Accessibility links

«Оберег» құрылысы созыла түсті


«Оберег» украин ұлттық-мәдени орталығы» ЖШС басшылығы мен үлескерлері кездесуі. Астана, 27 шілде 2016 жыл.

«Оберег» украин ұлттық-мәдени орталығы» ЖШС басшылығы мен үлескерлері кездесуі. Астана, 27 шілде 2016 жыл.

Астанада екі жылға кешеуілдеген «Оберег» тұрғын үй кешені кем дегенде тағы бір жылсыз салынып бітпейтін болды. Құрылыс компаниясы қаржылық қиындыққа ұшырағанын айтады. Пәтер жалдап шаршаған үлескерлер заңға жүгінбек.

Астаналық зейнеткер Сәрсенбай Мәмбетәлиев 2012 жылы үлескерлікпен салынып жатқан «Оберег» тұрғын үй кешеніне ақша салғанын айтады. Оның сөзінше, пәтер құнын толықтай аударғанымен, құрылыс межелі уақытында – 2014 жылдың тамызында бітпей, күні бүгінге дейін тоқырап қалған.

– Мен бұларды (құрылыс компаниясын – ред.) былтыр сотқа беріп, уақытында салып бітпегені үшін 1 миллион теңге көлемінде айыппұл өндіріп алдым. Ендігі [құрылыс] осы жылы тамыз айында біту керек еді. Құрылыс тағы бірнеше жылға созылатын сияқты. Әлі жұмысы көп. Қазір кемпірім екеуміз пәтер жалдап жүрміз, - дейді Сәрсенбай Мәмбетәлиев.

«Оберег» тұрғын үй кешенінің салынып бітпеген құрылысы. Астана, 27 шілде 2016 жыл.

«Оберег» тұрғын үй кешенінің салынып бітпеген құрылысы. Астана, 27 шілде 2016 жыл.

Астанадағы тапсырылу мерзімінен кешеуілдеп қалған тұрғын үй кешендерінің бірі «Оберег» украин ұлттық-мәдени орталығы» жауапкерлігі шектеулі серіктестігі салып жатқан «Оберег» тұрғын үй кешені үлескерлікпен тұрғызылмақ болған. Бірақ 2014 жылдың үшінші тоқсанында тапсырылады деген тұрғын үйдің қазірге дейін 40 пайызы да салынып бітпеген. Компания басшылығы жоспардан кешігіп жатқандарын мойындап отыр. «Оберег» ұсынған дерек бойынша, үш ғимараттан тұратын кешенде 250 мың шаршы метр тұрғын алаңы бар, 242 пәтердің 72-сі үлескерлікпен сатылған.

КОМПАНИЯНЫҢ УӘЖІ МЕН УӘДЕСІ

Шілденің 27-сі күні құрылыс компаниясының кеңсесінде өткен жиынға «Оберегтің» басшылары мен 30-ға таяу үлескері қатысты. Компания басшылығын кінәлаудан басталған жиында үлескерлер құрылыстың мүлдем тоқтап қалғанын айтып қынжылды. Үлескерлер «ақша үнемдеу кезінде құрылыс сапасының нашарлауы», «құрылыстың ары қарай жүретініне кепілдік жоқтығы», «құрылыстың кейінге шегеріле беруі» туралы наразылықтарын білдіріп, компания басшылығын сұрақтың астына алды.

«Оберег» басшылығы үй құрылысының тоқтамағанын, бірақ баяу жүріп жатқанын айтып ақталды.

– Бар қаражаттың арқасында баяу жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ жұмыс қарқыны ешкімді қанағаттандырмайды. Бізді де, оларды да. Бәрі қаражатқа келіп тіреледі, - деді «Оберег» компаниясы жетекшісінің өндіріс бойынша орынбасары Виктор Гречкин.

«Оберег» компаниясы жетекшісінің өндіріс бойынша орынбасары Виктор Гречкин. Астана, 27 шілде 2016 жыл.

«Оберег» компаниясы жетекшісінің өндіріс бойынша орынбасары Виктор Гречкин. Астана, 27 шілде 2016 жыл.

Компания директорының қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары Галина Агиеваның сөзінше, құрылыстағы қаржылық қиындыққа дағдарыс пен пәтерлердің сатылмай жатқаны себеп болған. Оның дерегінше, тұрғын үй кешені құрылысының жобасы 4 миллиард теңге тұрады, оның 1,5 миллиард теңгесі игерілген.

– Сату бөлімі жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі тұрғын үй нарығындағы жағдайға байланысты пәтерлеріміз сатылмай жатыр. Қазір кредит жүйесімен сату мәселесін ойластырып жатырмыз. Жаңа құрылыс кестесі жасалды. 2017 жылдың үшінші тоқсанында тапсыруға тырысамыз, – деді Галина Агеева.

ҮЛЕСКЕРЛЕР СЕСІ

Үлескерлер «Оберег» компаниясы басшылығының «кезекті уәдесіне сенбейтіндерін», сотқа жүгінетіндерін дауыстап айтып жатты. Бір сағатқа жуық созылған жиынға келген үлескерлердің бірнешеуі тарайтын кезде қолдарын сілтеп компания уәдесіне сенбейтін түр танытты. Бірнеше жылдан бері отбасымен пәтер жалдап тентіреп жүргенін айтқан үлескерлердің бірі Дариға Рахимова заңгер жалдауды ойлайды.

– Кейбір үлескерлер сотқа жүгінейік дейді. Өйткені ешқандай қозғалыс көріп тұрған жоқпыз. Үнемі уәде беріп отырады. Олар өзін банкрот деп жарияласа, баспанасыз да, ақшасыз да қаламыз ба деп қорқамыз. Не істерімізді білмей отырмыз. Заңгер жалдайтын шығармыз, – деді үлескер Дариға Рахимова.

«Оберег» құрылыс компаниясының үлескері Дариға Рахимова. Астана, 27 шілде 2016 жыл.

«Оберег» құрылыс компаниясының үлескері Дариға Рахимова. Астана, 27 шілде 2016 жыл.

Астанада құрылысы созылып кеткен бірнеше тұрғын үй кешені бар. Олардың кейбіріне байланысты сот процестері өтіп жатыр. Мәселен, 4 мыңға жуық үлескердің қаржысын ұрлады деп айыпталған «Азбука жилья» компаниясының 10 менеджері шартты мерзімге кесілуі мүмкін. Биыл мамыр айында «Азбука жилья» компаниялар тобының жетекшісі Ерқанат Тайжанов Австрияда ұсталған. Оның қылмыстық ісі жеке іс ретінде қаралмақ.

Астана әкімдігінің мәліметіне сәйкес, қалада 62 тұрғын үйдің құрылысы заңсыз жүріп жатыр. Ал өзге 100-ге тарта үй кешендерін салу кезінде заң бұзу байқалмаған. 2016 жылдың алғашқы тоқсанында қолдануға беріледі деп жоспарланған тұрғын үй кешендерінде пәтер бағасы бір шаршы метріне 386 мың теңгеден түсіп тұр. Тапсыру мерзімі ұзарған сайын баға да арзандай береді. Мысалы, 2017 жылғы төртінші тоқсанда пайдалануға берілетін пәтердің орташа құны бір шаршы метрге 217 мың теңге болып тұрақтаған. Әкімдік өз мәлімдемелерінде жаңа тұрғын үй кешендеріне алдын ала ақша салушы азаматтарды мұндай үлескерліктің мемлекеттік тіркеуден өтпейтінін, тек құрылыс объектісі салынып біткен соң барып ресми түрде рәсімделетінін ескертеді.

XS
SM
MD
LG