Accessibility links

Қазақтың понты Қазақстанның бас қаласы — Астанадан бастау алады


Ақорда, Қазақстан президентінің резиденциясы, Астана.
Ақорда, Қазақстан президентінің резиденциясы, Астана.

«Қазақ үшін понт (мақтангершілік) – доллардан да қымбат». Осы сөздің көрінісі Қазақстанда қадам сайын алдыңнан шығады. Жасынан кәрісіне дейін – оқушыдан бастап ел ағаларына дейін. Азаттық радиосы сұхбаттасқан кейбір адамдардың пікірінше, басқасын былай қойғанда, Ақорданың өзі понттан ада емес. Алдағы жылдары Қазақстан Азиядағы өзара сенім және ықпалдастық шаралары кеңесі, ЕҚЫҰ, Ислам конференциясы ұйымы, Еуразия экономикалық қауымдастығы және Түркітілдес елдердің ұйымы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты алты бірдей халықаралық және аймақтық ұйымдарға төрағалық етпекші. Мұның сыртында, жақында Астанада әлемдік діндердің екінші сиезі өткелі отыр.

ТОБЫРЛЫҚ САНАНЫҢ СЕБЕПТЕРІ МЕН САЛДАРЫ

1970 - 1980 жылдары, "кемелденген социализм" бабына келген ССРО заманында-ақ понт (мақтангершілік) деген әлеуметтік құбылыс қала жастарын, әсіресе орта мектептің жоғары сыныптағы оқушылары мен жоғары оқу орындары студенттерін және де Алматының ғана емес, Қазақстанның өзге де ірі қалаларының «орталық» алтын жастар ұрпағын шырмады.

Сол жылдары «мызғымас» республикалар Одағының бүкіл аумағында біреудің мерейін асырып, енді біреудің ішін күйдіретін мақтанарлық дүние сәтті сатып алынған фирмалық киімдер болушы еді, ондай бұйымдар – Польшада, Үндістанда, не болмаса Чехословакияда (мысалы, «Цебо» фирмасында) жасалған кәстөм, жейде, пальто немесе аяқкиім болуы мүмкін.

Мәселен, «Вранглер», «Монтана», әйтпесе «Леви Страусс» фирмалары шығарған джинсы шалбарды, болып жатса, күртешесімен бірге сатып алу немесе оған «қол жеткізу» (сол заманның сөзімен айтқанда) ССРО-да, оның ішінде Қазақстанда да тұтас бір ұрпақтың қол жетпес арманы болды.

Мұндағы басын ашып кететін бір мәселе — осы мақала ауторының мақсаты – «понт» (мақтангершілік) сөзінің тарихи немесе лингвистикалық түбірін тауып, анықтау емес, аутор мақтангершілік деген тобырлық сананың бүгінгі Қазақстанда пайда болу себептері мен салдарына үңілгісі келеді.

Сонымен, ХХІ ғасырдың басындағы - бүгінгі Қазақстанда мақтангершіліктің түбірі қайда жатыр? Азаттық радиосымен әңгіме құрған адамдардың сөзіне қарасақ, бүгіндері Қазақстанда мақтангершіліктен ада жан жоқ, қай жаста болсын, әлеуметтік жағдайы не саяси мәртебесі қандай болсын, бәрібір. Сонау бастауыш сынып оқушыларынан бастап, жоғары дәрежелі лауазымды, басқаша айтқанда жақсы-жайсаңдарға дейін сол.

Бір респондент, тіпті, Ақорданың қазіргі қожайыны да ондай «қасиеттен» құралақан емес дегенді айтты. Ал, мақтангершілікке бой алдыра қоймаған біреу бар болса, ол – іскерлер. Ең қызығы сол — Қазақстанда бәрінен бай тұратын адамдар – шенеуніктер, олар жаңағы іскерлеріңнен де бай деп түйеді Азаттық радиосының оқырманы.

Азаттық радиосына сұхбат бергендердің бәрі бірдей аты-жөнін айтуға құлықты болмады, оның себебі түсінікті де. Өйткені, олардың кейбіреуі қазірдің өзінде Астанада жоғары шенді қызметте отыр. Баспасөзге ағынан жарылудың қандай орға апарып жығатынын олар жақсы түсінеді.

КЕРЕКСІЗ МАМАНДЫҚҚА БОЛСА ДА, ЛОНДОНДА ОҚУ – ПОНТ, ӨЙТКЕНІ ОЛ - ЛОНДОН ҒОЙ

Мәселен, «Мәдениет майданы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұрлан Ерімбетов әртүрлі әлеуметтік топқа жататын адамдардың мақтангершілікке әйтеуір бір себеп табатынын күнде көреді. Нұрлан Ерімбетов Азаттық радиосына берген сұхбатында былай деді:

- Қазақы понттың бір түрі – несиеге өте қымбат аутокөлік сатып алу, бірақ қайтарымын өтемеу, немесе қарызданып, кепілдікке үйін қойып, 1000–1500 адамға ұлдың не қыздың шаңырақ көтеру тойын өткізу. Қазір Лондонда немесе кез келген сол секілді ірі қалалардың бірінде оқу – мақтаныш. Мейлі, ол Қазақстанда ғана емес, мәселен, ұжым менеджері сияқты басқа жерлерде де керексіз мамандық болсын, бәрібір. Есесіне, Лондонда оқыды деген атағы болады.

Мені әсіресе таңғалдыратыны – жастарға пәтер әперу секілді маңызды іс үшін емес, “құда шақыру” не “тұсаукесер” тәрізді ағайын-туыс, дос-жаран, жұмыстағы ұжымның арасында ғана өткізе салатын той-томалақ үшін талай қазақ несие қарызына батқан.

Келін түсіп, қыз ұзатса да, мерейлі жасқа келсе де, дүбірлетіп той жасауын қоймаған қазақ. Тойды тағы да пәтерін, үйін кепілдікке қоя-моя несие алып жасайды. Сөйтіп жүріп, жалғыз үйінен айырылғандары аз емес. Мұндай өкінішті жағдай негізінен ауылдарда көп болды. Және де несиеге алынған ақшамен жасалған тойда отырғандарын білетін банкирлер мен әкімдер де сол тойда ішіп-жеді емес пе?

Менің бұрынғы әріптестерімнің көбісі құны 500 не 1000 долларлық галстугін көрсетіп, мақтанатын. Кейбіреуі, тіпті, мағынасын түсінбесе де, өте қымбат картиналарды жинаумен айналысты. Суреттер жұмыс бөлмесіне, ал көбісі үйдегі қабырғаларға ілінді. Айтайын десең ұяласың, сол пәленбай ақшаға сатып алғандары – түкке тұрғысыз дүниелер. "Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ" деп Абай суреттеген бес кесір қазақтың бойын жайлап алған.

«МАҚТАНСЫЗ ҚАЗАҚ - ҚАЗАҚ ЕМЕС»

Гаухар Күлібаева (аты-жөні өзгертілген) қызметтік міндеттеріне байланысты әртүрлі деңгейдегі шенеуніктермен тығыз араласады, сол себепті де өз әріптестерінің сырына (түсінігі мен дүниетанымына) жете қанық. Оның айтуынша, шенеунік майлы орынға отыра қалса, өзін қарапайым ұстамайды, тіпті заңсыз табыстарын жасыруға тырыспайды, керісінше, сол көл-көсір табыстарын жұртқа көрсетуге ұмтылады, яғни неғұрлым «майлы» қызметте отырса, соғұрлым мақтангершілікке салынады. Және бұл қалыпты әдетке айналған.

Азаттық радиосына берген сұхбатында Гаухар ханым жоғарғы және орта деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлердің тағы немен және қалай мақтанатынын айтып берді.

- Өзінің қоғамдағы мәртебесімен мақтанғанды ұнатады. Сол мәртебесінің арқасында қоғамның басқа мүшелеріне қысым көрсетуді тәуір көреді. Понт - өзгелердің мысын басудың құралы сияқты. Біреуге қысым көрсету, мысын басу арқылы басқа да мүліктік игіліктерге жетеді. Осыған қатысты бір әйгілі мәтел бар, «мақтансыз қазақ – қазақ емес» деген.

Мақтангершілік шенеуніктерде қалай көрініс береді? Олар бізде өзгелерде жоқ артықшылықтар бар деп тоқмейілсиді. Олардың мақтаныш көретіндері: керемет аутокөлік, оққағарлар, қымбат баспана, мүмкін болса, көпқабатты вилла немесе сарай, міндетті түрде көңілдес ұстау. Сонымен қатар, аса қымбат мейрамханадағы ығай мен сығайлардың бас қосуына қатысу.

Аңшылықты ермек ету және қару-жарақ топтамасын жинау да понтқа жатады. Ал, понттың ең маңыздысы – жоғарғы топпен байланыстың болуы. Мұнысын және кеңінен жарнамалап жүреді, әлгі мықты «байланыстар» той-томалақ, мереке-жиынның бәріне шақырылып, ең көрнекті орынға жайғастырылады. Ондағысы – менің осындай да байланыстарым бар дегені, жұртқа көз қылып, өзінің беделін асырғысы келгендігі.

Тағы мынадай да тәсілдер бар: жұмыс үстеліңнің үстіне президентпен, прокурормен, қаржы полициясындағы бастықтармен және басқа да мықтылармен қол алысып жатқан фотосуреттеріңді қою. Бұл тәсіл саған басы артық сұрақ қойылып жатпау үшін, сенің жеке байланыстарыңды қасыңдағылардың біліп жүруі үшін керек.

Сосын, жұмыс үстеліңе жақындаған адамға сөз арасында айтқан болып, әлгі суреттердегі адамдармен бірге ішіп-жедім деп әңгіме қыласың. Ол фотосуреттердің келген адамның көзіне түспеуі мүмкін емес, өйткені ол қызметтік үстелдің ең көрнекті жерінде тұр. Және де бұл ұятсыздыққа да баланбайды, ерсілік те боп саналмайды, қайта керісінше. Бұл да понтың бір көрінісі.

Қазір, әуелі, екінші қатардағы шенеуніктердің өзінде (одан жоғары тұрғандарды айтпағанда) асыл тұқымды жылқыларға арналған атқора ұстау үрдіске айналды. Мұның өте тиімсіз екенін бәрі біледі, бірақ сонда да бұл – үлкен мәртебе. Бұл, әрине, ақшаны желге шашу, сонысымен де – мақтаныш. Ақшаның көптігін, соншама ақшаны бекерге лақтыра салатынын көрсету.

Майлы орынға жайғасқан шенеунік өзін сақ ұстап, жасырын табыстарын көрсетпеудің орнына керісінше, заңсыз жолмен келген ақша болса да, барлық табысын бәріне көрсетуге асығады. Және бұл жөн саналатын, қалыпты жағдайға айналды.

Ал, ең қорқыныштысы сол – мұндай қылықты өзгелер, яғни қоғам жазғырып, айыптамайды. Керісінше, қай-қайсысы болса да, сондай жағдайға жетуге талпынады. Өйткені, ақшасы көп адам заңның үстінен қарайды. Сонысымен де ол өзінің басқалардан артықшылығын тағы бір рет дәлелдейді және өзгелерге қысым жасай алатынын әрдайым да көрсете алады.

БҮГІНГІ ОҚУШЫЛАР ТİПТİ ҚЫМБАТ АУТОКӨЛІКТЕРİМЕН МАҚТАНАТЫН БОЛДЫ

Сұңғат Қайратұлы – Астанадағы Қазақ-түрік лицейінің 11-ші сынып оқушысы. Ол біздің Азаттық радиосының тілшісімен бейресми әңгімелесу барысында өзінің құрбы-құрдастарының – бүгінгі қазақстандық оқушылардың арасында қандай понт барын айтып берді.

- Мектепте баршылықты, қалтаның қалыңдығын көрсету – мақтаныш. Біреулер екі айдай ұстап, сосын одан да мықтысына көшетін қымбат ұялы телефонымен мақтанса, енді біреулер ғажап, алыстан «мен мұндалап» тұратын киімімен мақтанады. Құр сөзбен мақтанатын да балалар бар. Әкем пәлен, шешем түген деп. Ал, кейбіреулері тәшкімен (аутокөлікпен) жүр. Олар 16 жастан мәшине айдауға кірісті. Қандай көлік маркалары дейсіз бе? Мәселен, «Ауди А6» делік. Көпшілік қарап тұрса, қыздар тұрса мектеп алдына дейін айдап келеді, мақтанады.

ПРАГАНЫҢ ТҮНГІ КЛУБТАРЫНДА ОЙЫНА КЕЛГЕНІН ІСТЕЙТІН ДЕ СОЛ - ӨМІРДІ БОСҚА ӨТКІЗİП ЖҮРГЕНДЕР

Бақытжан Мұхамеджановтың Чехияның астанасы Прагадағы беделді университеттердің бірінде оқып жатқанына биыл үшінші жыл. Прагадағы ғана емес, Чехияның басқа да аймақтарындағы жоғары оқу орындарында оқитын қазақ студенттерінің саны жыл сайын еселеп артып келеді.

Айта кетерлік маңызды жағдай – Прагамен қатар Чехияның өзге де қалаларында қазақ жастары негізінен өз қаражатымен оқиды. Сол студенттердің басым бөлігін орта және аймақтық буын шенеуніктерінің балалары құрайды. Олардың жүріс-тұрысына қарап, орта буындағы қазақстандық мемлекеттік қызметкерлердің мәдениеті мен мінез-құлқын аңғаруға болады.

Бақытжан Мұхамеджановтың айтуынша, қазақ студенттерінің бір бөлігі Прага қаласына жас Қазақстан мемлекетіне қажет мамандықтар бойынша білім алуға емес, өмірді босқа өткізуге келген сияқты. Азаттық радиосына берген сұхбатында Бақытжан әлгі жастардың өз ұлты мен елін қалай масқаралап жүргендерін айтып берді:

- Олар мұнда кештен кешке қатысып, Праганың мейрамханасы мен түнгі клубтарында ақша шашуға келгендей. Өте қымбат сауда орындары мен фирмалық дүкендерден киінуді айтпай-ақ қояйын. Жалпы, осы понт Қазақстанда көп жыл бұрын пайда болған, сол қылық қайда барса да біздің жастардың бойынан қалмауда. Сосын, Прагада дәулеттілердің балалары орталықтан алыс тұрмайды. Бізде Прагада жатақханада тұратындар аз. Тіпті, бізде қымбат аутокөлікпен жүретін бір-екі студент бар.

Осы біздікілер Праганың түнгі клубтарында ойына келгендерін істейтін. Ішіп алып бірімен бірі төбелеседі. Солардан әбден зәрезап болған кейбір түнгі клубтар «қазақ» деген сөзді естігеннен есігін жабатын болды. Әлгілер бүкіл қазақты, тұтас елді масқаралап жүр. Олар шынымен білім алуға келген балаларға да тыныштық бермейді. Тіпті, жағдай адам өліміне дейін барды...

Мен оларды мақсатсыз адамдар деп сипаттай аламын. Олар бекер-босқа өмірлерін өткізуде. Нақты бір мақсаттары жоқ, менің білуімше, олардың келешекте қоғамдағы алар орны қамтамасыз етіліп қойылған, беделді жұмысқа орналасу мәселесі баяғыда шешіліп қойған. Ал, олар мұнда қандай білім алды, қалай оқыды, нендей мамандық алып шықты – бұл мәселе емес. Қазақстанда да осы қағида жұмыс істейді. Мұнда да сол, онда да сол. Бұл – ұлттың жаңа «үрдісі -культі» десек те болады.


«МӘСЕЛЕН, АСТАНАДАҒЫ ӘЛЕМДІК ДІНДЕР СИЕЗІ ДЕ СОЛ БАЯҒЫ ПОНТ»

Дей тұрсақ та, «Мәдениет майданы» қоғамдық бірлестігі басқармасының төрағасы Нұрлан Ерімбетовтың мәлімдегеніндей, жоғары лауазымды қызметкер балаларының бәрі бірдей есерсоқ боп өсті деуге болмайды. Қоғамда мәртебесі жоғары ата-анасының аты мен абыройын ойлайтын балалар да бар. Ондай бекзадалар қарапайым өмір салтын ұстанады дейді Нұрлан Ерімбетов:

«Білетін боларсыз, жоғары лауазымды шенеуніктер балаларының екі түрі бар. Бірі - әлгіндей, оларды есерсоқ дейді. Мен көшемен жүріп бара жатып, олардың қалай жүретінін, сыраханаға кіріп, қалай әңгімелесетінін, сол он сегіз жасар балалардың қырық жасар даяшыларды қалай боқтайтынын жиі көрем. Олар көзге түспей тұрмайды.

Және де бастықтың балаларының басқа түрі де бар. Олар әке аты мен абыройының не екенін түсінеді. Оны мақтан тұтып, қандай да бір қарапайым өмір салтын ұстанады. Бұл – ерекше көзге түспеу деген ақылды ұстаным.

Дей келе, Нұрлан Ерімбетов Қазақстандағы ресми биліктің көптеген әрекеттері мен қадамдарынан Ақорданың понтын көретінін айтады. Еуразиялық медиафорум, Әлемдік діндер сиезі немесе Астанадағы қайсыбір ғимараттардың құрылыстары – мұның бәрі биліктің мақтангершілігі мен тұрпайы еліктеушілік деп санайды ол. Азаттық радиосына берген сұхбатында Нұрлан Ерімбетов былай деді:

«Біз үнемі өз ерекшелігімізді жоғалтқымыз келмейді. Бірақ, іс жүзінде біз ылғи еліктейміз. Біздің Алматыдағы Республика алаңының астына салғымыз келетін үш қабатты сауда орталығы Мәскеудегі Манежді алаңның тұрпайы көшірмесі болса, онда кәні біздің ұлттық ерекшелігіміз? Тұрпайы цемент зауыты боп шыққан ұшқыр жобалар да – сол баяғы понт.

Мәселен, Астанадағы Әлемдік діндер сиезі де сол. Және де бізге көбіне сол жетекшілердің өздері келмейді. Сондай-ақ, Еуразиялық медиафорум. Біздің идеологтарымыз мұның бәрін елдің имидждік іс-шаралары деп түсіндіруде.

Олай болса, кәне, форумның күн тәртібі бойынша анықтайық. Оны неге жарқ-жұрқ еткен Ксения Собчак немесе сол сияқты тағы біреу жүргізуі керек. Бастысы – Американың не болмаса Африканың мәселесін Алматыда талқылаудың қаншалықты қажеті бар?!»

«ОСЫНЫҢ БӘРІ ЭЛИТАНЫ ӘБДЕН БҰЗДЫ»

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис Ақорданың ЕҚЫҰ-на төрағалық етуге немесе Әлемдік діндер сиезін өткізуге деген екпінді ұмтылысына қатысты біршама басқаша көзқарас білдірді.

Елдің саяси басшылығы тарапынан болып жатқан осы ұмтылыстың бәрін, Ақорда қожайынының кезекті жаһандық бастамасын оның «әлемдік жетекшілікке ұмтылған қайсыбір таласы» деп қарастырады. Бұл көзқарасын Евгений Жовтис Азаттық радиосына берген сұхбатында былайша білдірді:

«Менің айтарым, әлемдік тарих пен саясаттағы қайсыбір орынға деген ұмтылыс – көшбасшылардың амбициясына негізделген ұмытылыс емес. Ол қайсыбір объективті себептерге – елдің алға жылжуы, оның мәдениетінің өсуі, әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатына, т.б. негізделген.

Бірақ, менің жиі ойлайтыным – неге екені белгісіз, қарт Еуропаның ойына Бүкіләлемдік діндер форумын ұйымдастыру идеясы келмейді. Түсінесіз бе, бізде жетекшілік, аса бір қажеттілігі жоқ жаһандық немесе дәуірлік бастамаларға деген қандай да бір ұмтылыстарға құмарлау.

Қарап көріңіз, Еуразиялық медиафорум өткізілуде. Даңғазасы көп, топырлаған жұрт, толған жарнама. Ал, форум өте салысымен үні өшті де қалды. Одан кейін ол туралы әңгіме де жоқ. Әлемдік діндер сиезін шақырдық делік, айтпақшы, оған жетекші діндердің өкілдері келмейді.

Мұндай іс-шара өткізу белгілі бір саланың жетекшілігіне таластың бар екенін байқатады, бұл – өзін-өзі жарнамалау шарасы, сыртқы саяси ойдың қайсыбір жетістігі секілді боп бұлдырайды көз алдымда. Ал, анығырақ қарайтын болсам, бұл – жеке амбицияның қайсыбір кемтарлық олқылығымен араласқан қойыртпағы».

Сонымен бірге, Евгений Жовтис Азаттық радиосына берген сұхбатында понт секілді құбылыстың болмысы мен пайда болу себептерін түсіндіріп, бастау алатын қайнар көзін көрсетті:

«Біріншіден, мұның бәрі ана жақтан (жоғарыдан) басталып тұрғанына еш күмән жоқ. бұл кеселмен (понтпен) постсоветтік кеңістіктің бір бөлігі ауырды. Бұған Ресейді мысал етуге болады. Яғни, мұнай, газ, металдан түскен долларлар, демек еңбексіз алған ақшаның жауындай жауып, 1990 жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың бірінші жартысында табиғи шикізат өнімдері белгілі бір даму деңгейіне жеткізген елдер.

Сосын білім, карьера сияқты бұрынғы құндылықтар маңызды роль атқармайтын болды. Оның орнына ақша тасқыны басталатын бұлақтарға жақын болу шешуші рольге ие болды. Соның әсерінен айналдырған бірнеше жылдың ішінде аса бай топтың жұқа қатпары - ең алдымен үлестіруші механизмдерге жақын болған жоғарғы жақта қалыптасты.

Айтпаса да түсінікті, тіпті, Рокфеллер немесе Форд болсаң да айналдырған 10 жылдың ішінде миллиардер болып шыға келу мүмкін емес. Ал, мұнда 10 жылдың ішінде адамдар «Форбс» журналының тізіміне ене бастады. Ары қарай былай болды: шын мәнінде еңбексіз келген сол капиталдар жақсы мағынасында қолданғанда жинап-сақтауға да, инвестицияға жұмсауға да кеткен жоқ.

Мәселен, әлемнің ең бай қалаларының көшесінің өзінен табылуы қиынға соғатын 100-200 мың долларлық «Ролс-ройс» немесе «Хаммер» аутокөліктері Алматы мен Астананың көшелерінде пайда болды, зәулім үйлер мен сарайлар бой көтерді. Бұл жоғарыдан басталды.

Оның жарқын мысалы ретінде мәселен, Астананы алайық. Даланың төсінде салынған қала, онда ғажап ғимараттар, лорд Фостердің пирамидасы бар, тағы басқалардың туындылары бой көтерген. Сосын, Куршавельде демалу, Ла Скалаға ұшу, бір күнге Парижге барып қайту секілді тоқтаусыз тұтыну дәуірі басталып кетті.

Осының бәрі элитаны біржолата бұзды. Әрине, элитаның бұзылуы тұтынушылық бағытында ішкіэлиталық бәсекелестікті тудырмай тұра алмады. Әлбетте, білім, зияткерлік жағынан жарысудың қажеті болмай қалды, өйткені оларды сатып алу оңай еді.

Кімнің көлігі мықты, немесе кімнің вилласы артық, кімнің көңілдесі сұлуырақ, ілген суреті не болмаса, атқорасы қымбатырақ - осыдан жарысты. Сонда, ол үшін мұның бәрі бірінші тілектің заңды құрамы болып тұр.

Мен айтылып жатқан дүниенің бәрі тек қазаққа ғана тән демес едім. Бұл ұлты қазақ емес, бірақ дәл сондай тетіктер мен құбырларға жақын элитаның бөлігіне де қатысты.

Ауылдарды көркейту, ондағы жұрттың тұрмысын түзеу, жолдарды жөндеу секілді әлеуметтік салада тұрған бірқатар ең көкейкесті мәселелерді шешіп алуға жарайтын ақша жеке ұшақтарға, яхталарға, шетелде жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалды.

Мұны понт демегенде не дейсің? Біз құдайдың құлағынан ұстап тұрғандай талтаңдадық. Ендігі қызық – сол әбігерліктің артынан дағдарыс қуып жеткенде тұтыну саласы не күйге түсер екен?»

Дегенмен де, Евгений Жовтистің пікірінше, Қазақстандағы биліктің ең басты понты – ол елдің жаңа астанасы. Азаттық радиосына берген сұхбатында Евгений Жовтис былай деді:

- Жарайды енді, бір жағынан түсінікті, Астана – жаңа Қазақстанның жаңа астанасы, символ сияқты. Бірақ, екінші жағынан, оны толық мойындағанның өзінде, бұл – понт (мақтангершілік) түріндегі символ.

Білімнен бастап, денсаулық сақтауға дейін, мәдениеттен бастап, халықты әлеуметтік қорғауға дейін толып жатқан әлеуметтік мәселелер әлі күнге шешілмей, өтпелі кезеңде тұрған елде, шынын айтқанда, алдымен Астанадан понт (мақтангершілік) желдей есіп жатыр. Толастар емес!

Нақты Ақорда, немесе оның айналасы туралы айтар болсақ, онда бір суретті немесе басқа затты миллиондаған долларға сатып алатын біздің «әйгілі» көркем сурет, ежелгі мәдениеттің тарихи құндылықтарын немесе жәдігерлік аутокөліктерді жинаушыларды еске алайық.

Бұл біздің элитаның понты болмаса, онда не ол? Олардың жан-дүниесінде күтпеген жерден, аяқасты «Сотбис» дәрежесіндегі құндылық коллекционерінің рухы оянып кетті деп ойламаймын.

«…АБАЙДЫ, «ШЕБЕР МЕН МАРГАРИТАНЫ» ЖАТҚА БІЛУМЕН МАҚТАНУ…»


Мақтангершілік деген масқарашылықты жою үшін «Мәдениет майданы» қоғамдық қорының жетекшісі Нұрлан Ерімбетов мақтанның (понттың) өзге түрлерін енгізу керек деп есептейді. Ол Азаттық радиосына қарапайым әрі ыңғайлы киіну, әлемдік әдебиеттің үздік шығармаларын жатқа оқумен көзге түсу тәрізді «элиталық мақтангершілікті» насихаттауды ұсынды:

- Және ең бастысы – понт (мақтангершілік) және оның не екені бізде өте аз жазылады. Сіздерде, Еуропада қалай екенін білмеймін. Бірақ, бір білетінім – «Беломор» арзан темекісін шегу, мәселен, 150 долларға Қытай сағатын сатып алу, қарапайым киіну, маусымдық арзандату уағында төмен бағаға сатып алу да понт болуы керек.

Яғни, бізде осындай «элиталық мақтангершілік» жоқ. Мәселен, «Шебер мен Маргарита» шығармасын жатқа оқу. Әңгіме барысында Абайдан не Гетеден өлең жолдарын ұтымды жерінде қосып қою. Міне, осындай мінез-құлық бізде неге екені белгісіз, насихатталмайды.

«...БҰЛ ШҰҒЫЛ САУЫҚТЫРУДЫҢ НӘТИЖЕСІ БОЛАДЫ...»

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис қазақстандық қоғам, әсіресе оның элитасы кемтарлық олқылықтан, түсінікті етіп айтқанда, қазіргі масқара мақтангершіліктен айығуы мүмкін дегенді де жоққа шығармайды. Бірақ, оның ойынша, бұл өзгеріс шұғыл ес жинау нәтижесінде, мақтангершілікке ақша қалмағанда болу мүмкін.

- Бұл рухани-дүниетанымдық алға жылжушылықтың немесе морт кетудің нәтижесі болады деп ойламаймын. Мен бұған онша сенбеймін. Меніңше бұл кенеттен ақылға келудің нәтижесі болады, понтқа ақшаның қалмауынан болады. Қазір күн көрудің өзі оңай болмай тұр.

Сол уақыт келсе, міне сонда барып, қоғам жайлап-жайлап мақтангершіліктен ажырап, өмірді дұрыс қабылдауға көше бастайды. Ненің жақсы, ненің жаман екенін түсініп, құндылықтардың парқын білуге оралады. Сол кезде мақтангершілікке салыну адамды ыңғайсыздыққа түсіретін болады.

Әйтпесе, оған ешкім қызықпайды, ол ыңғайсыз жағдайда қалуы мүмкін, өйткені өзгелер, көпшілік өзін жаман сезінеді. Сол кезде ол қоғамдағы өзінің әлеуметтік жауапкершілігі жайында, соның ішінде, ондаған мың долларлық «ролекс» сағатын тағып жүрудің ыңғайсыздығы туралы ойлана бастайды. Ол кезде 150 долларлық қытай сағатымен де мақтануға болатын болады.

Сол себепті, меніңше ол жағдайға келеміз әлі. Ол жағдай қоғамның қайта түлеуімен немесе дамуымен емес, шошытпалы сауықтыру нәтижесінде қалыптасады, - дейді Евгений Жовтис.
XS
SM
MD
LG