Accessibility links

Назарбаев «ашық та әділ сайлауды» сөз етті


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев парламентте сөйлеп тұр. Астана, 27 қаңтар 2012 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев парламентте сөйлеп тұр. Астана, 27 қаңтар 2012 жыл.

Парламент сессиясының ашылуында президент Нұрсұлтан Назарбаев сенат сайлауы, бизнесті дамыту, міндетті медициналық сақтандыру қорын құру, Ресейге салынған санкцияның Қазақстанға әсері туралы айтты.

Қыркүйектің 2-сі күні Қазақстанның бесінші шақырылымындағы парламентінің төртінші сессиясы жұмысын бастады. Сенат пен мәжілістің бірлескен сессиясын президент Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Ашылу рәсіміне сенаттың 47, мәжілістің 107 депутатымен бірге үкімет пен конституциялық кеңес мүшелері қатысты.

Ел президенті парламенттегі сөзінде алдағы айда өтетін сенат сайлауы, Қазақстан экономикасы мен заңнамасы, Ресейге салынған санкцияның Қазақстанға әсері туралы айтты.

«Халықтың саяси белсенділігі мен құқықтық мәдениеті артып келеді, сондықтан қазан айының 1-іне белгіленген парламент сенатының сайлауын ашық та әділ өткізу керек» деді Назарбаев.

Қазақстанда осыған дейін өткен парламент және президент сайлаулары халықаралық ұйымдар тарапынан ұдайы сынға алынған.

Назарбаев парламенттің рөлі мен демалыс уақытына да назар аударды.

«Экономикалық процестердің тұрақты жүруі парламенттің жұмысына да байланысты» деген ол депутаттарға демалыс уақытын қысқарту жөнінде ұсыныс айтты.

Оның сөзіне қарағанда, үкімет пен жергілікті биліктің құзыры кеңейтіліп, 2015 жылға қарай бизнеске қажетті құжаттар жинау 50 пайызға азайтылуы тиіс.

Қазақстан президенті 2017 жылдан бастап елде міндетті медициналық сақтандыру қорын құруды тапсырды.

Міндетті медициналық сақтандыру қоры Қазақстанда 1996-1998 жылдары да жұмыс істеген еді. Кейін ол жүйе тиімсіз саналып, Қазақстан одан бас тартқан. Қазақстан міндетті медициналық сақтандыру қорының бұрынғы басшысы, 1998 жылы шетелге кетіп қалған Талапкер Иманбаевты «қор қаржысын талан-таражға салған» деген айыппен 2001 жылы сырттай соттап, тоғыз жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен. Иманбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайды.

Парламент сессиясының ашылуына кіре алмаған бірнеше журналист ғимаратқа өткізетін орында тұр. Астана, 2 қыркүйек, 2014 жыл.
Парламент сессиясының ашылуына кіре алмаған бірнеше журналист ғимаратқа өткізетін орында тұр. Астана, 2 қыркүйек, 2014 жыл.

Парламенттің бүгінгі жиынында сөйлеген президент Нұрсұлтан Назарбаев Батыстың Ресейге салған санкцияларының Кеден Одағына да әсері болатынын айтты. Бірақ, Назарбаевтың сөзінше, Қазақстан оған дайындық шараларын да ескерген.

«Елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған анық та айқын жоспар бар» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сейсенбі күні Астанада парламенттің төртінші сессиясының ашылуынан хабар дайындауға келген бірнеше журналисті Қазақстан президентінің күзет қызметі парламент үйіне кіргізбей қойған. Олардың арасында Азаттық тілшісі де бар.

Бесінші шақырылымдағы Қазақстан парламенті 2012 жылы қаңтарда сайланған.

XS
SM
MD
LG