Accessibility links

Назарбаевты референдум өткізуге көндіру үшін кезекті үндеу жасалды


Қазақстан президент Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Бастамашыл топ президент Назарбаевтың өкілетін ұзарту туралы референдум өткізуге келісім беруін сұрап президентке, Ата заңға өзгеріс енгізуді сұрап парламентке үндеу жолдады.


Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізуді көксейтін бастамашыл топ қаңтардың 12-і күні Астанада президент Назарбаев пен парламент депутаттарының атына қос үндеу жолдады.

ҚОС ҮНДЕУ

«Біздің бастамамыз қоғамда айрықша серпіліс туғызды және бес миллионнан астам қазақстандықтар, яғни сайлаушылардың 55 пайызы референдум
Бастамашыл топ мүшелері (солдан оңға): генерал Бақытжан Ертаев, топ жетекшісі Ерлан Сыдықов, сенатор Анатолий Башмаков. Астана, 12 қаңтар 2011 жыл.
өткізуді қолдап өз қолдарын қойды. Бұл Сіз жүргізіп отырған саяси бағыттың бүкілхалықтық қолдауға ие екенін барынша айқындылықпен дәлелдейді. Қазақстанның миллиондаған тұрғындары атынан бастамашыл топ Сізге, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, үндеу жасап, референдум өткізуге келісім беруіңізді сұрайды», – делінген президенттің атына жолданған үндеуде.

Ал парламент депутаттарына арналған үндеуде: «Референдум идеясына қолдау көрсеткен бес миллионнан астам қазақстандықтардың атынан Сіздерден Парламент палаталарының бірлескен отырысының қарауына «Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік өкілеттігін республикалық референдумда 2020 жылға дейін ұзарту мүмкіндігін көздейтін Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгеріс енгізу туралы мәселені шығаруларыңызды сұраймыз», – делінген.


СЫДЫҚОВТЫҢ БАСЫН АЙНАЛДЫРҒАН САН

Бастамашыл топ референдум өткізуді қолдаған бес миллионнан артық адамның қолын жинап, қаңтардың 11-і күні Орталыққ сайлау комиссиясына тапсырғаны туралы Азаттық радиосы хабарлаған.

– Енді оны Орталық сайлау комиссиясы үш күндей қарайды. Соның ішінде қайсысы жарамды, қайсысы жарамсыз екенін сол кезде өздері айтады. Біз бастамашыл топ жарамсыз қолдардың болмауына әбден күш салдық, бірақ болып қалуы мүмкін. Енді, оны өте көп деп айта алмаймын өйткені біз бұл мәселеге өте ұқыптылықпен қарадық, – деді сәрсенбі күні бастамашыл топтың жетекшісі Ерлан Сыдықов.



Ерлан Сыдықов жиналған қолдың нақты санын айта алмады.

– Нақты санын білмеймін, басым айналып кетті. Бес миллионнан асқан соң қалған ұсақ сандары маңызды емес, – деді Ерлан Сыдықов журналистердің сауалына.


ІШКІ МӘСЕЛЕ

Сәрсенбі күні Астанада өткен баспасөз мәслихатына қатысқан парламент мәжілісінің депутаты Розақұл Халмурадов референдумге қатысты осыған дейін АҚШ елшілігінің жасаған мәлімдемесімен келіспейтінін айтты.

«Референдум өткізу – Қазақстанның ішкі мәселесі болғандықтан оған АҚШ елшілігі араласпауы керек» деген пікірін білдірді депутат Розақұл Халмурадов.

Қаңтардың 14-і күні Қазақстан парламенті қос палатасының бірлескен отырысы өтеді.

Оның күн тәртібінде Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілетін 2020 жылдың соңына дейін ұзарту туралы мәселе қаралатыны туралы қаңтардың 12-күні журналистерге сенат депутаты Анатолий Башмаков мәлімдеді.

«Күн тәртібі анықталды. Қазақстан Конституциясының 91-ші бабына сәйкес, екі палатаның депутаттары бірлескен отырыста қарап, президенттің ветосын еңсере алады», – деді сенатор Башмаков.

Өткен аптада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің өкілетін 2020 жылға шейін ұзарту жөнінде Конституцияға өзгерістер енгізуге қатысты республикалық референдум өткізу туралы ел парламентінің ұсынысын қабылдамай тастаған.

Қазақстандағы АҚШ елшілігі жұма күні таратқан мәлімдемесінде Назарбаевтың бұл шешіміне қолдау білдірген еді.

«Қазір талқыланып жатқан «референдум туралы мәселеге» қатысты ерекше немесе жеке бас мүддесі бар адамдар Қазақстан Республикасының Конституциясын бұзатын, одан да маңыздысы Нұрсұлтан Әбішұлының тарихи еңбегін жоққа шығаратын асығыс шешім қабылдамаса екен дегенді айтамыз», – делінген қаңтардың 7-сі күні АҚШ елшілігі таратқан құжатта.

Сонымен бірге АҚШ елшілігі «Қазақстан парламенті 80 пайыз дауыс жинаса, президент Назарбаевтың ветосы еленбеуі мүмкін» деген қаупін де білдіріп, референдум өткізудің халықаралық маңызды салдары болуы ықтимал екенін еске салды.

Былтыр маусым айында президент Нұрсұлтан Назарбаев өзіне «Елбасы» мәртебесін беру туралы заң жобасын қабылдаған парламент депутаттарының бастамасына рақмет айтып, оған қол қоюдан бас тартқан. Бірақ президент ол заң жобасына вето қоймаған соң, арада аз уақыт өткенде, Қазақстан заңнамасына сәйкес сол заң күшіне енген.

Қазақстанды 20 жылдан астам уақыттан бері басқарып отырған 70 жастағы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілетін ұзарту жөнінде республикалық референдум өткізу жаңалық емес. Бұған дейін, 1995 жылы сәуір айында өткізілген жалпыхалықтық референдум нәтижесі бойынша Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеті 2000 жылға дейін ұзартылған болатын.

Ал, 2005 жылғы президенттік сайлауда 90 пайыздан артық дауыспен жеңіске жеткен Назарбаев тағы жеті жыл ел басқару құқығына ие болған еді.

Қазақстан президентінің кезекті сайлауы 2012 жылы өтуі тиіс.
XS
SM
MD
LG