Accessibility links

Астанада қоқыс шығару кәсібінің жаңа түрі шықты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Астаналық жеке кәсіпкер тұрғындардың қоқыстарын есік алдынан алып кетеді. Қызметтің жаңа түрі дәулетті тұрғындар арасында сұранысқа ие бола бастады.

Жас кәсіпкер Астанадағы жаңа үйлердің тұрғындарына қоқысты пәтер табалдырығынан алып кететін қызмет түрін көрсетеді.

КҮНІНЕ - 28 ТЕҢГЕ

25 жастағы Қайрат Абашевтің (аты-жөні өзгертілді) жұмыс күні күндізгі сағат 12-де аяқталады. Ол дәл осы уақытта тұрмыс қалдықтары салынған соңғы пакеттерді қоқыс салатын контейнерлерге тастап бітіреді.

Жас жігіт қоқыс салынған қаптарды «Бәйтерек» монументінің жанындағы «Дипломат» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің есік алдынан жинап алады. Тұрғындар қоқыс салынған пакеттерді кешкісін немесе таң сәріден есік алдына шығарып қояды. Ал оларды сырттағы қоқыс салынған контейнерге апарып тастау - Қайраттың міндеті.

«Дипломат» тұрғын үй кешеніне ілінген жарнама. Астана, 15 тамыз 2013 жыл.
«Дипломат» тұрғын үй кешеніне ілінген жарнама. Астана, 15 тамыз 2013 жыл.
Бизнесін жақында ашқан Қайрат жеке кәсіпкер лицензиясын алған. Ол «кейін үлкен компанияға айналып, арнайы жұмыс киімін тіктірсем» деп армандайды.

Қазір Қайраттың клиенттері көп емес. Ол негізінен Астананың сол жағалауындағы элиталық көп қабатты үйлердің тұрғындарына қызмет көрсетеді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің тұрғындары оның қызметінен бас тартыпты.

Қайраттың айтуынша, Есілдің сол жағалауындағы үкімет және әкімшілік ғимараттары орналасқан көп қабатты үйлердің қоқысын жинайтын тағы бірнеше адам бар. Қаланың ескі бөлігінде олардың клиенті жоқ. Қайраттың сөзінше, олар «ақша төлегенше, қоқысты өзіміз шығарғанымыз артық» дейді.

Тұрғындар бұл қызмет үшін айына 750 теңге (күніне 28 теңгеден) төлейді. Қайрат көрсеткен қызметінің ақшасын қолма-қол жинайды. Бұл кәсібінен түсетін табыс тұрмысына жетпейтіндіктен, ол коммуналдық қызмет түрлерін көрсету арқылы қосымша жұмыс істейді. Бірақ ол жайында ашып айтпады. Әзірше отбасын құрмаған. «Адамдардың жалқаулығын табыс көзіне айналдыру - өз идеям емес, біреулердің тәжірибесін алғаным» дейді ол. Пәтер иелері кооперативімен келісіп, лифтілерге хабарландыру ілген соң алғашқы клиенттер де табылыпты. Қазір олардың саны көбейіп келеді.

- Костюм киіп, галстук таққан адамның қоқыс салынған пакетпен келе жатқанын өзіңіз елестетіп көріңізші. Жараспайды ғой. Оның үстіне таңғы қарбалас кезінде тіпті ыңғайсыз. Көлігі бір жақта, қоқыс тастайтын контейнер екінші жақта болғандықтан, жұмысқа асыққан жұртың көбі бұрылып жүргісі келмейді, - дейді Қайрат Абашев Азаттық тілшісіне.

Астананың әкімшілік ауданы. 16 қараша 2011 жыл.
Астананың әкімшілік ауданы. 16 қараша 2011 жыл.
Клиенттерін қорғай сөйлеген жігіт «Астананың әсіресе әкімшілік ғимараттар тұрған жағындағы көп қабатты үйлердің подъездері лас» дейді.

Тұрғындар қоқыс толы пакеттерін контейнерге апармай, подъезд, лифтілерге немесе жолдағы урналарға тастай салады.

- Астанада тазалық сақтамайтын адамдар көп. Қоқысты көшеге лақтырғандарды он тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған. Әрине, тым қаталдау. Меніңше, жерге сағыз немесе билет сияқты қоқыс тастағандарға айыппұл салынуы тиіс, - дейді Қайрат Абашев.

ҚОҚЫС ТАСТАҒАНЫ ҮШІН 252 АДАМ ҚАМАЛДЫ

Қалалық ішкі істер департаментінің (ІІД) қызметкерлері «Астана халқы қазір көшеге қоқысты аз тастайтын болды» дейді. Полицейлер биылғы жеті айда 252 адамды үш тәуліктен он тәулікке дейін қамауға алып, 2 мың 500 тұрғынға айыппұл салған. Полицейлер мұны «мардымсыз көрсеткіш» деп есептейді. Ал өткен жылы «тазалық үшін» науқаны басталғанда Қазақстанның түрлі қалаларында бір айдың ішінде ғана 300-ден аса адам қамауға алынды.

Астана қаласы ІІД баспасөз қызметінің бастығы София Қылышбекованың айтуынша, «қазір Астана тұрғындарының санасы ояна бастаған».

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.
— Темекі тұқылын көшеге тастағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын қазір жұрттың көбі біледі. Біздің қызметкерлеріміз көрінсе, қолындағы қоқысын жасыра қоятын болды, - дейді София Қылышбекова Азаттық тілшісіне.

Полицейлер тәртіп бұзушыларды бақылау камералары арқылы немесе «қылмыс үстінде» ұстайды. София Қылышбекованың айтуынша, кінәлілер айыппұл төлейді, ал айыппұл төлейтін шамасы болмаса, арнайы қамау орнында бірнеше тәулік отырып шығады. Мұндай қылығымен бірінші рет ұсталған адам кейде жай ескертумен құтылады. Мысалы, Астана қаласының тұрғыны Сабырбек Ерімбетовтің көшеде темекі шегіп, тұқылын жерге тастағанын байқап қалған полицей оған ескерту жасаумен шектелген.

- Маған осы ескертудің өзі жеткілікті болды. Енді темекі тұқылын тек урнаға тастайтын болдым. Жанымда урна жоқ болса, жақын маңнан іздеп тауып, соған тастаймын, - дейді Сабырбек Ерімбетов.

ҚОҚЫСПЕН КҮРЕС

Ал аула сыпырушы Хакім Кәмелдинов «Астанада қоқыс тастайтындар азайған жоқ» дейді. Оның Қайрат Абашев қоқыс пакеттерін шығаратын «Дипломат» тұрғын үй кешенінің ауласын сыпырып жүргеніне үш жыл болыпты. Кәмелдиновтің айтуынша, «қазір жұрт әбден жалқауланып алған, біреу үшін біреу жұмыс істеуі тиіс деп есептейтіндер әлі де көп».

Көшені қоқыспен ластау проблемасына Қазақстан президенті де талай рет назар аударды. Өткен жылы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық орындарда тазалық сақтамайтын адамдарды қатаң жазалауды ұсынды. Ол 2012 жылы «мұндай адамдарды үш тәулікке қамау керек» десе, биыл сәуір айында «көше ластайтындарды таяқпен жазалайтын» Сингапурды мысалға келтірді.

Полицейлер Назарбаевтың қоқыспен күрес жөніндегі нұсқауларын орындап келеді. Көшеге қоқыс лақтырғаны үшін қандай жазаға тартылатынын азаматтардың көбі қазір біліп қалды. Әкімшілік кодекстің 330-бабына сәйкес мұндай «ұсақ бұзақылық» үшін айыппұл немесе он тәулікке қамау жазасы қарастырылған.

Алайда қалалықтар «бізді көбінесе бейнекамера орнатылған жерлерден емес, қоқыс салатын жәшіктері жоқ немесе урналары қоқысқа толып қалған жерлерден ұстайды» дейді.

Астананың ескі бөлігіндегі толып қалған қоқыс урналары - әдеттегі көрініс. Қоқыс салатын контейнерлердің де жағдайы осындай. Тұрғындар кейде қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің блогына «лық толған қоқыс контейнерлерін уақытында әкетпейді» деп шағым жазып, өз сөздерінің дәлелі ретінде фотосуреттер жариялайды.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG