Accessibility links

Назарбаевтың дүбірлі тойы билік әне-міне ауысуы мүмкін деген қауесетті қоздатып кетті


«Нурсултан. Большая игра президента» деректі фильмінен көрініс. Теледидар экранынан алынған сурет. Астана, 6 шілде 2010 жыл.

«Нурсултан. Большая игра президента» деректі фильмінен көрініс. Теледидар экранынан алынған сурет. Астана, 6 шілде 2010 жыл.

Жұрт бұрын-соңды көрмеген Астананың астатөк тойы талайдың жағасын ұстатты. Нұрсұлтан Назарбаев Атымтай жомарттығын бір көрсетті. Бірақ сарай маңындағылар «мұрагер кім болады?» деген мәселенің көрігін одан әрі қыздырып жатыр.


«ХАН ШАТЫРЫНЫҢ» ТӨБЕСІНЕ ТӨНГЕН БҰЛТ

Астана күнін тойлау ауқымы Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 6 шілде күні 70-ке толу мерейтойымен де байланысты болды. Ол шараның қалай өткенін қайталап айтпай-ақ қояйық – қазақстандық телеарналар бірнеше күн бойы әрбір оқиғаның бүге-шігесін қалдырмай көрсетіп бақты. Қазақстандықтардың көбі салтанатты шараның қалай өткенін теледидардан көріп отырды.

Мақала авторының жеке пікірі бойынша, тойдағы маңызды сәттің бірі – Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлт аспаптары оркестрі Махамбеттің «Жорық» күйін орындауы мен итальяндық тенор Андреа Бочеллидің керемет өнері. Бочеллидің ақысы 900 мың доллар екен деген қауесет айтыла берсін – бәрібір чегін ешкім көрген жоқ қой.

Әнші Бочелли өзінің танымал әндерін ғана айтып қойған жоқ, сонымен бірге «әлемдегі ең ірі жабық сауда және ойын-сауық кешенінің» –
Жаңадан ашылған «Хан шатырының» төбесінен көрінген мерекелік отшашу. Астана, 6 шілде 2010 жыл.
Норманн Фостер жобалаған «Хан шатырының» ашылу салтанатында неополитан әндерін де орындады. Жаңадан салынған «Хан шатыры» сауда және ойын-сауық кешенін ғасыр жобасы десті. Тойдың соңындағы от-шашу Бейжіңдегі Олимпиаданың ашылу салтанатына қатты ұқсап кетті.

Айтпақшы, «Хан шатырындағы» салтанатты шараға қарапайым жұрт кіре алмады. Шақыру билеті барлар ғана кірді! Ол билетті тізім бойынша таратқан еді. Астанада мұндай шақыру билеттерінің құны 150 мың теңгеге дейін барды.

«Хан шатырына» бет алған жұртты екі көше әріден тоқтатты. Сол маңдағы көліктен өту мүмкін емес еді. Балалар ойнайтын алаңқайда да, тұрғын үйлердің аулаларында да көліктер сіресіп тұрды. Қаптаған көлік төңіректі түтіндетіп, таңға жуық қана тарасты.

Мұндай той тылсым оқиғасыз болсын ба! Жұлдыздардың концерті қызған шақта «Хан шатырының» орталығы мен сахнаға қою қара бұлт төніп келіп қалды. Шақыру билеті бар он мыңдаған бақытты жұрт «нөсер келе жатыр» деп сыбырласты. Бірақ түнеріңкі бұлт концерт аяқталғанша көлеңкесін түсіріп, үн-түнсіз тұрып алды. Сол бұлт құрметті қонақтар үйді-үйлеріне, қонақжайларына кеткенше – түн ортасы ауғанша күтті. Таңға жуық қана жаңбырлатып, жердің шаңын басып өтті. Тегі, тазару жауыны болса керек.

АЛАСТАЛҒАН РАХАТ

Бұл күнгі саяси тұрғыда аса маңызды тележобаны да шетелдіктер көрсетті. Ресейдің «Первый канал» арнасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мерейтойына арнап «Нурсултан. Большая игра президента» деген деректі фильм түсіріп, 6 шілде күні прайм-тайм кезінде көрсетті.

Бір қызығы, Нұрсұлтан Назарбаевтың мерейтойына бірнеше күн қалғанда Кремль Кедендік одақтың үшінші бір мүшесіне, яғни Александр Лукашенко мүлдем басқа пиғыл танытқан еді. НТВ арнасы көрсеткен деректі фильмнен түйгеніміз – ресейліктер Беларуссияның он шақты жылдан бері тақтан мызғымай келе жатқан президенті асау Лукашенконың Гитлерге аздап іш тартатын нағыз диктатор екенін енді ғана
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оны қолдайтын жастар бейнеленген жарнамалық сурет. Алматы, 5 шілде 2010 жыл.
кенеттен біліпті.

Ал «Нурсултан. Большая игра президента» деген деректі фильмде Қазақстан президентінің өмірбаяны егжей-тегжейлі баяндалып, ол кісі жақсы көретін гольф ойыны бірнеше мәрте көрсетілді.

Фильмде президенттің бала күнгі достары ғана емес, отбасы мүшелерінің де сұхбаттары бар. Ол сұхбаттардың ең ұзағы – үлкен қызы Дариға мен кенже қызы Әлияныкі. Тіпті, кенже қызының аузынан шыққанда «кипиш» (қазіргі жастардың тілімен айтсақ, «қатты алаңдау») деген сөздің өзі құлаққа майдай жағады екен.

Сірә, президенттің жұбайы Сара Назарбаева мен ортаншы қызы, жұрт көзіне түсуден қашқалақтайтын отбасылық дәстүрлеріне адал Динара Құлыбаева ресейлік фильмге түсуден бас тартса керек.

Фильмдегі маңызды сәт – Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстаннан қашып кеткен, кейін қылмыстық кодекстің «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деген, одан басқа тағы бірнеше бабы бойынша сырттай сотталған бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев туралы айтқаны болды.

Фильмнен түйгеніміз – үлкен қызы Дариға Назарбаеваның күйеуінен бас тартқаны президент әкесінің қысымы емес, қылмыстық іс материалдарымен танысқаннан кейінгі өз шешімі екен.

Нұрсұлтан Назарбаев осыған байланысты отбасылық қайғысының кейбір сәттерін жұртқа алғаш рет жайып салды. Қызы Дариғаға үзілді-кесілді шарт қоймағанын, «саған еш өкпе артпаймын» деп өз еркін өзіне бергенін айтады. Бірақ фильм авторларының айтуларынша, «бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевке қатысты мәселе әлі де президенттің жанды жері болып табылады».

ИМАНҒАЛИ ҒАНА ТҮНЕРІП ОТЫРДЫ

Бұл шат-шадыман тойда астананың әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің ғана сіркесі су көтермей жүрген сияқты. Өйткені ол салтанатты шара басталардың алдында ғана президенттік «Нұр Отан» партиясының «Астанадағы пәтерлерді әділ бөлмеген» деген қатаң сынына ұшыраған еді.

Бірақ сынның ең ащысы – партия төрағасының орынбасары Нұрлан Нығматулиннің «қазір азаматтың үй алатын конституциялық құқы
Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов тұңғыш қазақ хандары ескерткішінің ашылуына Қазақстан президентінің келуін күтіп тұр. Астана, 1 маусым 2010 жыл.
шенеуніктің көңіл-күйіне байланысты болмауы керек» деген сөзі емес, теледидардағы бір көрініс еді. Бұл жолы Алматыдағы КТК телеарнасы барын салып бақты.

Талайдан бері мызғымай отырған тележүргізушінің шығармашылық қиялы бойынша, президенттік «Нұр Отан» партиясының пәрменді отырысынан кейін журналистер қарапайым қала тұрғындарынан пікір сұрапты. Бірнеше көріністен кейін халықтың да әділетсіз шенеуніктерді жек көретіні белгілі болды. Көріністің ең ерекше тұсы – мұндай шенеуніктердің бәрі «банда» деген сөз болды.

Осындай оқиғалар астаналық шенеуніктердің «билік ертең-бүрсігүндері ауысуы әбден мүмкін, басқаша болмайды» деген деген үйреншікті өсек-аяңын қоздата түсті. Назарбаевтың «Ұлт көшбасшысы» туралы заңды қабылдатып, сақтық қылғаны бекер емес деген болжам тағы бар. «Назарбаев кез-келген сәтте биліктен кетіп, Ли Куан Ю сияқты «ұлт көшбасшысы» болып қала беруі мүмкін» деп бал ашу сәнге айналған. Бірақ мұндай «балгерлер» Ли Куан Юдың Сингапурды дамыған елге айналдырып барып тақтан кеткенін айта бермейді.

БАЯҒЫ ИСЛАМ АКА КЕЛМЕЙ ҚАЛДЫ

Сырттан келген саяси тұлғаларды санамалағанда Астанадағы салтанатқа Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың ат басын бұрмағаны бірден байқалып қалды. Ақшалы Қазақстанға Назарбаевтың досы Исламнан гөрі Майк Тайсон мен әлемге әйгілі ақсүйектерді шақырып алған оңайға түсіпті. Он мыңдаған доллар салынған конвертті қалталарына басып, дастарханға жайғасқан ұшақ толы ресейлік жұлдыздарды айтпай-ақ қояйық. Советтік эстраданың әуенін Астананың қапырық аспанында бір тірілтіп кетпеді деп Алла Пугачева мен София Ротаруға ренжімесек, басқалары қазақтан шыққан таңдаулы көрермендерге ұнауға тырысып-ақ бақты.

Назарбаев пен Каримовтың арасында бұрынан келе жатқан қырбайлықтың қылаң беріп қалатын кездері болады. Өздері анда-санда бір жолыққанда «дос екендіктерін» көрсеткендерімен, Советтік саяси бюродан қалған ақырғы қос автократ бір-бірімен онша тату емес.

Ислам Каримов та, көршілес дос-жар мемлекет Түркіменстанның президенті Гурбангулы Бердімурадов та Назарбаевтың қазаққа тән
Қырғызстан президенті Роза Отынбаева мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 5 шілде 2010 жыл.
астатөк тойын елемей қойды. Өздері де келмеді, лауазымды өкілдерін де жібермеді. Қырғызстан президенті Роза Отунбаева Кедендік одақ аясындағы ресми шаралар аяқтала сала кетіп қалды, әнші-биші жиналған тойға аялдамады.

Тек Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Назарбаевтың тойы біткенше отырды. Украина президенті Виктор Януковичтің де өзімен-өзі жүргенін теледидардан анда-санда көріп қалдық. Негізі, теледидар Назарбаевтың Ресей президенті Дмитрий Медведев және Түркия президенті Абдулла Гүлмен бірге жүрген сәттерін қайта-қайта көрсетумен болды. Медведев ылғи сол жағында, Гүл оң жағында жүрді. Хаттама бойынша, ол екеуі ағалық көрсетіп жүрсе керек.

Қазақстандық ІІМ баспасөз қызметі Азаттық радиосының журналисіне «әуежайдан тоғыз елдің басшысын күтіп алдық» деді. «Иордания королі де келді» десті. Ағылшындар «Дейли Мейлде» Тони Блэрдің ақырғы сәтте Назарбаевтан кешірім сұрап, бара алмайтынын айтқанын жазады. Ресми дерек көздерінің айтуынша, «Астана күні» қазынаны 10 миллион долларға ортайтып кетіпті.

Айтпақшы, Януковичтен басқа мемлекет басшылары Назарбаевқа құрметті ордендерін тақпады. Сірә, «Назарбаев 75-ке келгенде берейік» деген болар. Мүмкін, 80 жасқа толғанда беретін шығар. Астананың жылы – айға, айы – күнге тең ғой...

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG