Accessibility links

Бір үйдің 6 баласы мектепке бармай отыр


8 балалы ана Жеңісгүл Ермұқаметқызының 6 баласы мектепке бармай үйде отыр. Астана, 19 тамыз 2015 жыл
8 балалы ана Жеңісгүл Ермұқаметқызының 6 баласы мектепке бармай үйде отыр. Астана, 19 тамыз 2015 жыл

Астанада наразылық шарасын өткізген ананың 6 баласы мектепке бармай қалды. Қала билігі өкілдері отбасының «көмек сұрап келмегенін» айтады.

Биыл шілдеде баспанасы жоқтығына налып, Ақорда алдында наразылық танытқан 8 балалы ана Жеңісгүл Ермұқаметқызының 6 баласы – Айдидар, Ұлағат, Мұхаммет, Сайыпқыран, Меруерт пен Алмас 1 қыркүйекте мектепке бармай үйде отыр.

«ПӘТЕР ТАБЫЛМАЙ ТҰРЫП МЕКТЕПКЕ ҚАЛАЙ БАРАМЫЗ?»

2004 жылы Қытайдан көшіп келген этникалық қазақтар Жеңісгүл Ермұқаметқызы мен Мұхамеди Шәннің балалары былтыр Астанадағы 57-мектепте оқыған. Биыл жазда бұл отбасының ол мектепке жақын маңдағы«Щебсклад» саяжайында жалдап тұрып жатқан үйлері сүрілген еді. Қала билігі көп балалы отбасыға Астананың екінші шетіндегі әуежайдың қасындағы «Пригродный» ауылының жатақханасында 17 шаршы метрлік бір бөлмені уақытша тұруға берген.

– Бізді бұл жерге уақытша орналастырды. «Екі бөлмелі жатақхана беріледі, ол босағанша осында тұра тұрыңдар» деді. Көріп тұрсыңдар, мұнда жарық жоқ. Бірінші қабат болған соң ба, суық. Қанша күн тұратынымызды білмейміз. Пәтер мәселесін шешіп алмай мектепке қалай барамыз? – дейді Жеңісгүл Ермұқаметқызы.

Ол жаңа оқу жылы басталған сәтте балалары былтыр оқыған 57-мектептің мұғалімдері мен директоры хабарласып, жағдайларын сұрағанын айтады.

– Бірақ жолдың алыстығына байланысты балаларымның ол мектепке бара алмайтындарын айттым, – дейді көп балалы ана.

Бір үйдегі 6 бала мектепке бармай отыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:26 0:00

«БАСҚАРМАҒА ӨЗДЕРІ ХАБАРЛАСУЫ ТИІС»

Азаттық тілшісі бір үйдің алты баласы мектепке бармай отырғанын білер-білмесін сұрап, Астана қалалық білім басқармасына хабарласқан еді. Басқарма басшысының орынбасары Бағлан Сматаева: «Мұқамеди Шән мен Жеңісгүл Ермұқаметқызы балаларын мектепке орналастыру жөнінде көмек сұрап келмегенін, сұраған жағдайда тиісті көмек көрсетілетінін» мәлімдеді.

Астана қалалық білім басқармасының жауабы.
Астана қалалық білім басқармасының жауабы.

Мұхамеди Шән мен Жеңісгүл Ермұқаметқызының отбасын «Пригродный» ауылындағы жатақханаға Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы орналастырған еді. Басқарма басшысы Ләззат Әбуева «ол отбасы далада қалмайды деп айтқаным рас» дейді.

– Ол кісілер біздің басқармадан жәрдемақы және басқалай да көмек алып жатыр. Ал пәтер, жатақхана мәселесін басқа басқарма [тұрғын үй басқармасы] шешеді. Олар сонда өздері хабарласулары тиіс, – дейді Азаттыққа түсініктеме берген Ләззат Әбуева.

«Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы екі бөлмелі жатақхана босағанша осында тұра тұруды өтінді» деген Жеңісгүл Ермұқаметқызы басқа жатақхана мәселесі бойыншатұрғын үй басқармасына хабарласпағанын айтты.

Жеңісгүл Ермұқаметқызы 2015 жылдың 27 шілдесінде баспанасының жоқтығына налып, Ақорда алдында наразылық танытып, президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездеспек болған еді. Бірақ полиция оны Ақордаға кіргізбей, күштеп алып кеткен. Отбасы уақытша жатақханаға сол оқиғадан кейін ие болған.

Мұхамеди Шән мен Жеңісгүл Ермұқаметқызының отбасы Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданына 2004 жылы Қытайдан көшіп келіп, азаматтық алған. Үлкені 17, кішісі 3 жастағы сегіз баланың алтауы Қазақстанда туған. Ұлан ауданында жұмыстың жоқтығынан, мал бағатын жер ала алмағандықтан оралман заңымен берілген ескі үйлерін сатып, 2013 жылы Астанаға көшіп келген. Бірақ олар бастарында бұрын баспана болғандықтан заңдағы бес жылдық шектеудің әсерінен Астанада пәтер кезегіне тұра алмай жүргендерін айтады.

Ерлі-зайыптылардың екеуі де денсаулықтарына байланысты жұмысқа жарамай қалған: құлағы естімейтін Мұхамеди Шән – 2-топ мүгедегі, сегізінші баласынан кейін басына ота жасатқан Жеңісгүл Ермұқаметқызы – 3-топтағы мүгедек. Отбасы әр балаға берілетін жәрдемақы, мүгедектікке және «Алтын алқа» иесі Жеңісгүлге берілетін ақшаны қосқанда айына 60 мың теңге ақшаға күн көретіндерін айтады.

XS
SM
MD
LG