Accessibility links

Астанадағы наразы әйелдерге шұғылхат жетпепті


Жер учаскелерінің тәркіленуіне қарсы аштық жариялаған астаналық әйелдер. 6 тамыз 2014 жыл

Жер учаскелерінің тәркіленуіне қарсы аштық жариялаған астаналық әйелдер. 6 тамыз 2014 жыл

Астанада жерлерін алуға қарсы акция өткізіп жатқан әйелдерге Алматы мен Қарағанды белсенділері он шақты қолдау телеграммасын жіберген. Бірақ олар әйелдерге жетпеген.

Алматыда тұратын азаматтық белсенді Бақытжан Төреғожина Facebook желісіндегі парақшасында «166 акциясы» туралы хабарлама жариялады. Ол жерлерін алуға қарсы аштық жариялаған бес әйелді қолдау үшін 116 нөмірі арқылы телеграмма жолдауды ұсынған.

Бақытжан Төреғожинаның хабарламасында «Олардың арасында аяғы ауыр Сандуғаш Серікбаева да бар. Біз оны іштегі баласына қауіп төндірді деп сөге алмаймыз. Ол бұл қадамға шарасыздықтан әрі әкім Иманғали Тасмағамбетов астаналықтардың проблемасын шешпеген соң барды. Қалалық телефон арқылы 166 нөміріне қоңырау соғып, ер жүрек қазақ әйелдеріне қолдау телеграммасын жолдаңыздар! Мекенжайы: Астана қ., «Урожай» бау-бақша серіктестігі, 5 көше, 226 үй, Сандуғаш Серікбаеваға. Олар біздің қолдауымызға зәру! Әйелдер мен балаларға қарсы озбырлық пен олардың құқығын бұзуға қарсы жұрт болып жұмылуға тиіспіз! Қазақтелеком 166 телеграммасын таңғы сағат 8-ден кешкі 20.00-ге дейін барлық қалалардан қабылдайды» деп жазылған.

Астаналық Алтын Червалиеваның үйін күреуге қарсы жұрт. 15 тамыз 2014 жыл

Астаналық Алтын Червалиеваның үйін күреуге қарсы жұрт. 15 тамыз 2014 жыл

Бұл үндеуге ондаған адам қосылып, олардың кейбірі желідегі хабарламаға акцияны қолдағанын жазған.

Galim Akulbekov: жолдадым.

Жанна Бота: «Әділет жолында сіздермен біргеміз. Өздеріңізді күтіңіздер» деген сөздер жазып телеграмма жолдадым.

Асқар Сейітов: Телеграмманы жолдадым. Оператор қыз өзі де аштық жариялаған әйелдер үшін уайымдай бастаған. Көп адамнан қоңырау түскенін айтты.

Бірақ келесі күні әйелдердің телеграмманы алмағаны белгілі болды. Аштық жариялаған әйелдердің бірі Сандуғаш Серікбаеваның айтуынша, олар тұратын ауданға пошта қызмет көрсетпейді, сондықтан келген хат-хабарды өздері барып алуы тиіс.

"Телеграммаларды әлі көрмесек те, бізді қолдап жатқандарға рақмет" деді ол Азаттық тілшісіне.

Бесінші баласына аяғы ауыр Сандуғаш Серікбаеваның айтуынша, аштық жариялағандарына 15 күн болған әйелдер әлсірей бастаған, әрең жүріп-тұрады, бірер минут отырғаны болмаса, көбіне жатады. Ара-тұра әйелдердің халін бақылап тұратын жедел жәрдем де кешеден бері келмей қойған.

Сандуғаш Серікбаева

Сандуғаш Серікбаева

"Біреуінің жағдайы нашарласа, өздері шақырар деп ойлайтын шығар" дейді Сандуғаш Серікбаева.

Direct Delivery курьер қызметінің өкілі Татьяна Пушкареваның Азаттық тілшісіне айтуынша, тамыздың 20-сы күні олар аштық акциясы өтіп жатқан үйді іздеп, таба алмаған. Ол «аштық жариялаған Сандуғаш Серікбаеваның атына Алматы мен Қарағандыдан 8-9 телеграмма түсті» дейді.

"Бір курьерді жіберіп едім, таппай келді. Қазір екіншісі кетті. Әзірше таппадық, ертең тағы іздейміз" дейді Татьяна Пушкарева.

Астаналық бес әйел бұрын саяжай болған жердегі үйлерін сүру мен жерлерін алуға қарсы тамыздың 6-сы күні аштық жариялаған еді. Олар бес миллион теңге көлемінде белгіленген өтемақыны алудан бас тартады. Наразы әйелдер Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке қабылдауына кіргізуді талап етеді. Олар «жерімізді заңсыз алуды президент ғана тоқтата алады» деп ойлайды.

Қала әкімдігі мен бас прокуратура бұған дейін жер учаскелерін қайтарып алу заңға сәйкес жүзеге асып жатқанын мәлімдеген болатын.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG