Accessibility links

«Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заң жобасы және кейбір іліктер


Кезіндегі парламент депутаттары Жақып Асанов (сол жақта) пен Айгүл Соловьева заң жобасын талқылау жиынында отыр. Астана, 14 желтоқсан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Кезіндегі парламент депутаттары Жақып Асанов (сол жақта) пен Айгүл Соловьева заң жобасын талқылау жиынында отыр. Астана, 14 желтоқсан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Бес жыл әзірленген «Ақпараттық қолжетімділік туралы» заң жобасы ақыры халықаралық сарапшылардың талқысына түсті. Ақпаратты жасырып немесе бұрмалаған мемлекеттік ведомстволарға қандай жаза қолданылатыны заң жобасында анық жазылмаған.

Бүгін Астанада өткен көптен бері уәде етіліп келген «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заң жобасын талқылауға арналған конференцияға парламент депутаттары, ЕҚЫҰ мен БҰҰ-ның даму бағдарламасы жанындағы халықаралық ұйым өкілдері мен жергілікті құқық қорғаушылар қатысты.

«ЖУРНАЛИСТЕР ШЕТ ҚАЛДЫ»

Журналистер конференцияда мүлде еленбей, шет қалды, кейінірек мұны әлдебір нышанға балады. Жиынға шақырылғандар үлкен үстелді жағалай жайғасты, олардың дәл алдындағы еденде заң жобасы презентациясын көрсеткен экрандар орнатылған. Заң жобасына тікелей қатысы бар жергілікті журналистерге орын артқы қатарлардан бұйырып, олар заң жобасы презентациясын көре алмады.

Журналистерге бұл конференцияны кім және не үшін ұйымдастырғаны жазылған баспасөз хабарламасы жазылған парақтар таратты. Бірақ оларға «Ақпаратқа қолжетімділік туралы», «Қоғамдық кеңестер туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобалары салынған папкалар тимеді. Бұған журналистердің ешқайсысы наразы болған жоқ. Тек кофе-брейкке шыққан үзілістен кейін «Сандж» зерттеулер орталығы директоры Жанар Жандосова ғана қынжылысын білдірді.

Жиынға келген депутаттар. Астана, 25 қыркүйек 2015 жыл.

Жиынға келген депутаттар. Астана, 25 қыркүйек 2015 жыл.

– Қазір елде ақпарат қолжетімді еместігін мына отырыстан байқауға болады. Журналистер жобаны талқылаудан шет қалып, арт жақта отыр. Оларды мазақ еткен сияқты көрінеді. «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заң жобасын талқылап жатырмыз, бірақ журналистерге экрандағы презентацияға көз тастауға мүмкіндік берілмеді. Оның үстіне, олардың ешқайсысының қолында заң жобасы жоқ, – деді Жанар Жандосова.

Залдағы журналистердің кейбірі бұл репликаны қошеметтеп, қол соқты. Бірақ, Жанар Жандосованың әлгі сөзіне қол соққан әріптестерін журналистердің көбі қолдамады. Парламент депутаттарының да ешқайсысы ләм-мим деп үн қатқан жоқ.

Ал конференция тақырыбы әлеуметтік желілерде де, ара-тұра Астананың биік мінберлерінен де айтылып жататын қордаланған проблемаларға арналған еді.

БЕС ЖЫЛ ЖАЗЫЛҒАН ЗАҢ ЖОБАСЫ

Жоба авторлары – «Нұр Отан» президенттік партиясы депутаттары бұл «күрделі» әрі ұзаққа созылған заң жобасы болғанын айтады. «Ақпараттық қолжетімділік туралы» заң жобасы әзірленіп жатқанына бес жыл болды. Заң жобасында ақпаратқа қолжетімділік құқығын заңсыз шектегені үшін жауапкершілік нормалары ашып жазылады деп жоспарланған.

Билікті ақпараттың ашықтығы шошытады, ал қоғам барынша жариялылықты қалайды - енді екеуінің тең ортасын қалай табуға болады?

Парламент депутаты Нұрлан Әбдіров «Билікті ақпараттың ашықтығы шошытады, ал қоғам барынша жариялылықты қалайды, енді екеуінің тең ортасын қалай табуға болады?» дейді.

Жоба авторлары заң қабылданғаннан кейін мемлекеттік органдар, оның ішінде ұлттық компаниялар мен мемлекеттік құрылымдардың және бюджеттен қаржыландырылатын өзге ұйым-мекемелердің құзырындағы ақпараттың көбі әлеуметке қолжетімді болады деп уәде етеді.

ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының сарапшысы, ирландиялық профессор, құқық магистры әрі заң ғылымының докторы Мейв Макдонах Азаттық тілшісімен өзара әңгіме барысында «Ақпараттық қолжетімділік туралы» заң жобасының ұтымды әрі осал тұстары жайлы ойымен бөлісті. Заң жобасында қоғамдық ақпарат көзі болуы тиіс мемлекеттік ведомстволардан өзге құрылымдар да қамтылуын Мейв Макдонах жобаның ұтымды жағына жатқызады.

– Бірақ, меніңше, заң жобасының ақпарат алуға рұқсат бермейтін бөлімі де қайта қаралуы тиіс. Мен қолжетімді ақпаратты анықтау үшін арнайы жүргізілетін үш сатылы тесті қолдануды ұсынар едім. Бұл – әлем елдерінің көбінде қолданылатын халықаралық тәжірибе, – дейді Мейв Макдонах.

Оның пікірінше, өзге елдердің тәжірибесінде бар әрі ақпаратқа қолжетімділік заңын орындау барысын қадағалайтын арнайы бақылау ведомствосы немесе ақпараттық комиссар сияқты өкілетті тұлға Қазақстанда да болғаны жөн.

– Заң жобасында ақпаратты бермегені үшін тағайындалатын жазаның әкімшілік шаралар мен қылмыстық қудалау сияқты түрлері қарастырылған, бірақ олар анық жазылмаған. Мысалы, ақпарат көзі ретінде сұралған құжатты қасақана жойып жіберген мемлекеттік орган немесе мемлекеттік қызметші үшін қандай жаза қарастырылады? – дейді Мейв Макдонах.

Санкциялар елеулі болуы тиіс. Мысалы, 100 еуро айыппұл салу ештеңені шешпейді.

Гумбольд атындағы университет профессоры Александр Бланкенагел мемлекет ақпаратты қолжетімді етуі үшін ақпарат бермегендерге тағайындалатын жаза тиімді болуы тиіс деп санайды.

– Санкциялар елеулі болуы тиіс. Мысалы, 100 еуро айыппұл салу ештеңені шешпейді, – дейді Александр Бланкенагел.

Парламент депутаты Анатолий Пепенин ақпаратты бермегені үшін қарастырылатын жаза түрлері әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекс пен ілеспе заң жобаларына қосылатынын айтады. Атап айтқанда, ақпарат бермегені үшін, көрінеу жалған ақпарат бергені үшін және ақпарат беру белгіленген мерзімді бұзғаны үшін айыппұл түріндегі жаза енгізу жоспарланған. Бірақ оның мөлшері қандай болатыны бүгін Астанада өткен конференцияда айтылмады.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG