Accessibility links

Жүзден астам отбасы мешіттің көмегін көрді


Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешіті мұқтаж азаматтарға жәрдемдесті. Тұрғындардың кейбірі «берген ақшаң мұқтаж жандарға жетіп жатса, өзіңе де, мешітке де сауап» дейді.

Астана қаласының тұрғыны Бақтыгүл Ақтайлаққызы мектеп жасындағы екі баласын жалғыз өзі асырып отыр. Балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейтін ол 60 мың теңге айлығының тең жартысын жалдап отырған пәтерінің ақысына беретінін, қалған ақшасы үш жанның ішер тамағы, жүрер жол-пұлына кететінін айтады. Ол ақшадан, азық-түліктен қатты қысылған кезде мешіттен көмек сұрайды.

– Әкімдіктен ақшалай әлеуметтік жәрдем алмаймын. Себебі жұмысы бар,менікіндей 60 мың теңге айлығы бар адамға көмек берілмейді. Менің жағдайымда пәтер кезегіне тұруға жеңілдік бар. Ол кезекке тұрғаныма 6 жыл болды. Енді осынша жылдан соң кезегім жете ме, жетпей ме - білмеймін. Бұрынғы күйеуімнен еш қайыр жоқ. Қыжалат кезде мешіттен көмек сұраймын. Олар азын-аулақ ақша, киім беріп жатады. Соның өзі үлкен көмек, – дейді ол.

Бақтыгүл Ақтайлаққызы секілді мұқтаж жүздеген отбасы бүгін Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітіне келіп көмек алды. «Мұқтаждың мұңын бөліс» атты қайырымдылық шарасын өткізген мешіттің бас имамы Серікбай қажы Ораздың айтуынша, ораза айы кезінде пітір-садақадан түскен 2 миллион теңгедей ақша осындай жандарға жұмсалған.

"Әзірет Сұлтан" мешіті. Астана, 6 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

"Әзірет Сұлтан" мешіті. Астана, 6 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

– Көмекке мұқтаж адамдардың Астана қаласында тұрақты тіркеуде тұрған-тұрмағаны маңызды емес. Өзіміз құрған комиссия ол адамдардың жағдайына қарай отырып, 150-дей отбасыны қамтыдық, – дейді Серікбай қажы Ораз.

Мешіт ұйымдастырған қайырымдылық шарасынан көмек алған азаматтардың бірі – Қалдыгүл Сәлимова. Ол кісі бірнеше жылдан бері мешіттен тұрақты түрде жәрдем алатынын, ораза не айт кезінде мешіт қызметкерлері өздері хабарласып, шақыратынын айтады.

– Жастары жиырмадан асқан екі балам да – мүгедек. Мүгедектік бойынша үкіметтен жәрдемақы аламыз, бірақ онысы ем-домға, күтімге жете бермейді. Азғантай ақшаны барынша үнемдеп ұстаймыз. Мешіттің бергені – көп көмек, – дейді Қалдыгүл Сәлимова.

Астана қаласының тұрғыны Бауыржан Омар ел мешіттерінде жүріп жатқан осындай белсенділікті қолдайтынын айтады. Өзінің де бұған дейін әлеуметтік желілерде көмек сұраған жандарға ақша аударғанын айтқан азамат:

– Facebook-те «көмек керек» деген құлақтандырулар жиі ілінеді. Аш-жалаңаш бала-шағаның суреттерін басады. Жаның ашып ақша саласың. Бірақ кейін оның қайда кеткенін білмей жүресің. Мүмкін, аударған қаржыңа біреулер тойлап кеткен шығар. Алданған ақымақтай сезінесің. Ал мешітте пітір-садақаны ниетіңмен бересің, ол ақша мұқтаж жандарға жетіп жатса, өзіңе де, мешітке де сауап емес пе, – дейді.

Астанадағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Азаттыққа берген дерегінше, ол қалада тіркеуде тұрған, қандай да бір жәрдемақы алып отырған әлеуметтік көмекке мұқтаж 77 мың 897 адам бар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG