Accessibility links

Головкин мен «Астана» арасында дау туды


Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин.

Кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкиннің «Астана» президенттік спорт клубына кірмейтіні мәлім болды. Клуб өкілдері «демеушілік қаржы қарастырылып қойған» деп мәлімдеді.

Кәсіпқой бокстан WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннің менеджері жасаған спортшының «Астана» президенттік спорт клубына кірмейтіні туралы мәлімдемесі дау туғызды. «Астана» клубының өкілі қазанның 15-і күні Азаттыққа «Головкинге үш миллион доллар бермекші болғанбыз, ал жарты миллион доллар былтыр аударғанбыз» деп хабарлады.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қаржыландыратын «Астана» президенттік спорт клубы 2013 жылы белгілі қазақстандық спортшылар Илья Ильин, Денис Тен және Геннадий Головкинге клуб мүшелері ретінде қаржы бөлетінін мәлімдеген. Бірнеше спорт түрінен командалық және жеке жобалардың басын қосатын бұл клубты көпшілік «Астана» велокомандасы арқылы жақсы таниды.

Биылғы қазанның 12-сі күні Головкиннің менеджері Олег Герман жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында боксшы «Астана» клубына әлі қабылданбағанын, келісім-шартқа қол қойылмағанын мәлімдеді.

«Геннадий президенттік клубтың мүшесі емес. Бұған дейін спортшының командасы бұл туралы ештеңе айтпады. Рас, біз «Астана» командасымен келіссөз жүргіздік. Тіпті 2013 жылы қарашада меморандумға қол қойдық, бірақ бұл келісім-шарт емес еді. Осыдан кейін «Астана» Головкин-Стивенс кездесуін ұйымдастыруға ақша бөлді. Одан кейін «Астанадан» Головкин ешқандай көмек алған жоқ. «Астана» меморандумында айтылған уәделердің бәрін орындаудан бас тартты» дейді Герман.

Спортшының менеджері «Астананың» Головкиннің жаттығуы мен кездесулерін ұйымдастыру ақысын төлеп, ай сайын қосымша қаржы беру туралы ұсынысын жарнама деп қана қабылдайды.

Ал «Астана» клубының бас менеджері, Атланта олимпиадасының чемпионы Юрий Мельниченконың Азаттыққа берген ресми мәлімдемесінде Геннадий Головкинге «Астана» келісім-шартты мамыр айында жібергені, әлі жауап келмегені жазылған.

Юрий Мельниченко "Астана" президенттік спорт клубының өкілі. Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы баспасөз қызметінен алынды.

Юрий Мельниченко "Астана" президенттік спорт клубының өкілі. Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы баспасөз қызметінен алынды.

«2014 жылы наурызда «Самұрық-Қазына» қоры Головкинге жылына 915 мың доллар бөлу туралы шешім шығарған. Біз Головкинге үш жылда үш миллион доллар бөлуге дайын болдық. Ал 20 мамырда келісім-шартты Головкиннің менеджері Герман мырзаға жібердік. 27 мамырда Олег Герман келісім-шартқа түзетулер мен өз ұсыныстарын енгізіп, бізге жіберген. Екі күннен кейін біз ол түзетулермен келісіп, қайта хат жібердік. Содан бері олардан жауап жоқ. 2013 жылы біз Головкиннің Стивенспен өткізетін кездесуіне 500 мың доллар жібердік. Ал Герман мырза «Астана» Головкин-Стивенс кездесуіне аз ақша берді деп отыр. Головкиннің менеджерінің мәлімдемесіне бәріміз таң қалып отырмыз» деп мәлімдейді ол.

Ал «Самұрық-Қазына» қорының қоғаммен байланыс департаментінің директоры Айдар Махметов Азаттыққа «Астана» клубы бұл мәселені шешу жолын талқылап жатқанын айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҮКІМЕТ ҚОЛДАЙТЫН СПОРТ ТҮРЛЕРІ

Соңғы жылдары әлемдік кәсіпқой бокстағы ең танымал спортшылардың біріне айналған қазақстандық Геннадий Головкин 18 қазанда АҚШ-тың Карсон қаласында мексикалық Марко Антонио Рубиомен кездеседі. Ол осыған дейін кәсіпқой бокста 30 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен.

«Самұрық-Қазына» әл-ауқаттық қорына қарайтын «Астана» президенттік спорт клубы 2012 жылы құрылған. Клубқа 13 федерация, «Қазақстан барысы» жобасы, «Астана» атты велоклуб, футбол және баскетбол командалары кіреді. Президенттік клуб бірнеше жеке спортшыларды да қаржыландырады.

«Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Өмірзақ Шөкеев былтыр Сочи олимпиадасына дайындық қарсаңында «Астана» клубының бюджеті тұтас спорт агенттігінің бюджетімен тең» деп мәлімдеген. 2013 жылы «Астана» клубы шаңғы федерациясының өзіне ғана 300 миллион теңге қаржы бөлген еді.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG