Accessibility links

Зейнеткер өзін жалаңаш ұстаған полицейлерді жазалатқысы келеді


Зейнеткер Сансызбай Мұқанов. Астана, 13 наурыз 2017 жыл.
Зейнеткер Сансызбай Мұқанов. Астана, 13 наурыз 2017 жыл.

Астананың 65 жастағы тұрғыны Сансызбай Мұқанов «жер митингілері» жоспарланған мамырдың 21-і күні оны бөлімшеге жалаңаш күйінде алып кетіп қорлағаны, ол жерде түсіндірместен алты сағат бойы ұстағаны үшін полицейлерді бір жылдан бері жауапқа тарттыруға тырысып жүр.

ЖАЛАҢАШ, ЖАЛАҢАЯҚ КҮЙДЕ

Полицейлер Сансызбай Мұқановтың пәтеріне былтыр мамырдың 21-і күні таңғы сағат алтыдан кейін келген. Ол пәтеріндегі шудан - әйелі әлдебір ер адамдармен сөйлесіп жатқанын естіп, оянғанын айтады.

Зейнеткер шағымы
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:05 0:00
Жүктеп алу

Мені көшеге алып шығып, көлікті ашып, кір-кір орындыққа отырғызды. Басқышпен жалаңаяқ түстім, үстімде лыпа да жоқ, қолымда сағатым ғана болды.

- Әлгі жігіттердің бөтен адамдар екенінін түсініп, киінбестен орнымнан атып тұрдым. Әйелім оларға «Есікті жабыңдар, есікті жабыңдар» деп жатыр екен. Неменеге сыпайылық танытып тұр деп ойладым. Жандарына барып, есікті жаппақ болып едім, олар мен алаңға сүйреп шығарып, қолтықтап, бірден алып кетті. «Тым болмаса, іш киімімді киюге мұрсат беріңдер» деп,олармен әрине ерегесіп қалдым. Олар «Сол жақтан киім тауып береміз» деді. Оларға мүлде қарсыласуға болмайтынын білемін. Мені көшеге алып шығып, көлікті ашып, кір-кір орындыққа отырғызды. Басқышпен жалаңаяқ түстім, үстімде лыпа да жоқ, қолымда сағатым ғана болды. Моншаға түскеннен кейін жалаңаш ұйықтағанды жақсы көремін. Өз үйімде емеспін бе? – дейді зейнеткер Сансызбай Мұқанов.

Сол күні Қазақстанда «жер мәселесіне қатысты» (үкімет ұсынып, кейінірек мораторий жарияланған жер реформасына қарсы) жалпыұлттық наразылық акциялары өтеді деп жоспарланған. Оның қарсаңында Сансызбай Мұқанов Астанадағы азаматтық белсенділердің жиналысына қатысып, «Жерімізді сатпаймыз, тілімізді сақтаймыз» ұранымен митинг өткізуге өтініш беру идеясын қолдаған.

Бірақ ол күні оның өзге жоспарлары болған. Сансызбай Мұқановтың сөзінше, полицейлер оның намысын таптап, қорлап қана қоймай, брейк биінен болатын таңғы жаттығуы мен қала шетіндегі демалыс орнында өтетін әрі ақшасы алдын ала төленген әпкесінің туған күн тойынан да қалдырған.

Полиция бөлімшесіне апарғаннан кейін жалаңаш шалды көру үшін шыққан қызметкер әйелден қатты ұялып, жағдайым нашарлап кетті. Таблетка болмаса да су ішу керек екенін білетінмін. Су сұрап едім, капитан өтінішімді орындаудан сыпайы түрде бас тартты , - дейді Сансызбай Мұқанов.

ВИНТОВКА АСЫНҒАН САРБАЗДАР

Оның сөзінше, оны және «екі жас қызды» үш сағат бойы жеті сарбаз (олардың біреуі оптикалық көздеуіші бар винтовка асынған) қадағалап тұрған. Ол «үшеуіміз әлгі қарудың не үшін қажет екенін түсінбей дал болдық» дейді. Оны №17 пунктте тағы үш сағат ұстаған және ұсталғандарды тіркеу кітабына полиция капитанының айтуымен «көшеде ұсталды» деп жазған. Ешкім кешірім сұрамаған. Екі күннен кейін Сансызбай Мұқанов өзін ұстап әкеткен полицейлерді қызмет өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін жауапқа тартуды сұрап полицияға арыз жазған.

Оның ісі бойынша сотқа дейінгі тексеру амалдары екі рет басталған, бірақ кейін қылмыс құрамы жоқ деген уәжбен тоқтатылған. Бірақ зейнеткерді пәтерінен ұстап әкетіп, полицияға жалаңаш, жалаңаяқ күйінде апарғанын, ол жерде түсіндірместен алты сағат бойы ұстағанын ешкім жоққа шығармаған.

- Мені ұстап әкелуге тапсырма берген майор Жақиннің сөзінше, «конституциялық құқықтарым бұзылмаған». Полицейлердің тергеу кезінде берген жауаптарында қисынсыз, ебедейсіз айтылған өтіріктер кездеседі. Тергеушіге олардың алты өтірігін көрсетіп жазып бердім. Ешқандай реакция болған жоқ, - дейді Сансызбай Мұқанов.

Оны ұстап әкеткен полицейлер оқиғаға қатысты болжамдарында кей жайттарды түрліше баяндайды.

«ТӘЛТІРЕКТЕП ҚҰЛАП ҚАЛДЫ»

Қылмыстық істі тоқтату туралы былтыр шілденің 27-сі күні шыққан қаулыда жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Ғосман Жақиннен белсенділердің мекенжайын алған полицейлер оларды «оқшаулап», Астананың ішкі істер департаментіне (ІІД) жеткізуі тиіс болған. Бұл оқиғалар «жер митингілері» жоспарына байланысты Астана полициясы қызметін күшейткен былтыр мамырдың 21-інде болған.

... тепе-теңдік ұстай алмай, баспалдақ алаңына өзі құлап түскен.

Арғынов деген учаскелік полицейдің көрсетуінше, ол Мұқановтың пәтеріне жанына стажерді ертіп барған, есікті ұсталған зейнеткердің әйелі ашқан. Ол дауыс көтеріп, екеуін пәтерінен қуып шығуға әрекеттенген, ал кейін жалаңаш ер адам жүгіріп шығып, оларды итере бастаған, «тепе-теңдік ұстай алмай, баспалдақ алаңына өзі құлап түскен».

- «Арғынов мырзадан вестибулярлық аппараты мықты, қолдарымен жүре алатын адам қалай құлап қалады - ішімен әлде арқасымен құлады ма?» деп сұрайын деп едім, - дейді Сансызбай Мұқанов.

Полицейлер оны қолтықтап апарып көлікке отырғызып, Астана ІІД басқармасына апардық, «10 минуттан кейін киім бердік» деп мәлімдейді.

«ҮСТІНДЕ ТІПТІ КҮРТЕ БОЛДЫ»

Полиция стажері Айбат Шуақтың көрсетуінше, 2016 жылғы мамырдың 21-і күні ол митинг өткізуді жоспарлаған белсенділерді басшылардың тапсырмасы бойынша өзге полицейлермен бірге ІІД-не апарып, олармен профилактикалық әңгіме өткізуі тиіс болған. Ол жанында болған әріптесінің жауаптарын бүтіндей растайды, бірақ кей жайттарды қосқан.

Қылмыстық істі тоқтату туралы былтырғы желтоқсанның 21-і күні шыққан қаулыда «Ол пәтердің төр жағында киініп алған, тіпті үстінде сырт киім – күртесі бар, бет-әлпеті азиялыққа келетін қарт ер адам тұрғанын көрген. Ол С. Мұқановтың кім келгенін көріп әрі оны сұрап жатқанын естігеннен кейін тез-тез шешіне бастағанын көрген, кейін ол мүлде жалаңаш күйінде, тіпті іш киімсіз алдарынан шығып, не шаруамен жүргендерін сұрай бастаған, агрессия танытып, оларды пәтерінің табалдырығынан итере бастаған» деп жазылған.

Жер митингісіне "қатысушыларды" ұстап жатқан сәт. Астана, 21 мамыр 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Жер митингісіне "қатысушыларды" ұстап жатқан сәт. Астана, 21 мамыр 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Полиция әрекетінен заң бұзушылықтар таппаған. Қылмыстық істі тоқтату туралы ұйғарымдарда зейнеткерге «үлкен зиян келтірілмеген әрі қоғамдық қауіпті зардаптарға жол берілмеді», сондықтан қылмыс құрамы жоқ деп жазылған.

Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Ғосман Жақинның сөзінше, 2016 жылы мамырдың 21- күні митингіге шығуы мүмкін белсенділер тізімінде Сансызбай Мұқановтың аты-жөні де болған. Әлгі тізім «жаппай тәртіпсіздіктерге», «конституциялық құрылысты күйретіп, қоғамдық қауіпсіздікті бұзуға» жол бермеу мақсатында ІІД, ҰҚК және прокуратура қызметкерлерінен құрылған штабта түзілген.

АР-НАМЫСТЫ ТАПТАУ ӘРЕКЕТІНЕН ҚОРҒАНУ ҚҰҚЫҒЫ

Зейнеткердің адвокаты Әсел Тоқаеваның Азаттыққа айтуынша, Сарыарқа аудандық ішкі істер басқармасы қызметкерлері әрекетінен Сансызбай Мұқановтың жеке еркіндігі мен ар-намысын таптайтын әрекеттен қорғану құқығын бұзатын қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану белгілері байқалады әрі оның денсаулығына зиян келген.

Әсел Тоқаева психологтың Сансызбай Мұқанов психологиялық тұрғыдан жапа шегіп, денсаулығы сыр беріп, күйзеліске түскен деген ұйғарымына сілтеме жасайды.

«Тым құрыса, іш киімімді киюге мұрсат беріңдер» деп өтінгеніне қарамастан, жалаңаш адамды, зейнеткерді киінуге мұрша берместен әлдебір қылмыскер сияқты алып шыққан.

- «Тым құрыса, іш киімімді киюге мұрсат беріңдер» деп өтінгеніне қарамастан, жалаңаш адамды, зейнеткерді киінуге мұрша берместен әлдебір қылмыскер сияқты алып шыққан. Оған әлгі мүмкіндікті бермеген. Кейін оның денсаулығы сыр берген. Микроинсульт алған, дәрігерлер оған брейк биімен айналысуға тыйым салған, - дейі Әсел Тоқаева.

Ол Сансызбай Мұқановты өмірлік позициясы белсенді адам ретінде сипаттайды. Ол төрт жылдан бері брейк-данс билейді. Жаттығуға 10 жастағы немересімен бірге барады. Жуырда ол қазақ тілін нашар білетін адамдарға арналған «Нақ, нақ, тақ, тақ» деген кітап шығарған, оның материалын 10 жыл бойы жинаған. Қазір Сансызбай Мұқанов ағылшын тілін үйреніп жүр, оны бір жылда меңгеруді жоспарлайды.

Адвокат «қылмыстық-процессуалдық кодекс талабына қарамастан,полицейлер Сансызбай Мұқановты ұстау туралы құжат толтырмаған. Әлгі құжатта оны полицияға апару себебі көрсетілуі тиіс болған» дейді.

Сансызбай Мұқанов пен оның адвокаты бас прокурордың қабылдауына жазылуға тырысып жүр. Бірақ Әсел Тоқаеваның айтуынша, бұл әрекеттен ештеңе шықпаған. Егер Қазақстанда сот төрелігіне жетудің бүкіл мүмкіндігі сарқылса, адвокат БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетіне жүгінуді жоспарлайды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG