Accessibility links

«Назарбаев бригадасын» құру да сөз болды


Орталық Азияның бес еліне ортақ бітімгер күш құруды ұсынушылар «ол аймаққа қандай да бір қауіп-қатер төнген жағдайда жедел әрекет етуге керек» дейді.

Бүгін Астанадағы ұлттық музейде «Президент Назарбаевтың алғашқы сарбаздары» тақырыбында «​патриоттық»​ деп сипатталған форум өтті. Жиынды «Ардагерлер одағы» республикалық қоғамдық қоры, «Тәжік-ауған шекарасындағы әскери қимылдар мен қақтығыстарға қатысқандардың ардагерлер одағы» ұйымы мен «Қайсар» әскери-патриоттық клубының Маңғыстау өңірлік лигасы ұйымы өткізді.​

Форумға бірнеше үкіметтік емес ұйым басшылары, бұрынғы депутаттар, 1993-2001 жылдары тәжік-ауған шекарасында болған қақтығысқа қатысқандар, Ауған соғысы ардагерлері және қазір Астанада әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар қатысты.

Жиында айтылған ұсыныстың бірі – Орталық Азиядағы бес елге (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан) ортақ бітімгершілік күшін құру болды.

– Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ, БҰҰ-ның қарауындағы бітімгершілік күшін құру керек. Және оның орталығы Қазақстанда болуы тиіс. Бұдан бөлек Қазақстан қарулы күштерінің бас қолбасшысы Назарбаевқа ғана бағынатын, тәжік-ауған шекарасындағы, Ауғанстандағы, Ирактағы соғыс ошақтарында тәжірбие жинақтаған сарбаздардан құралатын арнайы бригада не дивизия әлде армиялық корпус құру керек. Ол Назарбаевтың атында болу керек, – деді «Тәжік-ауған шекарасындағы әскери қимылдар мен қақтығыстарға қатысқандардың ардагерлер одағы» жетекшісі Мұрат Мұхамеджанов.

"Тәжік-ауған шекарасындағы әскери қимылдар мен қақтығыстарға қатысушылардың ардагерлер одағы" ұйымының жетекшісі Мұрат Мұхамеджанов. Астана, 4 қараша 2015 жыл.

"Тәжік-ауған шекарасындағы әскери қимылдар мен қақтығыстарға қатысушылардың ардагерлер одағы" ұйымының жетекшісі Мұрат Мұхамеджанов. Астана, 4 қараша 2015 жыл.

Бұл бастаманы «Ауғанстандағы жағдайдың шиеленісуіне орай аймақтағы қауіпсіздікті сақтау үшін жасаған әрекетіміз» деп түсіндірген Мұрат Мұхамеджанов тұжырымдамаларын президент Назарбаевқа жібергендерін де айтты.

Мұрат Мұхамеджанов форумда бірнеше үкіметтік емес ұйым атынан Қазақстан премьер-министріне, мемлекеттік хатшыға, қауіпсіздік кеңесінің төрағасына, сенат пен мәжілістегі халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеттері басшыларына жолдаған үндеулерін де оқыды. Онда «тәжік-ауған шекарасындағы қақтығысқа қатысқан жауынгерлердің заңды мәртебесін Ұлы отан соғысы (Екінші дүниежүзілік соғыс – ред.) ардагерлерімен теңестіріп, әлеуметтік қолдаулар көрсетсін», «тәжік-ауған соғысына қатысып тәжірбие жинақтаған сарбаздарға басқа мемлекеттердегі бітімгершілік күштер қатарына өз қалауымен баруға рұқсат етілсін», «жастарды патриоттыққа тәрбиелеу үшін әскери-патриоттық телеканал ашылсын» деген ұсыныстар айтылған.

Жиынға қонақ ретінде келушілердің бірі – «Әлеуметтік әріптестік орталығы» қоғамдық қорының бас директоры Нұрлан Ерімбетов тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыста қаза болған сарбаздарды «бүгінгі күннің батырлары» деп сипаттап, «олардың жетістіктері теледидар жұлдыздарының көлеңкесінде қалғанына қынжылатынын» айтты.

Форум барысында «1993-2001 жылдары тәжік-ауған шекарасында 8 мыңнан астам қазақстандық сарбаз әскери борышын өтеп, олардың 32-сі сонда қаза тапты» деген дерек айтылды. Жиында сол кезде қайтыс болған сарбаздар жайлы бейне қойылым көрсетіліп, марқұмдардың ата-аналары сөйледі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG