Accessibility links

Аманжол мен Айнұрдың айтысы


Ақын Аманжол Әлтаев (ортада) айтыстың бас жүлдесін иемденді. Астана, 13 желтоқсан 2010 жыл.

Ақын Аманжол Әлтаев (ортада) айтыстың бас жүлдесін иемденді. Астана, 13 желтоқсан 2010 жыл.

Желтоқсанда өткен «Тәуелсіздік тағылымы» атты жыр додасының ақтық сайысында Аманжол Әлтаев пен Айнұр Тұрсынбаева айтысты. Бұл айтыста бас жүлде Аманжол Әлтаевқа берілді.


Бас-аяғы үш күнге созылған айтыстың ақтық сайысына ең жоғарғы ұпай жинаған Аманжол Әлтаев пен Айнұр Тұрсынбаева шықты. Қазылар алқасы "Айнұр Аманжолға жолын берді" деп шешіп, айтыстың бас бәйгесін Аманжол Әлтаевқа, бірінші орынды Айнұр Тұрсынбаеваға берді.

Айтысты бастаған Аманжол Әлтаев қазақ тарихын жырмен өрнектеп шықты.

– Тұлпарға тұмар тақтырған,
Атанға кілем жаптырған.
Шуға кеп көшін тоқтатып,
Алтыннан қазық қақтырған.
Қазақтың басын құраған,
Қарашасына ұнаған.
Тәуелсіз хандық құрам деп,
Алладан медет сұраған.
Азаттық десем Керей мен
Жәнібек еске түседі.
Келсе де небір ақтабан,
Қазақты Құдай сақтаған.
Абылайдайын еріммен,
Тәуелсіз күнде мақтанам.
Батыры елді қорғаған,
Билері сөзін жолдаған.
Үш жүздің құрап бастарын,
Жамандық ісі болмаған.
Тәуелсіздік десем кешегі,
Абылай еске түседі.
Ереуіл атқа ер салған,
Егеулі найза қолға алған.
Есілер жерде есілген,
Көсілер жерде көсілген.
Қаймана қазақ қамы үшін,
Ғазиз да басы кесілген.
Исатай, Махамбеттерді,
Шығарам қайтіп есімнен.
Артына әскер жиылған,
Соққысын берген қиырдан.
Шегірмен он жыл соғысып,
Қорға деп жерді бұйырған.
Азаттық десем кешегі,
Хан Кене еске түседі.
Алашым менің Алашым,
Бел буып алға барасың.
Әлихан, Ахметтердің,
Төмендетпейік бағасын.
Мағжандай ақын наркескен,
Толғаған заман жаласын.
Алаштың асыл ұлдарын,
Еске алмай қалай қаласың.
Желтоқсандағы заңдылық,
Болуы әбден заңдылық.
Еріңді тақтан тайдырып,
Келгенде Колбин қаңғырып.
Ботаңды сонда боздатты-ау,
Алыстан әскер алдырып.
Қазағым барда өшпейді,
Желтоқсандағы жаңғырық, – деп жырлады Аманжол Әлтаев.

Ал ақтық айтыста онымен өнер сайыстырған Айнұр Тұрсынбаева бұл жолы бәсекелесіне жолын берді.

– Аманжол ағам сен едің,
Аймаңдайлы айбарлым.
Үш жыл бойы айтысқа,
Сен шықпай қойдың, ағатай,
Мен оған біраз ойландым.
Тиісуші едің баяғыда,
Ол еркелікті негізі,
Мен баяғыда қойғанмын.
Аға деп бүгін құрметтеп,
Жолымды беріп кетейін,
Ағасы сол ғой ойлардың.
Уақытша дейді дүние,
Жүлдеге әбден тойғанмын.
Айтыстан қалмай, Аманжол,
Төрінде жүрші тойлардың! – деді Айнұр Тұрсынбаева.

2010 жылы желтоқсан және наурыз айларында өткен айтыстардың барлығын Азаттық сайтының арнайы парақшасынан таба аласыздар.

Аманжол мен Айнұрдың айтысын тыңдаңыз:

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG