Accessibility links

Жандарбек пен Айнұрдың айтысы


Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.

Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.

«Тәуелсіздік тағылымы» тақырыбында Астанада өткен айтыстың үшінші күнгі финалдық кезеңінде сахнада өзара бәсекеге түскен айтыскерлер Айнұр Тұрсынбаева мен Жандарбек Бұлғақовтың жыр сайысын ұсынамыз.


Бұл жолы да мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед айтыстың тақырыбын ақындардың есіне қайтара салып, оларға президент Нұрсұлтан Назарбаевты, Астана қаласын жырлауды тапсырды.

– Осы Тәуелсіздіктің мына қолдарыңыздағы домбыра сияқты екі ішегі бар, жырлап қоя беретін. Оның біреуі – ел. Қазақ елі. Екіншісі – сол қазақ елін әлемнің биігіне көтерген елбасы. Сондықтан бүгінгі ақын сөзі де осындай болуы керек, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Жандарбек Бұлғақов министрдің тапсырмасын сөз басында бірер шумақпен орындаған соң, қоғамның кемшілікті тұстарына ойысты.

– Жүректе шындық дейтін ұшқан ән бар,
Тыңдаңдар, сол әуеннен тыс қалмаңдар.
Мемлекет қызметкерін қысқарт деген,
Жақында жарық көрген нұсқа заң бар.
Ол заңға жай қазақтар жылап отыр,
Былқ етпейді тіреуі күшті адамдар.
Несие қамыменен пәтер алып,
Жатқандар болып жатыр істі адамдар.
Қазақтың өсуіне үлес қосқан,
Көп балалы ананы қыстамаңдар.
Жеп отырған дәм-тұздан айырмасын,
Жоғарының тұтқасын ұстағандар.
Қысқарту идеясын мен айтайын,
Елімде үш тіл дейтін үш таған бар.
Төрде отыр қазақ тілін керек қылмай,
Өзге тілдің қаламын ұштағандар.
Қысқартуға ең бірінші ілінсе екен,
Қазақ тілге тілдері қысқа адамдар, – деп жырлады Жандарбек Бұлғақов.

Ал ақын Айнұр Тұрсынбаева мәдениет министрінің тапсырмасын бұлжытпай орындады. Және Қазақстан Тәуелсіздігін де жырға қосты.

– Абылайдың арманы орындалып,
Тәуелсіздік еліме ырыс болды.
Шекемізге бұйырған бақты жырлау,
Ақындарға бұйырған жұмыс болды.
Қай заманда қазақтың хан басына,
Қазіргідей бидай мен күріш толды.
Қай заманда қазақтың қоймасына,
Қазіргідей алтын мен күміс толды.
Қай заманда қазақтың қазанына,
Қазіргідей құт бітіп, ырыс толды, – деп шырқады Айнұр Тұрсынбаева.


Жандарбек пен Айнұрдың айтысын мына жерден тыңдай аласыздар:

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG