Accessibility links

Күмісай мен Шырынбектің айтысы


Айтыскер ақын Күмісай Сәрсенбаева. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.

Айтыскер ақын Күмісай Сәрсенбаева. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.

Былтыр желтоқсанда Астанада өткен «Тәуелсіздік тағылымы» айтысының екінші күнгі соңғы жұбы – жамбылдық Күмісай Сәрсенбаева мен астаналық Шырынбек Қойлыбаев.


Үш күнге созылған айтыстың екінші күнгі соңғы жұбы да бұған дейін айтысқан әріптестеріндей президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына, Астанада өткен ЕҚЫҰ саммитіне және Астана қаласына мадақ жыр арнады.

Сөз сайысын бастаған Шырынбек Қойлыбаев қарсыласы Күмісайға қайны ретінде қалжың жырға ерік бере келіп, қазіргі таңдағы қазақ қыздарының киім кию үлгісін өлең сөзбен сынап өтті.

– Туып тұр алмағайып басқа заман,
Тұнығың қалды ма елім ластамаған.
Тобығынан төгілтіп көйлек киген,
Қыздарды көре алмайсың еш қаладан.
Көшеге шыға қалсаң көз сүрінер,
Еркелерден етегін ашқан әмән.
Қазақ едік қымсынып қай кезде де,
Қымтап бәрін ұстауды қош санаған.
Кіндігін жарқыратып жүрмек түгіл,
Түндігін түнде ашық тастамаған, – деп жырлады Шырынбек Қойлыбаев.

Ал, Шырынбектің жұптасы Күмісай Сәрсенбаева 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын жыр етті.

– Кеңестік кезде білесің тағдырың қылға ілінген,
Қызыл жендеттер ірткі сап, арасы елдің бүлінген.
Қаңғырған Колбин қолымен жыртылып жағаң бүрілген,
Қазақты қазақ жау көріп, шошыдың бірің біріңнен.
Қонаевқа бір кезде қол беру үшін жүгірген,
Сырт айналып талайлар қорғаштап жаннан түңілген.
Қазақтың сонда намысы Желтоқсан болып тірілген,
Қойдай қырылып жастарың, қоштастың қанша гүліңмен.
Егемендіктің түндігі ең алғаш сонда түрілген,
Бодандықтың бұғауы бордай боп сонда үгілген.
Шіренген қызыл өкіметтің тізесі сонда бүгілген.
Адастырған дініңнен, аластаған тіліңнен,
Сұрқия сол бір саясат тұрмастай сонда сүрінген.
Азаттық туы желбіреп, ең алғаш бізде тігілген, – деп Күмісай Сәрсенбаева Желтоқсан оқиғасын жырмен өрнектеді.

Шырынбек пен Күмісайдың айтысын мына жерден тыңдаңыз:

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG