Accessibility links

Қазақстан дзюдодан алғашқы алтын алды


Қазақстандық дзю-дошы Елдос Сметов. Инчхон, 20 қыркүйек 2014 жыл.

Қазақстандық дзю-дошы Елдос Сметов. Инчхон, 20 қыркүйек 2014 жыл.

Астанада дзюдодан әлем чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы күні қазақстандық палуандар бір алтын, бір күміс медальге ие болды.

Астанада өтіп жатқан дзюдодан әлем чемпионатына 137 елден 800 спортшы (оның 18-і – Қазақстаннан) келген. Бұл жарыс 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін олимпиадаға ұпай береді.

Жарыстың бірінші күні ерлер арасында 60 килограмдық, әйелдер арасында 48 килограмдық салмақ дәрежесінде күрес болды.

Қазақстандық дзюдошы, 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы, әлемдік рейтингте 9-орында тұрған Елдос Сметов әуелі Юхо Реинвелді (Финляндия), Эйса Махрашиді (Сауд Арабиясы) иппонмен (таза жеңіс), Набор Кастильоны (Мексика) юкомен (бір ұпай), ал ширек финалда Диорбек Орозбаевты (Өзбекстан) вазаримен (жартылай жеңіс) жеңді. Елдос Сметов жартылай финалда Тору Шишимені (Жапония) юкомен ұтты.

60 килограмдық салмақ дәрежесінде күрескен тағы бір қазақстандық спортшы, әлемдік рейтингте 15-орында тұрған Рүстем Ибраев алғашқы белдесулерінде Янислав Грешовты (Болгария), Ленин Пресиадоны (Эквадор), Амиран Папинашвилиді (Армения) юко әдісімен, ширек финалда Ин Хьюк Чойды (Оңтүстік Корея) вазаримен ұтты. Рүстем Ибраев жартылай финалда 2014 жылғы әлем чемпионы Болдбаатар Ганбатпен (Моңғолия) күресіп, одан бір ұпаймен басым түсті.

Финалда бір-бірімен күрескен қазақстандық екі балуан Елдос Сметов пен Рүстем Ибраев ұтымды әдіс жасай алған жоқ. Рүстем Ибраев сылбыр күрескені үшін ескерту алып, күміс медальге ие болды. Алтын медаль Елдос Сметовке берілді.

Әйелдер арасында Галбадрахын Отгонцэгцэг екінші айналымда Бо Куен Жонгтан (Оңтүстік Корея) жеңіліп, жарысты ерте аяқтады.

Әйелдер арасында 48 килограмдық салмақ дәрежесінде күрескен қазақстандық палуанның енді бірі Александра Подрядова ресейлік Олеся Кузнецованы жеңгенімен, украиналық Марина Черняктан ұтылды.

Қазақстан дзюдодан әлем чемпионатында екінші рет алтын алып отыр. 2009 жылы Роттердамда (Голландия) өткен әлем біріншілігінде Максим Раков (100 килограмм) чемпион атанған.

Қазақстанның дзюдодан алғаш рет өткізіп жатқан әлем чемпионаты 30 тамызда аяқталады. Ел бұған дейін бокс (2013 жыл) пен ауыр атлетикадан (2014 жыл) әлем чемпионатын ұйымдастырған.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG