Accessibility links

Депутаттар үй бұзуды тоқтатуға жарым уәде берді


Үйлері бұзылған наразы саяжай тұрғындары. Астана, 14 сәуір 2014 жыл

Үйлері бұзылған наразы саяжай тұрғындары. Астана, 14 сәуір 2014 жыл

Жерін «мемлекетке қажет» деген уәжбен алуға қарсы астаналықтар парламент депутаттарымен кездесті. Депутаттар көмектесуге уәде бергенімен, сот қызметіне араласа алмайтынын айтты.

Көп балалы Сандуғаш Серікбаева сәуірдің 25-і күні бала-шағасымен тағы да далада қалуы мүмкін. Сандуғашты бала-шағасымен паналатып отырған көрші отбасы Әбдірахым Бейсеннің де үйі бұзылып, жер телімі «мемлекет қажетіне» алынбақ. Бірақ бұл мәселе бойынша мамырдың 15-іне белгіленген бас прокурордың қабылдауына дейін олардың үйін бұзып тастайтын сыңайлы. Сондықтан бас прокурордың қабылдауына кіру үшін Сандуғаш осы аптада наразылық акциясын өткізуге мәжбүр болды.

"МЕМЛЕКЕТ МҰҚТАЖДЫҒЫ - СЫЛТАУ"

Бұл - Сандуғаш Серікбаеваның алғашқы наразылық акциясы емес. Баспанасын сақтап қалуға тырысқан әйел былтыр қараша айында туыс әпкесімен бірге құрылыс кранына шығып, бес күн бойы қарсылық білдірген. Бірақ бұл әрекетінен нәтиже шықпай, әйелдің үйін бұзып тастаған. Оның айтуынша, әуелі жерін «мемлекет қажеті» деген желеумен алып қойған, ал кейін берген анықтама қағазда жердің мұндай себеппен алынғаны туралы көрсетпеген.

"Біздің жерімізді Назарбаев университетін кеңейту үшін алды. Бірақ қазір бұзылған үйіміздің орнына тұрғын үйлер салынып жатыр. Неліктен біздің жерімізді мемлекетке қажет деген сылтаумен алады да, кейін қайта сатады? Назарбаев университет – акционерлік қоғам. Олар мұны әдейі істеп отыр. Сот арқылы жерді тартып алу үшін әкімдік мемлекеттік механизмді пайдаланады, ал бізге оны сатудан бас тартуға мүмкіндік бермейді" дейді Сандуғаш Серікбаева. Парламент депутаттары үйлері бұзылатын астаналықтармен кездесіп отыр. 18 сәуір 2014 жыл

Парламент депутаттары үйлері бұзылатын астаналықтармен кездесіп отыр. 18 сәуір 2014 жыл



Парламент депутаттары Әсем Бимендина, Светлана Бычкова және Гүлнәр Сейітмағанбетовамен кездесуге келген 9 адамның айтуынша, олардың жерін қол қойылмаған, мөр басылмаған қаулымен алып, әлдебір келісім-шарт бекіткен. Бірақ іс жүзінде келісім-шарт дегені - бос бланкілер, ал кейін жерді алу бойынша сырттай сот өткізеді.

Мұны мемлекеттік бала бақша салу үшін жерін алып, үйі бұзылатын Алтын Шеруалиева да айтады.

"Бала бақшаны салып қойды, бірақ пайдалануға берген жоқ. Менің үйім жолдың арғы бетінде. Менімен әлдебір сату-сатып алу туралы келісім-шартқа отырдық дейді, бірақ онысы - таза бланк" дейді Алтын Шеруалиева.

Әйелдердің шағымын тыңдаған депутаттар «сіздердің жерлеріңізге қатысты сот шешімі шығып қойды, егер заңсыз бірдеңе тапса, үйлерді бұзуды бас прокуратура ғана тоқтата алады» деді.

"Бүгін сот отырысының стенограммасын аламыз, ал дүйсенбі күні депутаттар атынан бас прокуратураға хабарлаймыз. Қазір сот өндірісі жүріп жатыр, ал бізде заң саласы бар. Әуелі заң деңгейінде қарап, мұндай жағдайлар болмас үшін заңдарды қалай жақсартуды ойластыруымыз керек" дейді Светлана Бычкова.

«БАСПАНАҒА ЖАТПАЙДЫ»

Астананың наразылық білдірген тұрғындарының депутатармен кездесуіне бас прокуратура өкілі Марат Әбішев те келді. Оның айтуынша, бас прокуратура наурыз айында «мемлекет қажетіне» алынатын жерлер туралы парламент депутаттарымен мәжіліс өткізіп, әкімдік қаулылары мен сот актілерінің заңдылығын тексерген, бірақ ешқандай заң бұзушылықты таппаған.

"Арыз-шағымдардың көбіне жауап қайтарылды. Шағымдарға қатысты жауаптар күткендей болмаған соң, сіздер ұнамаған болуы керек. Сіздер әкімдіктің «мемлекетке қажет» деген уәждегі қаулылары күдік тудырады дейсіздер. Енді біз бұл жерлер шынымен «мемлекетке қажет» болды ма, жоқ па, соны анықтаймыз" дейді Марат Әбішев. Үйлерінің мемлекет мұқтаждығы үшін алынуына қарсы тұрғындар. Астана, 15 сәуір 2014 жыл

Үйлерінің мемлекет мұқтаждығы үшін алынуына қарсы тұрғындар. Астана, 15 сәуір 2014 жыл



Астананың бұл тұрғындарымен кездесу парламент депуттарының «бас прокуратура жер телімдерін мемлекет қажетіне алудың қаншалықты заңды екенін тексеріп біткенше, үйлерді бұзуды тоқтату мүмкіндігін қарастыруға тырысамыз» деген уәдесімен аяқталды.

Жер телімдерін мұндай уәжбен алуға қарсы Астана тұрғындары талай рет наразылық акциясын өткізді. Осы аптада ғана осындай екі акция өтіп, әйелдер өздерін парламент пен бас прокуратура алдындағы шарбаққа шынжырлап тастады. Сәуірдің 15-і күні бас прокуратура алдында өткен наразылық акциясын полицейлер қуып таратты.

Тұрғындардың айтуынша, қала билігі заңды жиын өткізуге рұқсат бермейтіндіктен, наразылық танытудың бұдан басқа амалы қалмаған.
Бірер күн бұрын Астана қаласы тұрғын үй басқармасы брифинг өткізіп, жаңа астананы кеңейтуге арналған аумақтарда орналасқан 741 саяжайдың биыл бұзылатынын мәлімдеді. Мемлекет мұндай жер телімі үшін орта есеппен 4-5 миллион теңге шамасында өтемақы төлейді. Ал жергілікті биліктің айтуынша, бұрынғы саяжай орналасқан жерде салынған үйлер «баспанаға жатпайтындықтан», жер иесіне бұдан артық өтемақы берілмейді. Баспана бағасы удай қымбат Астанада мұндай ақшаға басқа үй сатып алу мүмкін емес.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG