Accessibility links

Бес әйелді аштықты доғаруға шақырды


Аштық жариялаушылардың бірі Бәтима Берсанова (мүгедектер арбасында) ауруханада отыр. Бер жағында наразы әйелдер өкілі Ольга Рубахова тұр. Астана, 23 тамыз 2014 жыл. (Батима Берсанованың туыстары берген фото)

Аштық жариялаушылардың бірі Бәтима Берсанова (мүгедектер арбасында) ауруханада отыр. Бер жағында наразы әйелдер өкілі Ольга Рубахова тұр. Астана, 23 тамыз 2014 жыл. (Батима Берсанованың туыстары берген фото)

Интернет белсенділер Астанадағы аштық жариялап жатқан әйелдерді өмірлеріне қатер төндіретін бұл шараны тоқтатуға шақырды. Оларға жер үшін басқаша күресу керегін айтқанмен жолын көрсетпеген.

Астанадағы жерлері мемлекет мұқтаждығына алынып, үйлері сүрілген кезде берілген өтемақыға наразы бірнеше әйел әуелі ереуіл жасап, кейін аштық жариялауға көшкен еді. Олардың бірі Бәтима Берсенова жағдайы ауырлап, тамыздың 23-інде ауруханаға түскен. Осы аптада кейбір интернет-белсенділер оларды қарсылық шарасын тоқтатуға шақырды.

Қарсылық шарасын өткізіп жатқан әйелдердің өкілі Ольга Рубахованың айтуынша, 20 күннен бері аштық жариялаған, оның соңғы төрт күнінде нәр татпаған өзге бес әйелдің де жағдайы ауыр.

– Денелері әлсіреп, қозғала алмай қалды. Аштық өмірлеріне қауіп төндіре бастады, – дейді Ольга Рубахова.

Аштық жариялап жатқан әйелдер. Астана, 22 тамыз 2014 жыл.

Аштық жариялап жатқан әйелдер. Астана, 22 тамыз 2014 жыл.

Алматылық белсенді Бақытжан Төреғожина Facebook әлеуметтік желісі арқылы аштық жариялаған бес әйелге үндеу жасады. Ол аштықты тоқтатып, басқаша күресу керегін айтқанымен, қандай жол екенін көрсетпеген.

«Біздің билік, президент Назарбаев көз жастарыңа, өмірлеріңе татымайды. Құқықтарың үшін басқаша күресіңдер! Кесірі тимей тұрғанда аштықты тоқтатыңдар. Балаларыңа керексіңдер! Отбасыларыңа керексіңдер!» деп жазады Бақытжан Төреғожина.

Ол үндеуіне жазған комментарийлерінің бірінде ары қарай не істеу керегін білмейтінін айтады. «Не істейді, әділдікке қалай жетеді – оны ойлану керек... Қазір оларға қажеті – денсаулықтарын оңалтау» дейді белсенді.

Интернет белсенділердің көбісі Бақытжан Төреғожинаны қолдады, бірақ өзгеше ойлаушылар да бар.

Арай Шалабаев: «Бақытжан Төреғожина, олар басқаша қайтіп күресе алады? Оларда екі-ақ жол бар: я өлім, я баспанаға қол жеткізу. Қаңғыбас болып көшеде қалуды өздері қаламайды. Қаңғыбас болып қалу – олар үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың таңдап қойған жолы. Одан да дұрыс баспанаға қалай қол жеткізуге болатынын айтыңыз. Сіз көптеген адамдарға қиын жағдайдан шығуға көмектестіңіз ғой. Мысалы, Болат Атабаевқа» деп жазады.

Аштық жариялап жатқан әйелдер. Астана, 22 тамыз 2014 жыл.

Аштық жариялап жатқан әйелдер. Астана, 22 тамыз 2014 жыл.

Наразылық танытушы әйелдердің өкілі Ольга Рубахова әу басынан аштық жариялауға қарсы болған. Ол әріптестерін бұл амалдан бас тартуға шақырып жүр. Белсенді әйел 20 күндік наразылық таныту кезінде олардың талап-тілегіне ешкімнің құлақ аспасына көзі жеткенін айтады.

«Әйелдерге тұтас қоғамның қолдауы керек. Бірақ біз үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ), депутаттар мен құқық қорғаушылардың самарқаулығын көріп келеміз. Бұл уақыт ішінде Астанада бізге келген, телефон соққан, қолдау білдірген ешкім болған жоқ. Тек Алматыдан көмектескісі келгендер болды. Барлық ҮЕҰ-ларымыздың, құқық қорғаушыларымыздың билік қол-аяғын байлап қойғандай көрінеді» дейді Ольга Рубахова.

Оның сөзінше, әйелдер аштық акциясын тоқтатса да, өмірлеріне қауіп төндірмес үшін уақытша дамылдамақ.

Аштық акциясы өтіп жатқан үй. Астана, 22 тамыз 2014 жыл.

Аштық акциясы өтіп жатқан үй. Астана, 22 тамыз 2014 жыл.

Астананың бес тұрғыны тамыздың 6-сы күні аштық жариялаған еді. Олар «мемлекет мұқтаждығы» үшін алынған жер учаскелері мен саяжай ауданындағы бұзылған үйлері үшін берілген төлемақы тым аз деп санайды. Кешірек бұл бес әйелге және бір тұрғын қосылған.

Бұл әйелдер өздерін мемлекет меншігіне өткен жер учаскелері мен үйлерінен басқа мүлкі жоқ әлеуметтік жағдайы нашар тұрғындармыз деп санайды. Олардың бірі Сандуғаш Серікбаева – бесінші перзентіне аяғы ауыр көп балалы ана.

Әйелдер Астана әкімдігі берген 5 миллион теңге көлеміндегі компенсацияны алудан бас тартып отыр. Олар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке қабылдауында болғылары келеді. Наразы әйелдер өздерінің мәселесін тек президент шеше алады деп ойлайды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG