Accessibility links

Дуамбековтен енді 92 миллион теңге талап етті


"Халықтық жемқорлыққа қарсы комитеті" қоғамдық қорының төрағасы Мұсағали Дуамбеков. Астана, 19 қараша 2014 жыл.

"Халықтық жемқорлыққа қарсы комитеті" қоғамдық қорының төрағасы Мұсағали Дуамбеков. Астана, 19 қараша 2014 жыл.

Кәсіпкерлер отбасына «жала жапқаны үшін» бір жылға бас еркіндігі шектелген азаматтық белсенді Мұсағали Дуамбеков тағы да сотқа тартылды.

Қарашаның 19-ы күні Астанадағы Алматы аудандық сотында «Халықтық жемқорлыққа қарсы комитеті» қоғамдық қорының төрағасы Мұсағали Дуамбековтың үстінен жазылған арыз бойынша сот өтті.

Шағым жазушылар - Ақмола облысындағы кірпіш зауыты иелері, ағайынды кәсіпкерлер Бақыт және СаламатМұқашевтар. Кәсіпкерлер Мұсағали Дуамбековті «былтыр бізді ақпарат құралдарында қаралап, жала жапты» деп айыптап, моральдық өтем ретінде одан 92 миллион теңгені өндіртуді сұраған.

Мұсағали Дуамбековтің сотқа тартылуына себепкер болған - оның Insiderman.kz сайтында жариялаған, ағайынды кәсіпкерлер жайлы айтылған үш мақаласы.

МОРАЛЬДЫҚ ӨТЕМ

Сотқа арызданушы Бақыт пен Саламат Мұқашевтар келген жоқ, олардың атынан адвокат Машқұр Төлегенов қатысты.

Адвокат Машқұр Төлегенов. Астана, 19 қараша 2014 жыл.

Адвокат Машқұр Төлегенов. Астана, 19 қараша 2014 жыл.

- Дуамбековтің мақаласы балалы-шағалы адал азаматтардың арына тиді. Сондықтан моральдық өтем ретінде 92 миллион теңге сұраймыз. Дуамбеков екеуіне теңдей бөліп, әрбіріне 46 миллион теңгеден беруі керек, - дейді ағайынды Мұқашевтардың адвокаты Машқұр Төлегенов.

Ал Мұсағали Дуамбеков бұл талаптың мүлдем орынсыз екенін, ондай айыппұлды төлеуге шамасы жетпейтін айтты.

- Халықаралық экологиялық ұйымның төрағасы ретінде 100 мың теңге айлық аламын. Мұндай соманы кәсіпорындарға ғана салады. Менің кәмелетке толмаған екі балам бар. Соттан кейін денсаулығым да нашарлады. Бұл соманы сұрау мүлде орынсыз, - дейді Мұсағали Дуамбеков.

Бір сағатқа созылған сот отырысынан кейін екі тарапты тыңдаған судья жарыссөз өткізуді ұсынды. Адвокат Машқұр Төлегенов жарыссөзге дайын екенін айтты. Ал Мұсағали Дуамбеков бұл бірінші сот отырысы екенін, сондықтан жарыссөзге адвокатымен ақылдасып алғаннан кейін ғана қатысатынын хабарлады. Келесі сот отырысы қарашаның 27-сінде өтетін болып белгіленді.

ӘУЕЛГІ ЖАЗА – БІР ЖЫЛ ЕРКІНДІГІН ШЕКТЕУ

Мұсағали Дуамбеков сотқа тартылуына себепкер болған, Insiderman.kz сайтында былтыр жарияланған мақалаларында ағайынды Мұқашевтардың Ақмола облысындағы кірпіш шығаратын зауыты «заңсыз жұмыс істейтіні» туралы айтылған. Дуамбековтің мақаласында «зауытқа Қытайдан еңбек мигранттарын әкелетіні» жайлы да, «Мұқашевтер отбасы осы зауытта әуелі көлік жүргізушісі, кейін директор болып істеген Әлібек Ысқақовты электр қозғалтқышын ұрлады деп айыптап, мойнына миллиондаған ақша ілгені» туралы да жазылған.

Алматы аудандық соты. Астана, 19 қараша 2014 жыл.

Алматы аудандық соты. Астана, 19 қараша 2014 жыл.

Кейін Мұқашевтер Дуамбековтен өздері жайлы жазған деректерін - «заңсыз кәсіппен айналысады» деген және «Әлібек Ысқақовқа озбырлық көрсетті, азаптап қорлады» деген мәліметтерін терістеуін талап етіп, сотқа берген.

Мұқашевтардың Дуамбековке қарсы шағымы бойынша әуелгі сот биыл мамырдың 13-інде өткен еді. Астанадағы Алматы аудандық соты «кәсіпкер Мұқашевтардың отбасына жала жапты» деген айыппен Дуамбековтің еркіндігін бір жылға шектеген. Ол биліктің рұқсатынсыз бір жыл бойы тұрғылықты жерін ауыстыра алмайды, әрі оның Астана қаласынан тысқары шығуына тыйым салынған.

«Азаматтық белсенді ретінде Әлібек Ысқақовтың құқығын қорғауға көмектеспек болғанын» айтқан Мұсағали Дуамбеков мақалаларында ол адамды «ұрлап әкетіп, құлдықта ұстады» деп жазғанын мойындаған. «Мен құлдықта ұстау, адам ұрлау, ұрып-соғу сияқты кейбір сөздерімнен бас тартатынымды, ал қалғаны расталған фактілер екенін айттым» деген еді ол бұған дейінгі сот кезінде.

Мұсағали Дуамбеков - «Халықтық жемқорлыққа қарсы комитет» қоғамдық ұйымы президенті, әрі экологиялық ұйым жетекшісі, техника ғылымдарының докторы, профессор. Ол 2011 жылы Қазақстан президенті сайлауына түскен, бірақ тіркеу кезеңінде өз кандидатурасын алып тастаған.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG