Accessibility links

Астана шетіндегі үйлерді заңдастыруды сұрайды


Гүлбаршын Мұқанова Өндірістегі үйінің жанында тұр. Астана, 24 маусым 2014 жыл.
Гүлбаршын Мұқанова Өндірістегі үйінің жанында тұр. Астана, 24 маусым 2014 жыл.

Астананың шетіндегі Өндіріс ауылы тұрғындары 10 жыл бойы жер телімдерін заңдастыруға тырысып жүр. Қала билігі оларға «басып алған жерлеріңді заңдастыра алмайсыңдар» деп ескерткен.

Автобус аялдамасы мен Гүлбаршын Мұқанованың үйінің арасы жарты шақырымдай жер. Оның үйі Астанадағы «Өндіріс» деп аталатын ауылдың шет жағында орналасқан.

Жазда бұл жердің шаңы бұрқырап жатады, көктем мен күзде батпақтан аяқ алып жүре алмайсың. Ал асфальт төсеп, тротуар салу тұрғындарға орындалмайтын армандай көрінеді. 10 жылдан бері су құбыры тартылмаған үйлердің тұрғындары ауыз суды алыстан тасып ішеді. Мұнда мектеп те жоқ. Бірақ тұрғындар бәрінен бұрын салған үйлері де, сатып алған жер телімдері де заңсыз болып шыққанын уайымдайды.

АЛАЯҚ ӘЙЕЛДЕН САТЫП АЛҒАН ЖЕР

Құрылыс қызған жылдары тәуір тұрмыс іздеп Қазақстанның әр аймағынан Астанаға ағылған тұрғындар Өндіріс ауылына 2004 жылдан бері қоныстана бастаған. Полиция мен Алматы маңынан рұқсатсыз үй салып алғандардың 2006 жылғы қақтығысынан кейін жұрт бұл кентті «екінші Шаңырақ», ал мұнда тұратын адамдарды «жерді заңсыз басып алушылар» деп атап кеткен.

Өйткені мұндағы жер телімдерінің көбі жалған құжат бойынша сатылған. 10 жыл бұрын алаяқ әйел Астана әкімдігінің мөрі мен штампы басылған жалған рұқсат қағаз беріп, жұртты алдап кеткен. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотталғанымен, кейін рақымшылыққа ілінген. Ал жергілікті тұрғындардың жағдайы сол күйінше қалды.

Су тасып жүрген Өндіріс ауылының балалары. Астана, 24 маусым 2014 жыл.
Су тасып жүрген Өндіріс ауылының балалары. Астана, 24 маусым 2014 жыл.

Гүлбаршын Мұқанованың ұқыпты етіп салған шағын үйі әкпен ақталған. Жазда шайынатын душ, әжетхана және монша тәрізді бөлме тұрған аула іші кең. Үйдің көлеңке жағындағы шағын бақшаға бірер жүйек шалғам, пияз, қызанақ егіп қойыпты.

Гүлбаршын «Бұдан артық бақша сала алмаймыз. Бақшаны суару үшін су керек, ал ауыз су өзімізге де жетпейді. Ең жақын құдықтың өзі талай шақырым жерде» деп қынжылады. Өндіріс тұрғындарының бәрі ауыз су мен тамақ әзірлейтін суды сол жерден тасиды. Олар «колонкадан көбінесе лай су ағады, ал су алатын басқа жер жоқ» деп шағымданады.

2004 жылы Гүлбаршын Мұқановаға жер телімін сатқан әйел алаяқ болып шыққан. Ал Гүлбаршын бұл жерге бес жылда үй салып алған. Бірақ кейін жерді сату-сатып алу келісім-шарты жарамсыз деп танылған. Ресми ақпаратқа сәйкес, алаяқ әйел сотталған, бірақ рақымшылық туралы заңға ілігіп, оны сот залынан босатқан.

Гүлбаршын Мұқанованың ғана емес, осында тұратын ондаған адамның жер сатып алған келісім-шарттары да жалған болып шыққан. Оның айтуынша, Өндірісте мұндай 120 үйден бөлек, «заңсыз басып алынған» жерге салынған тағы 41 үй-жай бар екен.

Жұрт сатып алған жерлерін заңдастыруға тырысқанымен, еш нәтиже шықпаған. Олар «жерімізді қыркүйекте басталатын мүлікті заңдастырудың үшінші науқаны кезінде заңдастырып алармыз» деп үміттенген. Жуырда парламенттің қос палатасы қабылдаған капиталды заңдастыру туралы заң жобасына маусымның 30-ында Қазақстан президенті қол қойды. Бірақ әйелдің айтуынша, қала билігі Өндіріс тұрғындарына «бұл заңның сендерге қатысы жоқ» деп хабарлапты.

- Жуырда осында жиналыс болып, әкімдіктен кісілер келді. Оларға заңдастыру туралы сұрақ қойдық. Біздің қинайтын мәселе осы. Мына жер телімдерін сатып алсақ та, әрі сот шешімі болса да бізге «Рұқсатсыз басып алған жерлерің заңдастыруға жатпайды. Сендерді ешкім орындарыңнан қозғамайды, әзірше тұра беріңдер, бірақ су да, заңдастыруға рұқсат та сұрамаңдар. Рұқсатты қазір де, болашақта да сендерге ешкім бермейді» деп кетті. Ал үйдің құжаттарын жасау үшін әуелі жерді заңдастыру қажет. Әлгі заңды Қазақстан азаматтары үшін қабылдады емес пе, түсінбеймін, - дейді Гүлбаршын Мұқанова.

Өндіріс тұрғыны Әсел Ғазизова. Астана, 24 маусым 2014 жыл.
Өндіріс тұрғыны Әсел Ғазизова. Астана, 24 маусым 2014 жыл.

Әйелдің сөзін оның көршісі Әсел Ғазизова да қостайды. Кезінде Өндірістен жер сатып алған ол да алданып қалған. Үлкен отбасымен 10 жылдан бері Өндірісте тұрып жатқан ол «қолымызда меншік құқығын растайтын құжаттарымыз жоқ, бір күні кішкентай немереммен қоса далаға лақтырып тастай ма деп күнде қорқамын» дейді.

- Біз бұл жерді басып алған жоқпыз, ақшамызға сатып алдық. Жұрт сияқты біз де Қазақстан азаматымыз. Бірақ неге екені белгісіз, заңдастыруға рұқсат бермейді. Президенттен ақшамызға сатып алған жерімізді заңдастыруға мүмкіндік беруді сұраймыз, - дейді Әсел Ғазизова.

Астана маңындағы тіршілік
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:41 0:00
Жүктеп алу

МЕКТЕБІ ЖОҚ АУЫЛ

Тұрғындардың айтуынша, биыл электр жарығына қатысты мәселе шешілген, қазір оның бір киловатына 12 теңгеден төлейді. «Бұрын бұл да жоқ болатын, бірнеше күн қатарынан жарықсыз отыратынбыз» дейді олар. Жуырда кентте қоқыс тастайтын контейнерлер де қойыла бастаған, бірақ ауыз су мәселесі әлі шешілмеген.

Қыс кезінде Өндіріс тұрғындары үйлерін өз күшімен жылытады. Ол үшін әр үй қыста жағатын 10 тоннадай көмір түсіреді. Көмірдің бір тоннасының бағасы кейде 13 мың теңгеге дейін жетеді.

Өндірісте бала бақша мен мектеп жоқ. Ең жақын мектеп сегіз аялдамалық жерде. Тұрғындардың айтуынша, аялдама мен үй арасы алыс, ал елсіз даламен балаларды жалғыз жіберу қауіпті болғандықтан, қыста балаларын аялдамадан күтіп алады.

Өндіріс ауылындағы үй. Астана, 24 маусым 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Өндіріс ауылындағы үй. Астана, 24 маусым 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Өндіріс тұрғындары мен қала билігі арасындағы тартыстың созылғанына 10 жыл болған. Жұрттың айтуынша, шенеуніктер жанжал шығып кетпесін деп тұрғындардың проблемасын тезірек шешуге тырысады, бірақ алаяқ әйелден сатып алған жерлерін заңдастыруға рұқсат бермейді. Кезінде тұрғындарға «үйлерің бұзылады» деп ескерткен билік қазір үнсіз. Бірақ үйі мен жеріне меншік құқығын растайтын құжатсыз тіршілік кешіп жатқан жандардың көңілі күпті.

2005-2006 жылдары қалалық қаржы полициясы департаменті жер қатынастары саласындағы алаяқтық фактілері бойынша 99 қылмыстық іс қозғағаны туралы Азаттық бұдан ертеректе жазған. Ол кезде Астана әкімдігі өкілі Қайрат Асқаров «жәбірленушілерге жалпы сомасы 219 миллион теңгенің шығыны келтірілген» деп хабарлаған.

АМНИСТИЯ КІМДЕР ҮШІН?

Биыл қыркүйекте басталады деп жоспарланған мүлікті заңдастыру науқаны жыл аяғына дейін созылуы тиіс. Ел президенті «Қазақстан азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларға мүліктерін заңдастыруына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасына қол қойды.

Қаржы министрлігінің хабарлауынша, адамдар ақшасын, құнды қағаздарды, жарғылық капиталдағы үлесін, басқа адамның атына жазылған немесе Қазақстаннан тыс жердегі жылжымайтын мүлкін, құрылыс нормалары талаптарына сай салынған ғимараттар мен пайдалану мақсаты көрсетілген жер телімдерін заңдастыра алады. Ал қылмыстық немесе коррупциялық жолмен алынған мүлікті заңдастыруға болмайды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG