Accessibility links

«Нұр Отан» үміткерлері арасында әншілер мен спортшылар да бар


"Нұр Отан" партиясының 17-съезі. Астана, 29 қаңтар 2016 жыл.

"Нұр Отан" партиясының 17-съезі. Астана, 29 қаңтар 2016 жыл.

Сарапшылар мәжіліс сайлауы қарсаңында танымал адамдарды үміткерлер тізіміне қосқан партияның әрекетін «ескі әдіс, көпке арналған шоу» деп сипаттайды.

Наурыздың 20-сында өтетін парламент мәжілісі сайлауына қатысатын партиялардың бірі – президентшіл «Нұр Отан» партиясы бүгін Астанада 17-съезін өткізді. Партия жиынында мәжіліс сайлауына үміткер 127 адамның аты-жөнін жария етті. Олардың арасында бұрынғы мәжіліс депутаттары, бизнес пен билік өкілдері бар.

«Нұротандық» үміткерлер тізімінде қалың бұқараға танымал адамдар – Қайрат Нұртас пен Жанар Дұғалова сияқты әнші, Нұрлан Әлімжанов сияқты актер, Геннадий Головкин мен Серік Сапиев сияқты спортшы, Артур Платонов пен Майя Веронская сияқты тележүргізушілер де бар. Қазақстандықтар «Нұр Отан» мәжіліске ұсынған 127 үміткердің басқасын емес, осындай танымал өкілдерін көбірек сөз етісті.

«ЕСКІ ӘДІС»

Саясаттанушы Сергей Акимов «Нұр Отан» партиясының бүгінгі съезіне елге танымал адамдарды шақырып, оларды партия атынан ұсынуын «Қазақстанда бұрыннан қолданылып келе жатқан саяси әдіс» деп сипаттайды.

Бұған дейін де белгілі бір мақсаттарға қолданды, бірақ олар ақырғы партиялық тізімге ілінген жоқ.

– Бұған дейін де белгілі бір мақсаттарға қолданды, бірақ олар ақырғы партиялық тізімге ілінген жоқ. Егер бұл жолы да солай болса, бұл қалай дегенмен заң шығару жұмысына қатысы аз адамдардан құралған парламент болғаннан артығырақ, – дейді сарапшы.

Сергей Акимов «парламентке жұртқа танымал шоу-бизнес не спорт саласыныңөкілдерінен гөрі заңгер не экономистер көбірек керек» деп біледі.

Пиар технология маманы Марина Сабитова қазіргідей дағдарыс жағдайында партияның кәсіпқойлыққа емес, танымалдылыққа басымдық беруіне күмәнмен қарайды.

– Саясатқа қатысы жоқ танымал адамдарды партиялық тізімге енгізу – дәстүрлі қадам. Яғни олар («Нұр Отан» – ред.) бағдарламасына ешнәрсе қоспай, партияның танымалдылығына мән береді. Бірақ қазір мәселе танымалдықта емес, кәсіпқойлықта болып тұр ғой. Ал бұл тағы бір мәрте парламенттің кезекті рет ерте тарауына апаруы мүмкін, – дейді Марина Сабитова.

Оның пікірінше, «дағдарыс жағдайында әбден қысылған халықтың сайлауға қызығуы екіталай және мұндай жағдайда ешқандай пиар-қадам да көмек бола алмайды».

КӨРЕ ОТЫРЫҢЫЗ: Назарбаевқа мадақ

«БИЛІК ӨЗІНЕ АДАЛ ПАРТИЯЛАРДЫ САЙЫСТЫРСА ИГІ ЕДІ»

Саясаттанушы Досым Сәтпаев «Нұр Отанның» танымал адамдарды мәжіліс сайлауы науқанына тарту ісін «арзан популизм, көптің назарын аудартуға тырысқан партияның әлсіз ғана талпынысы» деп атайды. Партия мүшелерін көбейту үшін танымал адамдарды қатарына тарту әдісі көптеген елдерде бар екенін айтқанДосым Сәтпаев «бірақ сайлау жүйесі жетілмеген Қазақстанда биліктің оны не үшін қолданып отырғанын түсінбейтінін» айтады.

"Нұр Отан" партиясының 17-съезі. Астана, 29 қаңтар 2016 жыл.

"Нұр Отан" партиясының 17-съезі. Астана, 29 қаңтар 2016 жыл.

– Қазақстанда классикалық сайлау жүйесі жоқ екенін бәрі біледі. Бізде тіпті электорат деген ұғым да жоқ. Партияның («Нұр Отанды» айтады – ред.) өзі парламентке электорат арқылы емес, қуатты ойыншылардың қолдауы арқасында келгенін ескерсек, мұндай жағдайда «Нұр Отанның» көпшілік алдында не үшін шоу ұйымдастырып жатқаны түсініксіз, – дейді Досым Сәтпаев.

Саясаттанушының пікірінше, «билік өзіне адал партиялардың бірі-бірімен бәсекелесуіне мүмкіндік берсе, бүгінгі шарадан гөрі әлдеқайда тиімді болар еді».

– Ол партиялар өзара бәсекелесіп көрсін, әртүрлі электоратпен жұмыс жасасын. Белгілі бір дәрежеде саяси тәжірибе жинап та алатын еді. Бұл жағдайда сайлаушылардың да сенімі көбейер ме еді. Бірақ билік мұны қаламай отыр, себебі «ол кезде жүйені толық бақылай алмай қаламын ба» деп сескенеді, – дейді Досым Сәтпаев.

Саясаттанушы партиялар арасында шынайы бәсекелестік қалыптаспаса, «партиялар атқарушы биліктің нотариалды кеңсесіне айналып, шын мәнінде өз еркі өзінде емес статистер боп қала береді» деп есептейді.

«Нұр Отанның» бүгінгі үміткерлер тізімінде жуықта тараған мәжіліске депутат болған 83 «нұротандықтың» 33-і бар. Съезде сөйлеген партия басшысы әрі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев мұның бір себебі – депутаттарды «жасарту» екенін де айтқан. Ол: «Заңды қалай жасау керегін білетін және жасайтын заңгерлер керек, қазіргі әлем мен Қазақстандағы экономикалық мәселелердің мәнін түсінетін экономистер, қазақстандықтардың игілігіне арнап жасап жатқанымыздың бәрін білетін әлеуметтік сала өкілдері керек» деген.

КӨРЕ ОТЫРЫҢЫЗ: Президент Назарбаевтың съездегі сөзі

Өзін-өзі таратуды өтінген парламент мәжілісі 20 қаңтарда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен тарап, кезектен тыс сайлау 20 наурызда өтетін болып белгіленген.

Қазақстан орталық сайлау комиссиясы елде ресми тіркелген, парламент мәжілісі сайлауына депутаттыққа кандидаттарын ұсынуға құқығы бар 7 партияның тізімін жариялаған. Олар – «Азат», «Ақ жол», «Ауыл», «Бірлік», Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, Қазақстан коммунистік халық партиясы және «Нұр Отан» партиясы. Ол партиялар жиындарын өткізіп, мәжіліске ұсынатын кандидаттарын анықтау науқанын бастап кетті.

Мәжілістегі 107 депутаттық орынның 97-сі партиялық тізім бойынша, 9-ы Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG