Accessibility links

Назарбаева әлеуметтік желіден «жағымсыз ықпал» көреді


Мәжіліс вице-спикері Дариға Назарбаева Еуразия медиа форумында сөйлеп тұр. Астана, 24 сәуір 2014 жыл. (24kz телеарнасынан скрин-шот)

Мәжіліс вице-спикері Дариға Назарбаева Еуразия медиа форумында сөйлеп тұр. Астана, 24 сәуір 2014 жыл. (24kz телеарнасынан скрин-шот)

Мәжіліс вице-спикері Дариға Назарбаева қазіргі кезде «жалған ақпарат тарататын алаңға» айналған әлеуметтік желілердің «жағымсыз ықпалынан» қоғамды қорғауға шақырды.

Қазақстан парламенті мәжілісі төрағасының орынбасары, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева қазір әлеуметтік желілер арқылы «жалған ақпарат тарату жиілеп» отырғанын айтып, қоғамды оның «теріс ықпалынан қорғау» қажет деп санайды. Бұл туралы ол сәуірдің 24-і күні Астанада басталған Еуразия медиа форумында мәлімдеді.

Еуразия медиа форумының негізін қалаушы Назарбаева сәуір айында Украинада болған оқиғаларды мысалға келтіріп, «жалған ақпарат дауылының басым бөлігі әлеуметтік желілер мен блогтар арқылы таралғанын» айтты. Сонымен бірге ол Түркияда билік орындары интернеттегі Youtube, Twitter сайттарын бұғаулап, кейін қайта ашқанын, көршілес Ресейде мемлекеттік дума «танымал блогерлерді бұқаралық ақпарат құралына теңестіретін» заңды мақұлдағанын да атап өткен.

«Танымал әлеуметтік желілер көп жағдайда, әсіресе дағдарыс кезінде пікір алмасу алаңынан сөзбен тәжікелесіп, бірін-бірі айыптайтын және толассыз байбалам салатын орынға айналып кетеді. Қоғам мұндай электрондық вируспен еліруден қорғануды үйренуі тиіс, соған міндетті де. Тыйым салу емес, бірақ қорғану керек» деген Назарбаева.

Ол Украинадағы оқиғалар Қазақстанды да толғандыратынын айтты.

«Ортақ байланысымыз берік, жақсы досымыз, әрі сенімді серігіміз Украинаға біздің қабырғамыз қайысады. Бұл оқиғаларды біз өзіміздікі деп қабылдаймыз» деген Назарбаева.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ХАТЫ

Сәуірдің 24-і күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында басталған ХІІ Еуразия медиа форумының ашылуында Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Әділбек Жақсыбеков форумға қатысушыларға президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқыды. Форумға Назарбаевтың өзі қатысқан жоқ.

Президенттің хатында медиа форумдағы конструктивтік диалогтың өзара түсіністік пен сенімнің нығаюына қызмет ететіні, 12 жылда форумның халықаралық деңгейге көтеріліп, әлемдік маңызды проблемалар талқыланатын алаңға айналғаны айтылған.

Назарбаев бұған қоса Еуразия экономикалық одағы туралы идеясын ұсынғанына 20 жыл болатынын айтып, «еуразиялық интеграция дамудың жаңа кезеңге өткенін» атап өткен.

«Мамыр айында дәл осы Астанада Еуразия экономикалық одағын құру туралы тарихи келісімге қол қойылады» деген Назарбаев хатында.

Форумға бірқатар елден келген саясаткерлер, сарапшылар мен журналистер қатысып отыр. Екі күн өтетін форумның күн тәртібінде әлемде болып жатқан өзгерістер, Иранның ядролық бағдарламасы, Украинадағы дағдарыс, еуразиялық интеграция мен әлеуметтік желілердің ықпалы жайлы сөз болмақ.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумға қатысуға 46 елден сарапшылар шақырылған, олардың төртеуі - Австрия, АҚШ, Сирия және Украина өкілдері жиынға келуден бас тартқан деп хабарлайды Tengrinews сайты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG