Accessibility links

Жарты күн ереуілден соң журналистердің жалақысын берді


«ҚазАқпарат» логосы.

«ҚазАқпарат» логосы.

«ҚазАқпарат» мемлекеттік ақпарат агенттігі журналистерінің ереуілі жарты-ақ күнге созылды. Үш айдың жалақы қарызын төлеген соң бүгін журналистер жұмысқа кірісіп кеткен.

Кеше кешкісін Facebook әлеуметтік желісінде «ҚазАқпарат» («Казинформ») мемлекеттік жетекші ақпараттық агенттігі журналистері үш айдың жалақысын төлеуді талап етіп, ереуіл жариялайтынын хабарлаған болатын. Бүгін Астанада қылмыстық атқару комитеті өткізген баспасөз жиынында «ҚазАқпарат» журналистері көрінбеді. Ертеректе әлеуметтік желілерде ресми агенттік журналистері «кешіктірілген жалақыны төлейміз» деген уәдеден шаршап, Қазақстанда жер реформасына қарсы жаппай наразылық шерулері өтеді деп болжанған 21 мамырда ереуіл жарияламақ деген хабарламалар тараған. Бірақ «ҚазАқпарат» журналистері бастықтарымен келіссөз жүргізіп, наразылық акциясын кейінге шегерген сияқты.

«ҚазАқпарат» тілшісі Кенжекей Тоқтамұратқызының Азаттыққа айтуынша, бүгінгі қысқа мерзімді наразылық акциясына агенттіктің Астанадағы қазақ және орыс редакциясынан бес-бес журналист – барлығы 10 адам қатысқан.

– Таңнан бері отырмыз. Жұмыс істеген жоқпыз, іс-шараларға да бармадық. Жалақымызды алғанша бармаймыз, бірақ кеңседе отырмыз. Шақырған іс-шараларға таңнан бері бармай отырғанымызды басшылар біледі. Сайт редакторлары жұмыс істеп жатыр, жаңалықтар, баспасөз хабарламаларын солар алып жатыр, – дейді Кенжекей Тоқтамұратқызы.

Үш айға кешіктірілген жалақымызды төлеп берді, журналистер ереуілді тоқтатты.

Мақала жарияланар тұста Кенжекей Тоқтамұратқызы телефон соғып, «үш айға кешіктірілген жалақымызды төлеп берді, журналистер ереуілді тоқтатты» деп хабарлады. Оның айтуынша, олар жалақыны соңғы рет биыл 19 наурызда – қаңтар мен ақпан айларының жалақысын алған. «ҚазАқпарат» өкілдерінің айтуынша, агенттік қызметкерлеріне кесімді жалақы және әр материал үшін қаламақы төленеді.

«ҚазАқпараттың» орыс редакциясында жұмыс істейтін, аты-жөнін көрсетпеуді өтінген тағы бір тілшінің айтуынша, агенттік мемлекеттен тікелей ақша ала алмайды.

– Біреу қол қойып, біреу қол қоймай, бюрократиялық проблемалар шығып, мына сергелдең үшінші айға созылды, – дейді орыс редакциясы тілшісі.

Қазақстандық журналистер презентацияда отыр. (Көрнекі сурет)

Қазақстандық журналистер презентацияда отыр. (Көрнекі сурет)

Әлеуметтік желілердегі мәлімдемеде «...біз ереуіл өткізетінімізді ескертіп, 17 мамырда арыз жазғанымызда «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігігі жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Д.Дияров «Жалақыны келесі аптада міндетті түрде төлейміз» деп мәлімдеген. Яғни, ақшамызды 23-27 мамыр күндері алуымыз керек болатын. Бірақ Д.Дияров 27 мамырда ұжымды тағы жинап, «бүкіл құжатқа қол қойылды, ақша қаржы бөліміне кетті, енді ақшаны «Казконтент» арқылы «ҚазАқпаратқа» қашан аударатынын күтеміз. Егер банк операциялары бүгін ресімдеп үлгермесе, демек дүйсенбі күні бітеді де, жалақыларыңды аласыңдар деп хабарлады» деп жазылған.

Журналистер жуырда тағайындалған ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев пен денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсеновадан да көмек сұраған.

Орыс редакциясының шеф-редакторы Бағдат Ілиясова журналистердің ереуіл бастағаны жайлы хабар тарап жатқан тұста Азаттыққа «өзге сайттардың, әсіресе әлеуметтік желілердің ойдан шығарып алғандарына» қатысты комментарий бермейтінін айтқан. Оның айтуынша, агенттік ұжымында ешқандай ереуіл болмаған.

– Әрине, болған жоқ, біз жұмыс істеп жатырмыз, – дейді Бағдат Ілиясова.

«ҚазАқпарат» агенттігінің бірінші басшыларынан комментарий алудың сәті түспеді. Бастықтардың телефондары жауап бермейді.

«ҚазАқпарат» сайтында мекемені «Қазақстанда халықаралық деңгейдегі агенттік мәртебесін алғаш алған әрі 95 жылдық тарихы бар» жетекші мемлекеттік ақпараттық агенттік деп сипаттаған.

Жергілікті журналистер «ҚазАқпаратта» жалақыны кешіктіру оқиғалары бұрын да болғанын айтады.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG