Accessibility links

Әлібек пен Мұхтардың айтысы


«Тәуелсіздік тағылымы» айтысына жиналған ақындар. Астана, 13 желтоқсан 2010 жыл.

«Тәуелсіздік тағылымы» айтысына жиналған ақындар. Астана, 13 желтоқсан 2010 жыл.

Астанада былтыр желтоқсанда өткен «Тәуелсіздік тағылымы» айтысының үшінгі күні - шешуші кезеңінің алғашқы жұбы - Қызылордалық Мұхтар Ниязов пен Солтүстік Қазақстан облысынан келген Әлібек Серғалиев.


Екі ақында айтыс басталар сәттегі мәдениет министрі Мұқтар Құл-Мұхамедтің «Бүгінгі айтыста елдікті жырлаңдар, елбасын жырлаңдар» деген тапсырмасын естен шығарған жоқ. Астананы ондағы өткен ЕҚЫҰ саммитін және Қазақстан президентін мадақтап жырға қосты.

Солтүстік Қазақстаннан келген жас ақын Әлібек Серғалиев бұл жолғы сайыстағы бәсекелесінің дін жолына түскенін тілге тиек ете келе, сақал қою мәселесін де сөзбен қағытып өтті.

– Ей, Аллахуакбар деген ұраны бар,
Біз халықпыз қасында құманы бар.
Негізі Мұхтар ағам дұрыс айтады,
Жас бала демеңіздер, сірә, бұлар.
Алла деп бұл айтысты біз бастадық,
Жөн білетін ағайын дұға қылар.
Армысың-ау, бармысың Мұқтар ақын,
Аузында – Алла, қолында құраны бар.
Мен сіздерге бір қызық айтайыншы,
Бұл айтыста сақалдының құрамы бар.
Бекболат, Сәбит аға, Көпен аға,
Сүннетті ұстанатын қырағылар.
Мұхаметжан секілді қыраны бар,
Алласына адал ғой, сірә бұлар.
Бер жағында құба сақал Мұхтар отыр,
Ар жағында Жүрсіндей сыңары бар.
Бір түрлі жыбыр етіп денем барады,
Баланың оған қалай шыдамы бар.
Қалың түктің ішіне еніп барам,
Қалың жұртым өздерің шығарып ал, – деп шырқады Әлібек Серғалиев.

Ал өз кезегінде Мұхтар Ниязовта қарап қалмай:

– Ау, адасқан адам құсап түн ішінде,
Әлібек нағып жүрсің жүн ішінде.
Денең қышып бара жатса моншаға бар,
Біз кінәлі боламыз ба бұл үшінде.
Бегарыс бастап келген бір топ ақын,
Бетімізді мазақтап күлдіңдер ғой.
Бір сағатқа шыдамай сахнада,
Сын сағатқа ауық-ауық ілдіңдер ғой.
Мүміннің сақалының зияны жоқ,
Түзу отыр көздерің күлгінденбей.
Бұзып шыққыш болсаң сен шықпады ба,
Бұданда сорақысын білдіңдер ғой.
Маркстің сақалының ішінде де,
Адасып жетпіс жыл бойы жүрдіңдер ғой, – деп жауап қатты.


Әлібек пен Мұхтардың айтысын тыңдаңыз:

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG