Accessibility links

Бекарыс пен Мұхтардың айтысы


«Тәуелсіздік тағылымы» айтысына қатысқан ақындар. Астана, 13 желтоқсан 2010 жыл.

«Тәуелсіздік тағылымы» айтысына қатысқан ақындар. Астана, 13 желтоқсан 2010 жыл.

Астана қаласында «Тәуелсіздік тағылымы» тақырыбымен өткен айтыстың төртінші жұбы болып ел алдына Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Бекарыс Шойбеков пен Қызылорда облысының жас ақыны Мұхтар Ниязов шықты.


Бұл екі айтыскер де көпшілік алдында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Астанаға және ЕҚЫҰ саммитіне мадақ жырларын арнады. Мұхтар Ниязов Оңтүстік Қазақстандағы өзекті мәселелерді жырға қосты.

– Жалғайын көңілімнің көлемді әнін,
Көкейде жүрген сауал көп еді ғой,
Сыздықдатып сұрайын деген бәрін.
Оңтүстік жылда бір шу шығарады,
Білмеймін бұл жандарға не болғанын?!
Қай жылы СПИД-пенен дүрліктіріп,
Көпке дейін өз-өзіңе келе алмадың.
Бұдан кейін айқасып шегірткемен,
Күттіңдер бар егінді жеп алғанын.
Қырым қанды безгегі болып жатты,
Қарқ қып оған соққы бере алмадың.
Хандық құрған Кененің ұрпағы едік,
Жәндік туған кенені жеңе алмадың.
Көп жағдайда көрерміз шекарада,
Қазақта өзбектерден төмен халің.
Бұрын-соңды болмаған шекарамды,
Нұр-ағам бекітті ғой кемел әрім.
Соның өзін үлгерткен жоқсыздар ғой,
Бер жақта отырып алып көрем бәрін.
Ташкент сол Төле би жатқан жер ғой,
Ерекше құрметтейді ел аруағын.
Барлық сол өзбекке ұстаттың да,
Қайтарып сынық сүйем жер алмадың.
Аталарың қалдырған қанша жерді,
Акалардың қолынан неге алмадың, – деп аймақ мәселесін жырмен өрнектеген Мұхтар Ниязовқа қарсыласы Бекарыс Шойбеков қайтарма жауабында шенеуніктерді сынай келіп, Қазақстанның мемлекеттік шекарасы туралы өз ойын да бүкпесіз жеткізді.

– Мен сені деп жүр едім саналы ғой,
Аямай ағасына қарады ғой.
Кене менен шегіртке басты екен деп,
Баяғы тонды әкеліп жабады ғой.
Шегіртке бізге келсе айып па екен,
Себебі, іздегенін табады ғой.
Шенеуніктер секілді шегіртке де,
Мұхтаржан жейтін жерге барады ғой.
Қызыққа бөлеп отсың осы араны,
Өлеңі шашу етіп атағаны.
Аталар жатқан жерде алмады деп,
Өнбес дауды қуғанда не табады.
Шекараны сызуды маған берсе,
Әлдеқашан қосар ем екі араны.
Қазақтың ең алғашқы астанасы,
Орынбордан бастар ем шекараны.
Мәлім ғой өзімізге өткеніміз,
Саналы, сергек елміз өйткені біз.
«Қазақта бұрын шекара болмаған» деп
Көкитін көкелерге өкпеліміз.
Оларға қажет емес біздің мұндай,
Жерге қандай азаппен жеткеніміз, – деп жырлады Бекарыс Шойбеков.

Бекарыс пен Мұхтардың айтысын мына жерден тыңдай аласыздар:

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG