Accessibility links

Мектеп жәрмеңкесі дүкеннен қымбат болды


Мектеп жәрмеңкесі. Астана, 23 тамыз 2014 жыл.

Мектеп жәрмеңкесі. Астана, 23 тамыз 2014 жыл.

40 градус ыстықта Астана әкімдігі алдындағы алаңда мектеп жәрмеңкесі өтті. Бірақ «арзан бағамен сатылады» делінген заттардың бағасы дүкендегіден қымбат болды.

Астана әкімдігі алдындағы алаңға әр жәрмеңке сайын қойылатын ақ шатырларда сатылатын заттар ғана өзгеріп тұрады. Бұл жолғы жәрмеңкеде кеңсе тауарлары мен оқушыларға арналған киім-кешектер сатылды. Шатырлардың көбінде «Дәптер – 8 теңге» деген хабарландыру ілініп тұр. Ал басқа заттардың бағасы көрсетілмеген. Өзге тауардың бағасын сатушыдан сұрап білуге тура келді. Ал олар сатып алушылар қарасы көп болмағанымен, жұрттың сұрағына ықылассыз жауап беріп жатты.

Аларман әйелдің бірінің сұрағына сатушы: «Күнделік 250 теңгеден» деп жауап берді. Дүкенде мектеп күнделігін 200-240 теңгеге сатып алуға болатынын айтып ренжіген әйелдің сөзіне ол жауап қайтармады.

Сатып алушы 8 теңгеден 40 дәптер алғысы келетін айтып еді, сөренің ар жағындағы сатушы: «Басқа ештеңе алмасаңыз, сізге дәптер сатпаймыз» деп дәптер сатудан бас тартты.

Қалаған затыңды алу үшін қосымша тауар сатып алуды ұсынған мұндай жағдай келесі сөреде де қайталанды.

Мектеп жәрмеңкесі. Астана, 23 тамыз 2014 жыл.

Мектеп жәрмеңкесі. Астана, 23 тамыз 2014 жыл.

«Жалпы, біз бұл дәптерлерді 15 теңгеден сатамыз» деді сатушы. Аларман әйел мұның себебін сұрап, «Хан шатыр» сауда орталығындағы бөлімдердің бірінен 12 парақтық мұндай дәптерлерді жеңілдетілген бағамен 11 теңгеден сатып алуға болатынын айтып жатты.

Азаттық тілшісіне өзін Толқын Тәжібай деп таныстырған келіншек жәрмеңкедегі сауданың «ерекшелігіне» таң қалып тұрды.

– Ұлыма мектепке киетін туфли сатып алу үшін келіп едім. Тауар түрлері жұтаң әрі туфли де жоқ. 18 мың теңге тұратын біреуін ғана көрдім. Былғарыдан тігілген Италия етігі. Оны мұнда біреу-міреу сатып алады деп ойламаймын. Ұсақ-түйек заттар сатып алайын деп едім, Қытайда жасалған кәдімгі тауарлардың бағасы сауда орталықтарымен бірдей екен, – дейді Толқын Тәжібай.

Мектеп жәрмеңкесі. Астана, 23 тамыз 2014 жыл.

Мектеп жәрмеңкесі. Астана, 23 тамыз 2014 жыл.

Түстен кейін сауда шатырларының көбінің алды бос қалды. Сатушылардың ешқайсысы «жеңілдік жасаймыз» демеді. Мектепке киетін көйлектің бағасы 2 мың 500 теңгеден, шалбардың бағасы 3 мың 500 теңгеден жоғары. Бірақ көбі – көк немесе қою қызыл түсті, әрі қыздарға арналған үлгілер.

Сатып алушылардың тағы бірі Азаттық тілшісіне «сабылып дүкен араламай, балаларыма керек заттың бәрін осы жерден сатып алдым» деп, жәрмеңкеге риза екенін айтты.

Мектеп жәрмеңкелері қыркүйектің 1-інде аталып өтетін білім күні қарсаңында жыл сайын өткізіледі. Биыл Астанада жәрмеңке тамыздың 16-сы мен 23-інде өтті. Астана әкімдігі ақпараты бойынша, биылғы жәрмеңкеге Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларының кәсіпкерлері қатысып, өз өнімдерін халыққа тиімді бағамен – 10-50 пайыз жеңілдікпен сатқан.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG