Accessibility links

Инаугурация күні көлік жүре алмады, оқушылар демалды


Қазақстан президентінің инаугурациясына келген адамдар. Астана, 29 сәуір 2015 жыл.

Қазақстан президентінің инаугурациясына келген адамдар. Астана, 29 сәуір 2015 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау күні Сол жағалаудағы жолдар жабылып, көлік кептелісі пайда болып, Астананың көп тұрғыны қоғамдық көліксіз жаяу қалды. Ал жоғары сынып оқушыларын сабақтан босатты.

Астанадағы №61 орта мектептің 11-сынып оқушылары Айнұр Байпақова мен Лаура Қуаныш «Қазақ елі» ескерткіші мен Тәуелсіздік сарайы алдындағы алаңға таңғы сағат 9-да келіпті. Олардың айтуынша, бүгін автобуспен алаңға әкелу үшін мектептің 10-11 сынып оқушыларын сабақтан босатқан.

НАЗАРБАЕВТЫ «ТІРІДЕЙ» КӨРУ БАҚЫТЫ

– Мұнда таңнан бері тұрмыз. Назарбаевтың жымиып, бізге қол бұлғағанын көрдік. Жаңа президент сайланғанын білеміз, бірақ жаңа болғанмен, ескі президент қой, – дейді Айнұр Байпақова.
Ал оның сыныптасы Лаура Қуаныштың айтуынша, Тәуелсіздік сарайы алдындағы алаңға қаладағы өзге мектеп оқушылары мен колледж студенттерін де әкелген.
61-мектептің оқушылары Лаура Қуаныш пен Айнур Байпақова. Астана, 29 сәуір 2015 жыл.

61-мектептің оқушылары Лаура Қуаныш пен Айнур Байпақова. Астана, 29 сәуір 2015 жыл.

– Сайлаушылар оған қайта дауыс бергендіктен президентті қолдау үшін бүгін бізді автобуспен әкелді. Бүгін оны тірідей бірінші рет көрдім, соған қатты қуанып тұрмын, – дейді Лаура Қуаныш.

Мектеп оқушылары мен студенттерді әкелген автобустарды «Әзірет Сұлтан» мешіті алдындағы автотұраққа қойған.

Астананың ескі бөлігі мен жаңа орталығы қиылысқан тұста тұратын Ильмира Кәрібаева Азаттық тілшісіне «таңертең бір сағат бойы жұмысқа кете алмадым» дейді. Оның айтуынша, ондаған адам қоғамдық көлікті күтіп, ақыры келмеген соң көбі жол-жөнекей көлік тоқтатып, жұмысына жетуге тырысқан.

– Әдетте көп болса 500 теңгемен баратын жерге ақыры мың теңге төлеп, таксимен жеттім. Мына арада тиіп тұрған жер. Ешкім тоқтағысы келмейді. Тағы бір әйел екеумізді «артығымен төлеймін» деген соң ғана алды, – дейді Ильмира Кәрібаева.

Ол «қоғамдық көлікке бүгін не болып қалғанын білмеймін, ертең мұндай болмайтын шығар» дейді.

ТІКҰШАҚТАҒЫ ВИДЕОКАМЕРАЛАР

Қазақстан президентін ұлықтау салтанатына қатысу үшін аккредитациядан өткен қазақстандық және шетелдік журналистер бүгін Тәуелсіздік сарайына арнайы автобустармен жеткізілді. Құжат тексеру мен журналистерді тасу президент күзет қызметінің бір сағаттан артық уақытын алды.

Журналистер инаугурацияны монитордан көріп отыр. Астана, 29 сәуір 2015 жыл.

Журналистер инаугурацияны монитордан көріп отыр. Астана, 29 сәуір 2015 жыл.

Тәуелсіздік сарайының кіре беріс есігіне келген журналистерді екінші қабаттағы баспасөз орталығына ертіп апарды. Олардың бұл жерден шығуына, тіпті таң сәріден алаңда президент Назарбаевтың келуін және халық алдына шығуын күткен адамдарды суретке түсіруге тыйым салды. Жергілікті билік жан-жақтан арнайы әкелінген адамдар үшін серуен ұйымдастырып, киіз үй тігіп, әжетханалар орнатқан.

Қазақстан мен шетел телеарналарының операторлары президентті ұлықтау рәсімін камераларына түсіре алмады. Бұл шараны түсіруге Қазақстан президентінің телерадиокешені қызметкерлеріне ғана рұқсат берілді. Әдетте Нұрсұлтан Назарбаев қатысатын мұндай іс-шараларға жергілікті журналистер өз магнитофоны немесе кассеталарымен келіп, президент телерадиокешені түсірген видеоны көшіріп алады да, кейінірек бірдей кадрларды барлық арнадан көрсетеді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ант қабылдап тұр. Астана, 29 сәуір 2015 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ант қабылдап тұр. Астана, 29 сәуір 2015 жыл.

Ұлықтау рәсімі Тәуелсіздік сарайының бірінші қабатында өтті. Нұрсұлтан Назарбаевтың президент қызметіне бесінші мәрте ресми кірісу салтанатына орай Қазақстан халқына қалай ант бергенін журналистер теледидар экранынан бақылады.

Назарбаев Тәуелсіздік сарайына резиденциясынан келді. Кортеж өткен жолдың бойына видеокамералар орнатылған, оның маршруты тікұшақтардан камераға түсірілді. Бірнеше автомобильден тізілген кортежге мотоциклистер тобы еріп жүрді. Мемлекеттік телеарналар бұл видеоны тікелей эфирден көрсетті.

– Біз бүкіл әлемге Қазақстан халқының бірлік күшін, берік тұтастығын көрсеттік. Өткен сайлау тарихқа ең көп сайлаушы қатысқан сайлау болып енеді. Қазақстандықтар елге қызмет ету сенімін маған тағы бір мәрте білдірді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік сарайындағы баспасөз орталығындағы телеэкраннан.

Кейінірек сырттағы халықтың алдына шыққан Назарбаевты №61 орта мектептің 11-сынып оқушылары Айнұр Байпақова мен Лаура Қуаныш та «тірідей» көрді. Шара аяқталып, бірнеше рет селфи жасаған оқушылар келген аудандарына қайту үшін автобусқа асықты.

ЖОЛДАҒЫ КЕПТЕЛІСТЕР

Ал №3 автопарк диспетчерлері Азаттық тілшісіне қаладағы қоғамдық көлік кептелістері үкімет үйлері орналасқан сол жағалаудағы жолдардың жабылуына байланысты пайда болғанын айтты. Жолдар жабық болғандықтан автобустар жолаушыларға жете алмай, кептелісте тұрып қалған.

№3 автопарктің аты-жөнін атамаған бір қызметкер әйелі қала тұрғындарынан көп шағым түскенін айтады. Бірақ, оның айтуынша, президентті ұлықтау салтанатына байланысты полиция қызметкерлері автобустарды өткізбегендіктен, мұндай жағдай қаланың бүкіл автопарктерінде болған. Оның сөзінше, түскі сағат 12-ге қарай кептеліс азайып, жолдар ашылған.

Көлік күтіп тұрған адамдар. Астана, 29 сәуір 2015 жыл.

Көлік күтіп тұрған адамдар. Астана, 29 сәуір 2015 жыл.

Астаналық мектептердің 10-11 сынып оқушыларын сабақтан босатуға қатысты білім департаментінен комментарий алудың сәті түспеді. Күні бойы телефонға ешкім жауап бермеді.

Бұл – Нұрсұлтан Назарбаевтың бесінші инаугурациясы. Ресми дерек бойынша, өткен жексенбі, сәуірдің 26-сі күні кезектен тыс президент сайлауында Назарбаев сайлаушылардың 97,75 пайыз дауысын жинап, жеңіске жеткен.

Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Қазақстанда өткен президент сайлауында нағыз оппозиция болған жоқ әрі сөз еркіндігі шектелгендіктен, сайлаушының таңдау құқы бұзылды деп мәлімдеді. Дауыс беру, дауыстарды санау, нәтижесін қорыту кезінде үлкен процедуралық кемшіліктер мен заң бұзушылықтар және бюллетеньдерді топтап тастау фактілері де байқалған.

ВИДЕО: Инаугурация күнгі әбігер

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG