Accessibility links

Пастор Қашқымбаев жеті жылға сотталуы мүмкін


«Благодать» христиан-пресвитериандық шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев.
«Благодать» христиан-пресвитериандық шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев.

Астаналық пастор Бақытжан Қашқымбаев «діни қауымға мүше әйелдің денсаулығына ауыр зардап келтірген» деген айыппен алдын ала екі айға қамалды. Ал «жәбірленуші» өзінің зардап шекпегенін айтады.

Астанадағы «Благодать» христиан-пресвитериандық шіркеуінің пасторы, 66 жастағы Бақытжан Қашқымбаев мамыр айының ортасынан бастап қамауда отыр. Ол қауым мүшелерінің бірі, 34 жастағы Ләззат Әлменованың «денсаулығына қасақана ауыр зардап келтірді» деген айып бойынша биыл мамырдың 17-і күні ұсталды. Астана қаласының Алматы аудандық 2-соты мамырдың 19-ы күні пасторды екі ай мерзімге алдын ала қамау туралы шешім шығарды.

Егер Қашқымбаевқа қылмыстық кодекстің 103-бабының 1-бөлімі бойынша тағылған айып дәлелденсе, ол үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. «Адам денсаулығына қасақана ауыр зардап келтіру» деп аталатын бұл баптың бірінші бөлімінде адам өміріне қауіпті зардапты қасақана келтіру қылмысы бойынша жаза қарастырылған. Аталған баптың екінші бөлімінде екі және одан көп адамға қатысты осындай қылмыс жасағандарға тағайындалатын жазалар жазылған.

Мамырдың 19-ы күні соттың шығарған қаулысында «Қайырымдылық және діни қызмет жүргізу ниетін жамылған Бақытжан Қашқымбаев бірлестікке садақа жинау мақсатында қауым мүшелеріне еліртетін дәрі беріп, психологиялық ықпал еткен» деп жазылған. Сараптамалық ұйғарымға сілтеме жасалған қаулыда «осы діни қауымға келгелі Ләззат Әлменованың бойында параноидтық шизофрения белгілері қозған» деп жазылған.

Шіркеуде отырған адамдар. Көрнекі сурет.
Шіркеуде отырған адамдар. Көрнекі сурет.
Штаб-пәтері Норвегияда орналасқан Forum 18 халықаралық құқық қорғау ұйымының мамандары сотта пастор Бақытжан Қашқымбаевқа тағылған айыптарды негіздейтін ешқандай нақты дәлел келтірілмеген деп есептейді.

Forum 18 ұйымы «Благодать» шіркеуінің басқа мүшелерінің «пасторды қамауға алу мен сот отырысы өтетін уақыт та мұқият таңдалған» деген сөзін келтіреді. Қашқымбаевты жұма күні кешкісін ұстап әкетіп, сот отырысы жексенбі күні таңертең өткендіктен, пастордың адвокаты Риза Нұрбаева оған қатыса алмаған.

Бақытжан Қашқымбаев – Астанадағы шағын христиандық қауымның 1995 жылдан бергі мүшесі. Оның үстінен қылмыстық іс 2012 жылдың қазан айында қозғалған. Қылмыстық іс «жәбірленушінің» анасы Гүлзахира Әлменованың 2011 жылы шілденің 21-і күні жазған арызы негізінде араға 15 ай салып қозғалған, ал жеті айдан кейін пастор қамауға алынды.
Шара қолдану жөнінде арыз берген жоқпын, бұл іс менің арызымсыз заңсыз қозғалды деп есептеймін.
"Жәбірленуші"

Ләззат Әлменованың өзі «пасторға тағатын ешқандай кінәм жоқ және 2012 жылы мені психиатриялық сараптамадан заңсыз өткізді» деп есептейді. Ол Астана қаласы прокуратурасына жазған арызында осы пікірін айтқан.

Ләззат Әлменованың өз қолымен жазылған арызда «Денсаулығыма залал келген жоқ. Өзімді дені сау адаммын деп есептеймін. Шара қолдану жөнінде арыз берген жоқпын, бұл іс менің арызымсыз заңсыз қозғалды деп есептеймін. Сондықтан Қазақстан қылмыстық кодексінің 103-бабының 1-бөліміне сәйкес Астана қаласы ішкі істер департаменті қозғаған қылмыстық істі тоқтатуды сұраймын» делінген.

Азаттық тілшісіне бұл құжаттың көшірмесін америкалық Russian Ministries
ұйымының Еуразиядағы діни сенім еркіндігі мәселелері жөніндегі жобасының жетекшісі Уэйд Кьюсак көрсетті.

Пресвитериандық

ПРЕСВИТЕРИАНДЫҚ ХРИСТИАНДЫҚ

Адам жанын құтқару тек Құдайдың қолынан келеді деп сенетін, Құдай мен құлдың арасындағы шіркеудің "дәнекерші рөлін" жоққа шығаратын протестанттық ағым.

  • 16-ғасырда католицизмге қарсы шыққан діни реформатор, протестант Джон Нокс Шотландияда пресвитериандықтың негізін қалады.
  • 17-ғасырда Англия мен Ирландияға тарады.
  • 18-ғасырда АҚШ-та орнықты.

– Қазақстандағы христиандық қауымдардың мүшелері «пасторға қарсы мына қисынсыз айыптаулар мен оны түрмеге қамау кездейсоқ емес» дейді. Олар мұны қауым мүшелерін қорқыту-үркіту амалы және исламнан христиан дініне көшкен этникалық қазақтарға қарсы бағытталған ескерту шарасы деп есептейді. Бұл – билікке жайсыз діни топтарға қарсы ауқымды репрессиялардың бастамасы, – дейді Уэйд Кьюсак.

Оның айтуынша, бұл жағдай мен басқа діни бірлестіктерді жаппай тексерулер Қазақстан заңдарына жақында енгізілген шектеулермен қатар жүріп жатыр. «Мемлекеттік органдар осындай агрессиялық қысым арқылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы қол қойған дін туралы жаңа заң талаптарын орындауға тырысып жатыр. Бұл қарқынды қимылдың нәтижесінде 579 діни бірлестік тіркеуден өтпей, заңды түрде қызмет ету құқынан айырылды» дейді Уэйд Кьюсак.

Қазақстандағы шағын діни қауымдардың көпшілігінің қызметіне қатысты шектеулер АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің биыл мамыр айында жариялаған баяндамасында да сынға ілінді.
XS
SM
MD
LG