Accessibility links

Үйді «құжатсыз салған», ал митинг өткізуге құжат керек


Сарыарқа аудандық соты алдында тұрған жұмысшылар. Астана, 6 қараша 2015 жыл.

Сарыарқа аудандық соты алдында тұрған жұмысшылар. Астана, 6 қараша 2015 жыл.

Астаналық бір топ құрылысшы жалақыны төлемеуге қарсы наразылық білдіру үшін митинг өткізуге сот арқылы рұқсат алуға тырысып жүр. Бір қиындығы, олар жұмысты жазбаша келісім-шартсыз орындаған.

Бүгін Астана тұрғыны Қайрат Үсенов пен тағы 15 адам митинг өткізуге рұқсат бермеген әкімдіктің үстінен Астананың Сарыарқа аудандық сотына шағым берді. Сот оларға бес күннен кейін жауапті қайтаруға уәде еткен.

25 құрылысшының бригадирі Қайрат Үсеновтің айтуынша, қазан айында жиын өткізуге рұқсат сұраған кезде әкімдік «ресми рұқсат етілген орында студенттердің шарасы өтуі тиіс» деген уәжбен бас тартқан. Бірақ ол шара өтпегенін айтқан белсенділер «құрылысшылардың жиын өткізуіне ойдан шығарылған сылтаумен рұқсат бермей отыр» деп санайды.

– Енді мекеме біткенді аралап жүгіріп жүрміз, прокуратураға жүгініп едік, қайыр болмады. Не істесеңдер оны істеңдер дегендей, әкімдік пен Астана ішкі істер департаментіне де шағымымызды қарамай қойды. Еңбекпен тапқан ақшамызды ала алмай жүргенімізге үш ай болды, – дейді Қайрат Үсенов.

Тас қалаушы Ақжайық Смайылов жазда бригадалары Kz-stroy EXPO 2017 компаниясымен еңбек шартын жасаспай, ауызша келісіп, бес қабатты үйдің қабатын салғанын айтады.

– Жұмысын істеп жатырмыз, олар тапсырыс берген португалдық компаниядан ақшаны алғанымен, бізге төлемей отыр. Бір аптадан бері күтіп отырмыз, ал олар үш жарым миллионды алып, жұмысқа жалдаған краншыларға төлеген, ал бізбен шаруасы жоқ, ақшасыз қалдық. Біз артық ақша сұрап отырған жоқпыз, компания бізге қабатты салған еңбегіміз үшін үш миллион теңге қарыз. Бұл – үйлерін су басқан адамдар үшін төтенше жағдайлар министрлігі тапсырысымен салынған үй, – дейді Ақжайық Смайылов.

Сарыарқа аудандық сотына бара жатқан жұмысшылар. Астана, 6 қараша 2015 жыл.

Сарыарқа аудандық сотына бара жатқан жұмысшылар. Астана, 6 қараша 2015 жыл.

Тағы бір тас қалаушы Дәурен Исмаилов компания әр жұмысшыға шамамен 200 мың теңге қарыз екенін айтады. Олардың айтуынша, жұмысшылар жүгінген мемлекеттік органдардың бәрі әзірше «проблемаларыңды шешеміз» деген уәдеден аспаған.

– Біз – ресми тіркелмеген бригадамыз. «Қабатты бітірген бойда ақшаларыңды аласыңдар» деген сөзге сеніп, жұмыс істедік. Жұмысын бітірдік, ал ақшасын көрген жоқпыз. Прокуратура арқылы да ештеңе шеше алмай жүрміз. Бармаған мекемеміз қалмады, бірақ проблемамызды білсе де, билік ешқандай шара қолданбай отыр, – дейді Дәурен Исмаилов.

Құрылысшыларға көмектесіп жүргенін айтқан азаматтық белсенді Болатбек Біләлов жалақысын ала алмағандарға арналған дағдарыс орталығын ашатын кез жетті деп санайды. Оның айтуынша, жұмыс берушілерден ақшасын алуға тырысып жүрген мұндай құрылыс бригадалары Астанада көп.

– Жұмысшыларға оларды жиын өткізу құқығынан айырған әкімдіктің заңсыз шешіміне қатысты шағымдануға кеңес бердім. Бұл жерде адамдардың бір ғана құқығы бұзылмаған, оларға жалақы төлемеген, яғни еңбек ету құқығы да бұзылып отыр. Оның үстіне осы проблеманы жеткізуге тырысқан жігіттердің өз көзқарасын ашық білдіру құқығын, бейбіт жиын өткізу құқығын бұзған, – дейді Болатбек Біләлов.

«ОЛАРҒА КЕЛІСІМ-ШАРТ ЖАСАСУДЫ ҰСЫНҒАНМЫН»

Азаттықпен телефон арқылы сөйлескен Kz-stroy EXPO 2017 компаниясының директоры Қанат Серғазиннің пікірі өзгеше. Оның айтуынша, бұрынғы құрылысшылардың наразы көңіл-күйінің кесірінен компанияның өзі де шығынға батқан. Қанат Серғазиннің айтуынша, оның компаниясы – «мемлекеттен тапсырыс алған бір компанияның» қосалқы мердігері.

Ең басты қиындық – қосалқы мердігерлер мен бас мердігердің арасында жазбаша келісім жоқ.

– Ең басты қиындық – қосалқы мердігерлер мен бас мердігердің арасында жазбаша келісім жоқ. Оны неліктен бекітпедік дейсіз бе? Өйткені бәріміз бірге салған әлгі үйді бастарда бізге «төтенше жағдайлар министрлігі тапсырысымен салынады, бүкіл жобалау-смета құжаттары кейінірек әзір болады, жалақыны кешіктірмейміз» деген, оның үстіне мемлекеттің бақылауындағы нәрсе ғой деп ойладық. Бүкіл облыс басшылығы күнде келіп көріп жүрген соң сеніп, қосалқы мердігер компанияларда ақшаға қатысты проблема туындайды деп ойламадық. Ал бүкіл жобалау-смета құжаттарын алған кезде, яғни тамыздың аяғында жұмыстың бір бөлігін атқарып қойғанбыз. Ақша төлеу үшін атқарылған жұмыс актісін бас мердігерге беріп, ақша күтіп отырсақ, әлгі жұмысшылар митингіге шықты, – дейді Қанат Серғазин.

Ал кейін оның айтуынша, «әлеуметтік жағдай шиеленіскен» соң бас мердігер Kz-stroy EXPO 2017 компаниясымен жұмыс істегісі келмей, атқарылған жұмыстың ақшасын төлеуден бас тартқан.

– Біз бас мердігердің үстінен сотқа арыздандық. Бас мердігер жұмысшыларға ақшаның жартысын төлеп берді, бірақ олар әлгі ақшаны атқарылған жұмыстың ақысы емес, сыйақы, бонус деп санайды. Мемлекеттік органдармен бірге жиналып, жұмысшыларға «әлгі 50 пайызды атқарған жұмыстарың үшін алдыңдар» деп түсіндірдік, бірақ олар мұны мойындағысы келмейді, толық төлеуімді талап етеді, – дейді Қанат Серғазин.

Kz-stroy EXPO 2017 компаниясы директорының айтуынша, ол сот арқылы бас мердігерден ақша талап етіп жатқанын түсіндіріп, жұмысшылардың сот аяқталғанша күте тұруын да сұраған. Оның сөзінше, жұмысшылармен келісім-шартқа отырмағаны үшін және жалақыны уақытында төлемегені үшін еңбек инспекторы оның компаниясына айыппұл салған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG