан Назарбаев. Сол кісінің бастамасымен салынды. Осыдан біраз уақыт бұрын мен парламент төрінде тұрып, Астананың атын Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен атауды ұсынған едім. Қазір де соны қайталаймын. Астана қаласы Нұрсұлтан қаласы болып аталғаны жөн» депті депутат.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG