Accessibility links

Өтер-өтпесі әлі белгісіз сайлаудың жеңімпазы да айтылды


«Қазақстан-2050» коалициясы мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді бірауыздан қолдайтынын мәлімдеді. Саясаткерлер сайлау өтсе кімнің жеңерін де біліп отыр.

Өздерін «Қазақстан-2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы» деп атайтын қауымдастық өкілдері Астанада жиын өткізіп, мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу ұсынысын талқылады.

Жиында ұсыныс иесі – Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков «бұл ұсыныс бір сәтте шықпағанын – тұрғындар жазған мыңдаған хаттарда, студенттер мен ардагер және сайлаушылармен жүздесуде жиі айтылған, терең талқыланып, жан-жақты қарастырылған ой» екенін айтты.

«ЖАҢА ТҰЛҒАЛАР КЕРЕК...»

«Қазақстан-2050» коалициясы құрамындағы саяси партия өкілдері мен үкіметтік емес ұйым жетекшілері кезектен тыс президент сайлауын өткізу «елдің қарқынды дамуына, қабылданған ұлттық жоспар мен «Нұрлы жол» стратегиялық бағдарламасының жүзеге асуына оң ықпалын тигізетінін» айтты.

– Қазақстанның болашақтағы басшысы жаңа буынның өкілі болу керек. Сол себепті осы сайлауда үміткерлер қатарына 40 жас шамасындағы жаңа адамдар, жаңа тұлғалар шығуы шарт. Мұрагер тізімінде жүрген әкімдер мен министрлер тығылып отырмай сайлауға түсіп, қанша пайыз дауыс жинағанына қарамастан шыңдалуы тиіс, – деді Қазақстан патриоттары партиясының төрағасы Ғани Қасымов.

Бұған дейінгі президенттік сайлауда екі мәрте үміткер болған Ғани Қасымов «сайлауға түсуден шаршағанын, алдағы болуы мүмкін кезектен тыс президенттік сайлауға қатыспайтынын» айтты.

"Қазақстан-2050" демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы кезектен тыс президенттік сайлау бастамасын талқылап отыр. Астана, 17 ақпан 2015 жыл.

"Қазақстан-2050" демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы кезектен тыс президенттік сайлау бастамасын талқылап отыр. Астана, 17 ақпан 2015 жыл.

Мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді қолдаған жиын өтер-өтпесі әлі белгісіз сайлауға қатысатын үміткерлер туралы да айтты. Саясаттанушы Нұрлан Ерімбетовтің сөзінше, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мерзімінен бұрын сайлау өткізу жайлы жарлық шығарып, мерзімін белгілесе, әр партия үміткер ретінде бір адамнан ұсынуы мүмкін.

– Бұл – саясат. Партиядан сайлауға өкіл шығу керек. Жекелеген танымал тұлғалардан сайлауға кімнің қатысатынын айта алмаймын. Егер Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі сайлауға қатысса, 90 пайыздан кем емес дауыс жинайды, – дейді Нұрлан Ерімбетов.

«...БІРАҚ НАЗАРБАЕВТЫ ҚОЛДАЙМЫЗ»

«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев сайлау мерзімі жарияланса, партиялық кеңес өткізіп, кімді кандидат ретінде ұсынатындарын өзара ақылдасатындарын мәлімдеді. Бірақ «Қазақстан бойынша Нұрсұлтан Назарбаев секілді ғаламдық деңгейде ойлайтын ғұлама саясаткер жоқ» екенін айтқан Азат Перуашев:

– Сайлау бола қалса, өзім Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беремін, – деп мәлімдеді.

«Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиевтің пікірінше, «басқа үміткердің есімі айтылса, онда алдымен партия ішінде съезд өткізіп ақылдасу керек болар еді».

«Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиев. Алматы, 12 қаңтар 2012 жыл.

«Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиев. Алматы, 12 қаңтар 2012 жыл.

– Басты үміткердің есімі белгілі болғандықтан, біз оны көптен білетіндіктен, бұрынғы сайлауларда оны партиямыз қолдағандықтан, халықтың қолдауын білгендіктен біздің партия Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайды, – деді Ғани Қалиев.

Бұл сарындағы сөздердің ақыры алда мерзімінен бұрын президент сайлауы өте қалса, ортақ кандидат ретінде қазіргі президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ұсыну жайлы идеяға ойысты.

– «Қазақстан-2050» коалициясы бірыңғай ортақ үміткер ретінде қазіргі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты ұсыну керек. «А» деген соң «Б»-ны да айту керек емес пе, – деді Қазақстан патриоттар партиясының жетекшісі Ғани Қасымов.

«Қазақстандықтар Назарбаевтың халықаралық деңгейдегі беделін толық түсіне алмай жүр» деген Ғани Қасымовтың пікірінше, «сайлау бола қалса халық бір ауыздан қазіргі президентті қолдайды».

Бірақ жиынды жүргізген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «бұл күн тәртібіндегі мәселе емес» деп мәлімдеп, Ғани Қасымовтың Нұрсұлтан Назарбаевты ортақ кандидат ретінде ұсыну бастамасын талқылаусыз қалдырды.

2015 жылы мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді бірауыздан қолдап отырған «Қазақстан-2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы 2009 жылы «Нұр Отан» партиясының бастамасымен құрылған. Коалиция құрамында 6 партия («Нұр Отан», «Ақ жол», Қазақстан коммунистік халық партиясы, «Бірлік», «Ауыл», Қазақстан патриоттары партиясы), 18 қоғамдық бірлестік, 500-ден аса үкіметтік емес ұйымдар бар.

Қазақстан халқы ассамблеясы биыл 14 ақпанда ұсынған мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы бастаманы бұған дейін биліктегі «Нұр Отан» партиясы, парламент мәжілісі депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен жоғары оқу орындары студенттері қолдайтындарын мәлімдеген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG