Accessibility links

Мейрамовтар отбасы үйінен шығаруды күтіп отыр


Әділбек Мейрамов пен оның әйелі Гүлзада Арықбаева. Астана, 28 желтоқсан 2015 жыл.

Әділбек Мейрамов пен оның әйелі Гүлзада Арықбаева. Астана, 28 желтоқсан 2015 жыл.

Былтыр жыл аяғында қоғамда шу болған Астана орталығында тұратын Мейрамовтар отбасын үйінен шығару енді көктемге жоспарланған. Отағасы «үйімді бұзуды сол күйі тоқтата алмадым» деп қынжылады.

Әділбек Мейрамов Астананың орталығындағы үйін сүріп, әйелі, кәмелетке толмаған үш баласымен үйінен шығару туралы шешімнің күшін жойдыруға тырысып құзырлы орындарға әлі барып жүр. Жуырда ол арызын Астана әкімі Әділбек Жақсыбековтің қала халқына есеп беру жиынында әкімнің өзіне табыстаған. Ол «әкім жағдайымды білмейді екен, бүкіл мән-жайды анықтауға уәде берді» дейді.

Астана әкімдігі баспасөзі қызметінің өкілдері Азаттыққа Мейрамовтар отбасына көктемге дейін қалуға рұқсат берілгенін хабарлады, бірақ дәл қай күнге дейін екенін айтпады.

БЕЛГІСІЗДІК

Сот шешімін орындаушылардың 2015 жылғы желтоқсанның 25-і күні Мейрамовтарды үйінен шағуға тырысқан әрекеті қоғамдық пікір тудырып, ал Азаттықтың Әділбек Мейрамов пен оның жұбайы – өзіне-өзі пышақ салатынын айтып қорқытқан Гүлзада Арықбаеваның сот шешімін орындаушылармен қақтығысынан түсірген видеокадрларын әлеуметтік желілерде мыңдаған адам көрген.

Мейрамовтарды үйден шығару талпынысы (2015 жылы желтоқсанның 25-і түсірілген орыс тіліндегі видео):

Кейін көмектескісі келетінін айтып Әділбек Мейрамовқа адамдар келе бастаған. Бірақ оның айтуынша, сол күйі ешкім көмектесе алмаған, бала-шағасы үйінен шығарады деген қорқынышпен өмір сүріп жатыр. Ол қазір реті келген жұмысқа жалданатынын немесе таксопаркте істейтінін, кейде үй жөндеумен айналысатынын айтады.

Ол қаңтарда әйелі Гүлзада Арықбаева екеуі парламент депутаттарымен кездесуге барған, бірақ әлгі кездесулерден түк шықпаған.

Әділбек Мейрамов сүрілуі тиіс үйінің жанында тұр. Астана, 29 желтоқсан 2015 жыл.

Әділбек Мейрамов сүрілуі тиіс үйінің жанында тұр. Астана, 29 желтоқсан 2015 жыл.

- Бізге «Міне, сендерге осынша ақша бөлеміз, енді осы ақшаға арзанырақ жер сатып аласыңдар» дейді. Бұл – бүкіл сома емес, олар бізге екі миллион 700 мың теңге бөлген, оны сенімхатпен алуға тиіспіз. Бірақ әдеттегідей бізді мазақ етеді. Кейін «әлдебір үйлер болып жатса, ескі құрылыс материалдарын береміз» деді. Ал біреулерге, мысалы Соловьеваға «оларға жер бөлдік, ақша бердік» депті, ал біз барсақ, мазақ етеді, - дейді Гүлзада Арықбаева.

БИЛІКТІҢ «ВАРИАНТЫ»

Мейрамовтар отбасына көмектескісі келген алғашқы адамдардың бірі парламент депутаты Айгүл Соловьева болатын. Ол бұл отбасының қамымен әділет вице-министріне телефон соғып, әкімдікке екі рет барып жүріп, бұл отбасыға әлдебір вариант ұсынуға қол жеткізгенін, бірақ отағасы оған «көнгісі келмей, қашқақтағанын» айтады.

- Астана тұрғын үй департаменті оған екі-үш орыннан екі миллион теңгеге жер сатып алуды ұсыныпты. Оған әлгі үйді бұзып, көшіріп апару үшін көлік жағынан қарайласамыз деп уәде еткен. Бірақ ол әлі есеп-шот ашпай жүр. Бұған қоса, біз сот шешімін орындаушыларға телефон соғып, көндірген соң олар ақшаны қайда аударуды айтатын шығар деп оны бір апта күтті. Біз көмектесуге тырыстық, бірақ ол мұны әділетсіздік санап, өз позициясында қалды, - дейді Айгүл Соловьева.

Әділбек Мейрамовтың ұлы жуынатын бөлмеде жүр. Астана, 28 желтоқсан 2015 жыл.

Әділбек Мейрамовтың ұлы жуынатын бөлмеде жүр. Астана, 28 желтоқсан 2015 жыл.

Оның айтуынша, парламент депутаттары биліктен тұрмысы нашар отбасы ретінде Мейрамовтар отбасын қыстыгүні, яғни жылу маусымы аяқталғанға дейін шығармауды сұраған. Депутат Соловьеваның пікірінше, сот «бүкіл тараптардың шағым-талаптарын жан-жақты қарап», Әділбек Мейрамов – үйдің оннан бір бөлігінің ғана қожайыны деп тапқан, сондықтан үйден шығарылуы тиіс деп шешкен.

Мейрамовтар отбасын сот үйді бұзу жөніндегі шешімге байланысты баспаналарынан шығармақ. Үй өтемақысын бөлуге қатысты туған дау сотта бірнеше жыл бойы қаралды. Әділбек Мейрамовтың айтуынша, даулы үйдің 70 пайызы әкесінен мұраға қалған, ал қалған 30 пайызы әкесінің бауырына тиген, ол еншісін өз балаларына берген. Ол «қолымда үйге меншік құқығын растайтын бүкіл құжаттарым бар» деген уәжбен ақшаның көп бөлігін туыстары алғанына келіспейді.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG