Accessibility links

Астанада діндер құрылтайы өтіп жатыр


Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бесінші құрылтайына келушілер. Астана, 10 маусым 2015 жыл.

Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бесінші құрылтайына келушілер. Астана, 10 маусым 2015 жыл.

Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бесінші құрылтайында "интернетті діни алауыздықты қоздыруға пайдаланбау" жайлы да айтылды

Астанадағы бейбітшілік және келісім сарайында өтіп жатқан, "Діни жетекшілер мен саясаткерлердің бейбітшілік пен даму жөніндегі диалогы" тақырыбына арналған құрылтайда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун сөз сөйледі.

БҰҰ бас хатшысы дінді жамылып жасалған қылмыс іс жүзінде "жалпы діндерге қарсы жасалған қылмыс деп саналатынын" мәлімдеді.

"Діни жетекшілер өз дінін ұстанушылар Құдайдың атын жамылып қандай да бір қылмыс жасаса, оған қатысты мәлімдеме жасауға міндетті" деді Пан Ги Мун.

Ал президент Назарбаев соңғы құрылтай өткен үш жылдан бері әлемде "адамдар арасында діни өзгешелік негізінде алауыздық тудырудың шектен шыққан жаңа әрекеттері пайда болғанын" айтты. 21-ғасырда саяси, экономикалық, мәдени және рухани саладағы диалогқа "балама ешнәрсе жоқ" деген Назарбаев қарсыласушы тараптардың келіссөз үстеліне отырып, барлық қайшылықты бейбіт жолмен шешуге келісім жасауы қажетін айтты.

"Ақпарат құралдарын, оның ішінде интернетті адамдар арасында дінаралық алауыздықты тұтату құралы ретінде пайдалануды тоқтату керек" деді Назарбаев.

Ирак пен Сирияның біраз жерін басып алған "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы содырларының интернетке өзге дін өкілдерін қырып жатқаны туралы кадрларды салып, тарататыны жайлы сөз қозғаған Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік барлық діндердің "сабырлылыққа, соғыс пен қақтығысты тоқтатып, адамдар арасындағы келіссөзге шақыратынын" айтты.

Жиында орыс православие шіркеуінің басшысы, Мәскеу және бүкіл Русь патриархы Кириллдің құрылтайға қатысушыларға арнаған жолдауын Минск мен Заславский митрополиті Павел оқып берді. ​

Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бесінші құрылтайына ЕҚЫҰ мен ЮНЕСКО басшылары, ​Иордания королі, Финляндия президенті сияқты саясаткерлер де қатысып отыр.​

Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің құрылтайы алғаш 2003 жылы Астанада өткізілген. Содан бері құрылтай әр үш жылда бір рет өтіп тұрады. Билік бұл шара кезінде "Қазақстанда орнаған діни және ұлтаралық татулықты" жиі көрсетіп қалуға тырысады.

Бірақ, халықаралық құқық қорғау ұйымдары дерегінше, діндер құрылтайын өткізетін бұл елде 2011 жылы қабылданған дін туралы заң көптеген азаматтарды қудалауға себеп болған. Мәселен, Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы биылғы баяндамасында Қазақстан билігі бірнеше адамды «көзқарастары үшін мәжбүрлі түрде психиатриялық емделуден өткізгенін» жазған.

Қазақстан билігі 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылдап, көптеген діни бірлестіктерді қайта тіркеуден өткізген. Жаңа діни саясат аясында «Қазақстандағы негізгі екі дәстүрлі дінге» – исламның Әбу Ханифа мазхабы мен христиандықтың православиелік бағытына кірмейтін ондаған діни ұйым қайта тіркеуден өтпей қалған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG