Accessibility links

Жолдауды жазбаша жариялаудың не себебі бар?


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Парламент депутаттары президент Назарбаевтың жолдауын жазбаша таратуын «заман ағымына сай болу» деп сипаттайды. Ал саясаттанушылар мұның басқа астарын іздейді.

Жыл сайын жолдауын телеарналар арқылы оқитын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаңтардың 30-ы күні жұрт алдына шығып, жолдауын бұл жолы жазбаша жариялайтынын айтты.

Ол жолдауы жайлы кешегі мәлімдемесінде «Қазақстанның нарықтық экономика қағидаларына негізделген мүлдем жаңа сипатты мемлекет құрғанын, «Қазақстан-2030» стратегиясын жүзеге асырып, Астананы салғанын, елдің енді үшінші жаңғыруға өтетінін» айтқан.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» аталатын жолдауының мәтіні бүгін Ақорда сайтында және ақпарат құралдарында жария болды.

«ЖОЛДАУ – ҮНДЕУДІҢ ЖАЛҒАСЫ»

Азаттық президент Назарбаевтың 2017 жылғы жолдауы туралы парламент депутаттары мен саясаттанушылардың пікірін сұрап көрді.

Парламент мәжілісі депутаты Сапар Ахметов әуелі президент Назарбаевтың өткен аптада мемлекеттік телеарналар арқылы үндеу жолдағанын сөз етті.

– Бес күн бұрын елбасы биліктің әртараптандырылуы туралы айтқан, осы жолдау – алғашқы үндеудің заңды жалғасы, – дейді ол.

Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман «халықпен жұмыстың әртүрлі нысандарын пайдаланған жөн» екенін айтады.

– Бір кездері елбасы тікелей эфир арқылы да сұрақтарға жауап беретін. Енді заманның ағымына қарай әртүрлі формаларды қолдануға болады, – дейді депутат.

ВИДЕО: Мәжіліс депутаттарының пікірі

«Жолдауды оқыған ыңғайлы»
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:33 0:00

Азаттыққа пікір білдірген мәжіліс депутаттары «жолдауды құр тыңдағаннан гөрі газеттен оқыған әлдеқайда тиімді» екені жайлы, оның жұртқа жету формасы туралы сөз етті.

«БИЛІККЕ КӨЗҚАРАС НАШАРЛАУЫ» ЖӘНЕ «ЕЛГЕ ЖАҚЫНДЫҚ»

Азаматтық қоғам өкілдері жолдаудың мазмұнын көп сөз етті. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) жетекшісі Жармахан Тұяқбай «президенттің бір аптаның ішінде екі мәрте теледидар арқылы саяси-әлеуметтік, экономикалық мәселелер бойынша шығып отырғаны бекер емес» деп біледі.

ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай. 19 қазан 2016 жыл.
ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай. 19 қазан 2016 жыл.

– Елдегі жағдай өте күрделеніп бара жатыр. Халықтың әлеуметтік жағдайының, билікке деген көзқарасының нашарлап бара жатқанының белгісі деп білемін. Ел алдына екі мәрте шығуының басты себебі осында, – дейді ол.

Жармахан Тұяқбай биылғы жолдауды «жылда айтылып жүрген әңгімелер, жаңаша ештеңесі жоқ» деп сипаттайды.

Ал саясаттанушы Әзімбай Ғали биылғы жолдаудың жаңалығы «президенттің жылдағыдай парламенттің алдында тұрып емес, газет арқылы жолдауы» екенін айтады.

– Мені таңдандандырған – саяси модерназицияның қадамдары. Супер биліктің бірқатар құзырын парламентке және үкіметке беріп отыр. Бұл – үлкен қадам. Енді жолдаудағы айтылған маңызды мәселе – мемлекеттік холдингтерді дұрыстап тексеріп, аудит жасау және білім саласы мен денсаулық саласындағы қаржының жұмсалғандығын тексеру, – дейді Әзімбай Ғали.

Cаясаттанушы Әзімбай Ғали. (Сурет оның Facebook парақшасынан алынды).
Cаясаттанушы Әзімбай Ғали. (Сурет оның Facebook парақшасынан алынды).

Тағы бір саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева президент Назарбаевтың жолдауды жылдағыдай ел алдында оқымауын «денсаулығына байланысты болар» деп жориды.

– Биылғы жолдау елде болып жатқан мәселелерге жақынырақ болды. Өйткені бұрынғы жолдаулар алдағы 10 жылға дейін жоспарлайтын. Яғни қиял-ғажайып секілді көрінетін. Бұл жолы қоғамға жақын секілді көрінді, – дейді Толғанай Үмбетәлиева.

Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен аптадағы үндеуі мен бүгінгі жолдауының арасында ешқандай байланыс жоғын айтады.

ВИДЕО: Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиеваның пікірі

Жазбаша жолдау және денсаулық
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:46 0:00

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» аталатын жолдауында «елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажет» екені сөз болған.

Жолдау авторы елдің үшінші жаңғыруға қадам басатынын, «Ұлт жоспары– 100 нақты қадам» базасында өтуі тиіс» бұл істің бес басымдылығы барын айтады. Бірінші басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы; екінші басымдық – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту; үшінші басымдық – макроэкономикалық тұрақтылық; төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту; бесінші басымдық – институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты. «Олар экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге лайықталған» дейді ел президенті.

XS
SM
MD
LG